Республика күні қарсаңында Астанада мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысының атынан отандық мәдениет, өнер, әдебиет және медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан 62 азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Салтанатты рәсімде министр марапат иелерін құттықтап, мәдениет пен өнердің қоғамның рухани тұтастығын бекемдеудегі маңызын айрықша атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнерді дамыту, тарихи мұраны сақтау және сапалы ақпарат кеңістігін қалыптастырудың маңызын ұдайы айтып келеді. Себебі, бұл – қоғамның рухани дамуы мен ел болашағына қызмет ететін ортақ міндеттер», – деді Арман Қырықбаев.
Марапатталғандар қатарында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және өзге де мәдениет пен өнер мекемелерінің өкілдері бар.
Сондай-ақ «Qazaqstan» телеарнасының, «Хабар» агенттігінің қызметкерлері және ардагерлері, «Balapan», «Abai TV», «Астана» телеарналарының, «Казахстанская правда» республикалық газетінің, ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Ұлттық музейінің өкілдері мемлекеттік наградаларға ие болды.
Рәсім соңында министр марапат иелерін Республика күнімен құттықтады. Арман Қырықбаев ұлттық мерекенің ел егемендігін айшықтап, халық бірлігін нығайтудағы маңызына тоқталды.
Сондай-ақ сала мамандарына көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, бақ-береке, шығармашылық шабыт пен кәсіби табыс тіледі.