Жаңалықтар

Премьер-лига төрешілері қыста бір-бірінен қарызға ақша сұрап жүреді – Әліби Мерғазы

Премьер-лига төрешілері қыста бір-бірінен қарызға ақша сұрап жүреді – Әліби Мерғазы
Фото: © El.kz 09.04.2024 15:05 9760

2010 жылы өзбекстандық төреші Равшан Ирматов әлем чемпионатына төреші ретінде тағайындалғанда, көршілерімізге қызыға қарағанымыз рас. Ирматов карьерасын Өзбекстан чемпионатының бірінші лигасы матчтарынан бастады. Ал 2003 жылы 25 жасында ФИФА төрешісі атанды. Сол жылы-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына тағайындалды. 2007 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде екі ойынға төрелік етті.

2008 жылдан 2011 жылға дейін Азияның үздік төрешісі атағын иеленді. 2013 жылы Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясының нұсқасы бойынша әлемнің үздік төрешілерінің қатарына енді.

2010 жылы Равшан Ирматов ОАР мен Мексика арасындағы әлем чемпионатының ашылу матчына тағайындалып, тағы төрт ойында қызмет атқарды.

Бұдан бөлек 2014 және 2018 жылдары өткен әлем біріншілігіне де төреші ретінде шақыртылды. Ирматов әлем чемпионатында төрелік еткен мамандар арасында рекордшы саналады. Оның еншісінде бас төреші ретінде тағайындалған 11 матч бар. Сонымен қатар Лондон олимпиадасындағы жұмысын қосыңыз.

Сонымен, мұның бәрін не үшін жазып отырмыз. Қазақстанда футбол маусымы басталды. Оның үстіне Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі ойынымыздан соң ел футболына назар аударатындар көбейді. Осы орайда футболшылар мен бапкерлерден бөлек төрешілер жайлы да мәселе көтеріле бастады. Елімізде әлгінде айтқан Ирматов секілді мықты төрешілер бар ма, бар болса, олар әлемдік додалардан қашан көреміз деген сауал туындайтыны рас. Ұлттық дәрежедегі төреші Әліби Мерғазының айтуынша, отандық футбол төрешілерінің деңгейі еуропалық әріптестерінен еш кем емес. Қазақстандықтардың ірі аламандарда төрелік етпеуінің себебі бөлек. Мерғазының сөзіне қарағанда, елімізде төрешілердің біліктілігі емес, жалақысы өте өзекті тақырып.  

– Әліби, жақында елімізде жаңа футбол маусымы басталды. Маусымға қандай баға берер едіңіз, көңілден шығып жатыр ма?

– Алғашқы турларда қателіктер жіберілгені рас. Себебі төреші болу оңай емес, адам болған соң қателіксіз болмайды. Кейбір матчтарда қателіктер трансляцияның нашарлығына байланысты. Мысалы, «Қызылжармен» ойында төрешінің голды есептемей қоюы нәтижеге әсер етті, сөйтіп ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Себебі VAR-ды тексерген маман видеоны анық көре алмаған, сапа нашар.

VAR-дың елімізге келуіне байланысты көп төреші соған сеніп қалады. Алғашқы жылы өте қиын болған, ал қазір VAR бар ғой, содан қарай салармын деген көзқарас байқалады. 2022 жылы VAR қосылды, өзім «Тұран» мен «Каспий» матчын жүргіздім. «Каспий» қорғаушысы Тарас Бондаренко жанымда жүгіріп жүр, офсайдты көргеніммен, ойынды тоқтата алмаймын, себебі эпизодты аяқтауымыз керек. Сонан соң ғана ойыннан тыс қалды деп белгі беремін. Бондаренко «Неге бірден тоқтатпайсың? 15-20 метр жүгіріп келемін, жарақат алып қалуым мүмкін ғой» деп ренжиді. «ФИФА хаттамасында солай жазылған, біз соған бағынуымыз керек» деп айтамын.

– Салыстырғанды жақсы көреміз ғой. Кезінде өзбекстандық Равшан Ирматов әлем чемпионатында төрелік еткенде, «бізден қашан сондай төрешілер шығады?» деп едік. Бізде сондай деңгейдегі төрешілер бар ма?

– Равшан Ирматов Азия федерациясынан алынды. Бір оқиғасын айтып берейін. Әлем чемпионатының финалына тағайындалғаны туралы оған матчтан төрт күн бұрын хабарланады, бірақ финалға бір түн қалғанда ФИФА-ның адамдары оны алып тастайды. «Өзіміздің еуропалықтар тұрғанда, қайдағы бір өзбек финалға төрелік ете ме» деп менменсіген көрінеді. Сол кезде Равшан ағамыз қатты ренжіген.

Дәл сол әңгіме Қазақстанға да қатысты айтылады. Біздің халықаралық төрешілер шетелде өтетін оқу-жаттығу жиындарына, біліктілік арттыру курстарына барып тұрады. Сонда шетелдік төрешілер «Қазақстанға барғымыз келмейді, тым алыс» деген сияқты әңгімелер айтады екен.

Негізі біздің жігіттер еуропалықтардан еш кем емес. Бұрын тіл жағынан мәселе болатын, ал қазір Болат Сариев, Саят Қарабаев секілді мамандар УЕФА-ның ойындарына шығып жүр. Данияр Сахи бар, биылдан бастап бұл қатарға Рустам Омаров қосылды.

– Яғни біздің Еуропа футболына өтуіміз төрешілеріміздің әлемдік матчтарға іріктелуін қиындатты ғой?

– Әрине. Еуропадан іріктелу қиын. Клубтарға да көп нәрсе байланысты. «Астана», «Қайрат» секілді клубтарымыз тұрақты түрде Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде ойнап жүрсе, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына, әлем біріншілігіне іріктелсе, міндетті түрде бір төрешілер бригадасы сол додаға қатыстырылады. Ресей әлемдік аламандарға іріктеліп еді, Сергей Карасев сол жарыстарға өз бригадасымен міндетті түрде барады.

Елдегі футбол деңгейіне байланысты болып тұр ғой, әйтпесе төрешілеріміздің іріктелмеуіне басқа себеп жоқ. Саят Қарабаев – Босния және Герцеговина ойнаған матчта VAR-мен жұмыс істеген алғашқы қазақстандық төреші.

Былтыр Шымкентте Конференция лигасы аясында «Ордабасы» Польшаның «Легия» клубын қабылдады. Бұл ойынға исландиялық төрешілер төрелік етіп, біраз қателік жібергенін көрдік. Офсайдтан гол соғылды, пенальти болған жоқ. Балалар олардан жоғары деңгей күтіп еді... бәлкім менсінбей келді ме, әлде УЕФА-да «Ордабасының» турнирден шығып кеткені дұрыс деген тәрізді әңгімелер айтылды ма екен.

– Төрешілер жалақысына тоқталсақ, оларда тұрақты айлық не сыйақы жоқ екені жиі айтылады. Бүгінде төрешілердің жалақысы қанша?

– Төреші дегенде адамдар ең алдымен премьер-лига жайлы ойлайды. Элита дейді, солай болуы да керек. Өкінішке қарай, біздегі жағдай бөлек. Төрешілер федерацияда ресми түрде жұмыс істемейді. Яғни сен жалдамалы қызметкерсің, ойынға төрелік етесің, соған сәйкес ақшаңды аласың. Премьер-лигада бас төрешіге 350 мың теңге тағайындалып, қолына соның 260 мыңы түседі. Көмекшілер 198 мыңнан таза 152 мың алады. Биыл «Ақсу» чемпионатқа қатыса алмайтын болды. Бұл төрешілерге зиянын тигізіп жатыр, себебі матч саны қысқарды. Бір айда әрі кеткенде екі ойынға төрелік ете алады, көбісі бір матчпен шектеліп жатады. Өзіңіз ойлаңыз, бұл айлық неге жетеді?!

Сол үшін төрешілер амалсыз Бірінші лигаға, кейде тіпті әуесқой лигаларда қызмет етуге мәжбүр. Өзім де талай рет әуесқой лигаларда жұмыс істедім. Шахтада жұмыс істейтін төрешілер болды, арасында сұранып Бірінші лигада төрелік етіп кетеді. Бірінші лиганың айлығын айтудың өзі ұят. Ойыннан шеттетілсең тіпті қиын. Онсыз да жеті ай жұмыс істеп, қалған бес айда жұмыссыз отырасың. Сондықтан жалақы мәселесін, келісімшартқа отыру жағын көтеру керек. VAR-ды үйрену керек деді, жұмысыңнан ақысыз негізде сұранып кетесің.

Бәріміз байланыстамыз ғой, қыстыгүні барлық төреші бір-біріне қарыз болып жүреді. Жұрт оған сенбейді, тіпті достарымнан қарызға ақша сұрағанда да «Премьер-лигада төрешісің ғой, сенде қалай ақша жоқ?» деп таңғалып жатады. Бәрі несиемен, бәрі ипотекамен жүр. Елімізде төрешілердің еңбегі ақталып, лайықты жалақы алатын жағдайға жетсек екен деймін. Футболшылармен алаңда бірдей жүгіреміз, олар секілді миллиондап алмасақ та, адал еңбегіміздің өтемақысы берілуі керек деп ойлаймын. Төреші – кәсіби маман, ол қосымша жұмыс істемеуі керек. Жұмыс, жаттығу және дұрыс тамақтану – міне, осыларға ғана басы қатуы керек. Ал біздегі төрешілер нәпақа табу үшін жан-жақта жұмыс істейді. Бұл менің ғана емес, отандық төрешілердің жанайқайы.

– Төрешілікке негізінен карьерасын ерте аяқтаған футболшылар бара ма?

– Қазір жас төрешілер мектебі бар. Көбісі келеді, бірақ жүгіре алмайды. Себебі ФИФА тарапынан бірнеше тест бар, солардың талаптарын орындаған адам ғана іріктеледі. Біздің ардегерлердің басым бөлігі кезінде кәсіби футболшы болған. Ал қазіргі жастарда футболшы ретінде тәжірибе көп емес, өзім де тек екінші лигада өнер көрсеткенмін. Кезінде Руслан Дузмамбетов Қазақстандағы 100-голды соққанда, Игорь Хисамутдинов есептемей қойған екен. Қазір оқу-жаттығу жиындарында Руслан Игорьге «менің голымды есептемегенсің» деп әзілдейді.

Төрешілер өз міндетінен бөлек футболшылармен сөйлесуді де меңгеруі керек. Болат Сариев көңілі толмай жүретін футболшыларға арнайы дайындалатын. Кезінде Елдос Ахметов сондай еді. Өмірде жақсы жігіт, бірақ алаңда мазаны алады.

Александр Затуло деген төреші бар, ойынды керемет оқиды. Футболшылардың қайда жүгіретінін, кімге пас беретінін біліп тұрады. Данияр Сахи мен Рустам Омаров өте жылдам төрешілер. Жалпы, әр төрешінің өз ерекшелігі бар ғой.

– Қазақстан премьер-лигасында легионерлерге шектеу алынып тасталды. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Қазіргі ойындарға қарасақ, алаңға тек легионерлер шығады, жастардың көбісі Бірінші лигада жүр. Федерация мұны бәсекелестікті арттыру деп түсіндіреді. Бірақ жергілікті ойыншылар негізгі құрамға ілікпейді, іліккендері – Асхат Тағыберген секілді «қасқырлар».

Легионер болуы керек, бірақ мынадай көп емес, бәрібір лимит қажет деп ойлаймын.

– Төреші ретінде талай қызықты да көрген шығарсыз. Себебі бізде қауіпсіздік мәселесі жолға қойылмаған, стадиондардың жағдайы күрделі... Есіңізде ерекше қалған матч туралы айтып берсеңіз.

– Бұрын «Мақтаарал» Бірінші лигада ойнайтын, сондықтан Атакентке бару керек. Осы матчқа тағайындалғанда, барғым келмейтін. Шымкентке жеткеннен кейін тағы үш сағат жүресің, оның үстіне ойын күні барасың, сосын қайтасың. Жол шаршатып жібереді.

Клубтар тарапынан мәселе жоқ, барлығы төрешіні жақсы күтіп алады. Сөйте тұра кейбірі шектеулі бюджетке байланысты ұшаққа емес, билетті пойызға алыңдар деп жатады.

Өз басым бір нәрсеге – Қобыланды батыр атындағы стадионда төрешілік атқармағаныма өкінемін. Ақтөбенің атмосферасы бөлек. «Ақтөбенің» ойынында тек екінші көмекші қызметін атқаратынмын. Қапталда жүремін, сол жағымда құлаққап, оң жағымда 13-сектор. Сондықтан оң құлағымды да бітеп тастайтынмын. Ақтөбеде өткен ойында төрешілер бір-бірін естімейді. Жанкүйерлердің айтқан әніне дейін жатталып қалады. Еуропаның атмосферасы керек болса, «Ақтөбенің» матчына барыңыз деймін. Төрешілердің барлығы оны біледі, сезеді, сол үшін де Ақтөбеге барғысы келеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға