Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Президент саммитте сөз сөйлеп, Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығы жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтты.
Қырғызстан Ұйым мүшелерін жұмылдырып, біздің ұсыныстарымыздан «Тұрақты бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы бірлік» ұраны аясында мазмұнды күн тәртібін қалыптастырды. Бішкек саммитінің қорытындысы ортақ мақсаттарға бір табан жақындатып, Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты сақтайтын басты тіректердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ стратегиялық міндетке тоқталды. Оның пайымдауынша, күш көрсету культі мен конфронтация орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынтымақтастық салтанат құратын жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуға тиіс.
Халықаралық аренадағы мұндай ықпалдастықтың ең үлгілі моделі «Шанхай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қызметіндегі теңдік пен консенсус қағидаттары, шын мәнінде, көпжақты ынтымақтастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынамын, – деді Президент.


Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді.
1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.
Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің халықаралық құқықты қорғауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бас хатшының бастамасымен қолға алынған реформа БҰҰ-ның әмбебап сипатын сақтап, оны анағұрлым тиімді, нақты нәтижені көздейтін құрылымға айналдыруға тиіс. Ал өзгерістердің сәтті өрбуі саяси ерік-жігер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің жауапкершілігіне байланысты.
Бұдан бөлек, Президент орта державалардың рөлі артып келе жатқанына айрықша назар аударды.
Мұндай елдер түрлі орталықтар арасындағы диалогқа және ұжымдық шешімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олардың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды, – деді Президент.


Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық тұрақтылық жасанды интеллектіні дамыту аясындағы жауапкершілікке көбірек тәуелді.
Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қолданысына жол бермейтін және цифрлық алшақтықты қысқартатын әмбебап ережелер қажет. Қазақстанның бастамасымен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар су қауіпсіздігі әлемнің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды.
Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы себепті Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу. ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құру туралы ұсынысыма мүше мемлекеттер қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақмерзімді әрі табысты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты.
Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіпсіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шанхай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстан Ұйым аясындағы барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта конструктивті жұмыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
