Қазақстанда жолаушылар пойыздары Starlink спутниктік интернетіне қосылды. Енді жолаушылар жол бойы байланыста болып, түрлі онлайн қызметтерді пайдалана алады. Сонымен қатар алдағы уақытта пойыздарда ұшақтардағыдай тамақтану жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында өткен таныстырылымда айтты.
Қазір Қазақстанда 51 бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар пойыздары Starlink спутниктік интернетіне қосылған. Жолаушыларға интернеттің тегін және ақылы пакеттері ұсынылады.
Тегін пакет арқылы WhatsApp және басқа да мессенджерлерде мәтіндік хабарламалар жіберуге болады. Ал фото, видео, дауыстық хабарлама жіберу және интернеттің өзге мүмкіндіктерін пайдалану үшін ақылы пакетке қосылу қажет. Дегенмен әзірге спутниктік интернет пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жолаушылар оны тегін пайдалана алады.
Әнуар Ахметжановтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – пойыз жолаушыларының жол бойы байланыссыз қалмауын қамтамасыз ету.
Еліміздің аумағы үлкен екенін бәріміз білеміз. Пойыздарымыз мыңдаған шақырым жол жүріп, халық сирек қоныстанған, мобильді байланыс мүлде жоқ немесе нашар ұстайтын аумақтардан өтеді. Бүгінде біз осы мәселенің жаңа шешімін ұсынып отырмыз. Ол – спутниктік интернет. Енді жолаушылар жол бойы жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шешіп, мемлекеттік және банк қызметтерін пайдалана алады, – деді ол.
Компания спутниктік интернетті енгізбес бұрын бірнеше сынақ жүргізген. Алғашқы тәжірибе 2024 жылдың қаңтарында Өскемен және Алматы бағытындағы пойыздарда өткен. Ол кезде OneWeb жүйесі қолданылған. Қазір оның орнына Starlink технологиясы пайдаланылып отыр.
Біз байланыс сапасын, оның тұрақтылығын және бір мезгілде қанша адамның интернетке қосыла алатынын тексердік. Жүйенің пойыздарда тиімді жұмыс істейтініне көз жеткізгеннен кейін ғана оны кеңінен енгізуге кірістік, – деді басқарма төрағасы.
Алайда интернет барлық жағдайда бірдей тұрақты жұмыс істемеуі мүмкін. Мәселен, қатты боран мен қолайсыз ауа райында байланыс жылдамдығы төмендеп, кейде уақытша үзіліп қалуы ықтимал.
Пойыздарда ұшақтардағыдай тамақ берілуі мүмкін
Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларға ұсынылатын тамақтану қызметін де өзгертуді жоспарлап отыр. Әнуар Ахметжановтың айтуынша, алдағы уақытта пойыздарда ұшақтардағыдай тамақтану жүйесі пайда болуы мүмкін. Яғни тағамдар жолаушыларға шағын порциямен ұсынылады. Ал тоймаған немесе қосымша тамақ алғысы келген адамдар тағы тапсырыс бере алады.
Алдағы уақытта тамақтану қызметін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, ұшақтардағыдай тамақтану жүйесін жасағымыз келеді. Тағамдар шағын порциямен, жолаушыларға ыңғайлы етіп ұсынылады. Ал қалағандар қосымша порцияға тапсырыс бере алады, – деді ол.
Бұдан бөлек, жолаушыларға пойызда отырып, жеткізу қызметтері арқылы қалаған тағамына тапсырыс беру мүмкіндігін жасау көзделіп отыр. Мұндай жаңашылдықтарды жүзеге асыруға спутниктік интернет көмектеспек. Компания алдағы уақытта жолаушылардың пойыздан түспей-ақ вокзалға такси шақыруына, фильмдер мен басқа да бейнематериалдарды көруіне жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Интернет біз үшін түпкі мақсат емес. Бұл – жаңа қосымша қызметтерді дамытудың негізі. Тұрақты цифрлық байланыстың пайда болуы бұрын болмаған мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Әнуар Ахметжанов.
Әзірге жаңа тамақтану жүйесі мен қосымша қызметтердің нақты қашан іске қосылатыны белгісіз. Айта кетейік, биылғы тоғыз айда ұлттық тасымалдаушы 9 миллион жолаушы тасымалдаған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 13 миллионнан асады деп жоспарланып отыр.