«Португалия халқына хат жаздым»: Роналду ұлттық құрамада не болғанын ашық айтты

«Португалия халқына хат жаздым»: Роналду ұлттық құрамада не болғанын ашық айтты
Фото: Роналдудың парақшасынан

Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасының соңғы оқу-жаттығу жиынында болған жағдайға қатысты алғаш рет толық түсініктеме берді. Футболшы әлеуметтік желідегі 11 бөлімнен тұратын жазбасында бас бапкермен арадағы келіспеушіліктің қалай басталғанын, не үшін команданың орналасқан жерінен кеткенін және ұлттық құрамадағы болашағына қатысты ұстанымын баяндады.

Роналдудың айтуынша, мәселе бір ғана матчта алаңға шықпауынан емес, алдын ала келісілген жоспар мен бапкердің кейінгі әрекеті арасындағы айырмашылықтан туындаған.

Роналду ұлттық құрамада қалуды өзі қалаған ба?

2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін Роналду ұлттық құрамадан кетуді ойлағанын айтады. Ол тіпті Португалия халқына арнап қоштасу хатын да дайындаған.

Алайда әлем чемпионатынан кейін елге қайтып келе жатқанда Португалия футбол федерациясының президенті одан шешімін қайта қарауды сұраған. Федерация Роналдудың ұлттық құрамада қалғанын қалаған.

Қызығы, Роналду жаңа бас бапкерді таңдауға қатысты өз пікірін де білдірген. Федерация президенті оған бірнеше кандидаттың арасынан қазіргі бас бапкердің есімін атағанда, футболшы оның дұрыс таңдау болатынын айтқан.

Сондықтан бапкердің тағайындалғанын естігенде Роналду қуанып, бұл шешімді қолдаған.

Бапкер Роналдуға қандай жоспар ұсынды?

Жаңа бас бапкермен алғашқы кездесуде Роналдудың ұлттық құрамадағы рөлі талқыланған.

Роналдудың жазбасына сүйенсек, бапкер оның команда үшін маңызды екенін айтып, алдағы матчтарға қатысты нақты жоспар ұсынған. Футболшы алғашқы және соңғы кездесулердің бірінде ойнауы керек болған. Ал физикалық жүктемені басқару үшін матч барысында бірнеше ауысым жасау жоспарланған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Cristiano Ronaldo (@cristiano)

Тіпті Роналдудың Норвегия мен Данияға командамен бірге бармай, Португалияда қалуы да ұсынылған. Бірақ футболшы бұған бірден келіспеген.

Себебі ол ұлттық құраманың капитаны болғандықтан, өзі ойнамайтын матчтарға командамен бірге бармай қалуды дұрыс деп санамаған.

Норвегия матчында не өзгерді?

Кейін жоспар өзгерген.

Роналдудың айтуынша, Норвегияға қарсы матч күні бас бапкердің көмекшісі оған бапкердің сөйлескісі келетінін жеткізген.

Кездесуде бапкер Роналдудан 30 минут ойнауға дайын ба деп сұраған.

Бастапқы физикалық дайындық жоспары бойынша Роналду бұл матчта ойнамауы керек болған. Оның негізгі мақсаты келесі кездесуге дайындалу еді. Соған қарамастан, ол ұлттық құрама үшін алаңға шығуға келіседі.

Футболшы үзілісте қыздырынып, ойынға шығуды күтеді. Бірақ матч аяқталғанша оны алаңға шығармаған.

Роналду мұны өз жазбасында бапкердің уәдесінде тұрмауы деп бағалайды.

Бұл жерде мәселе Роналдудың «міндетті түрде ойнауы керек» деген талабында емес.

Футболшының өзі бірнеше рет бапкердің техникалық және тактикалық шешімдеріне араласпағанын жазады. Яғни ол өзін негізгі құрамға қоюды немесе белгілі бір минут беруін талап етпеген.

Роналду үшін маңыздысы – екеуінің жеке сөйлескен кезде жасаған келісімі.

Оның айтуынша, матчтан кейін ол бас бапкермен және Симау Коутиньюдің қатысуымен сөйлескен. Сол кезде бапкер өзінің оған жеке айтқан сөздерін баспасөз мәслихатында да түсіндіруге келіседі.

Алайда Роналдудың пікірінше, кейін баспасөз алдында айтылған сөздер олардың жеке әңгімесімен сәйкес келмеген.

Осыдан кейін футболшы бапкерге деген сенімі жоғалғанын айтады.

Роналду неге команданың лагерінен кетіп қалды?

Футболшының жазбасындағы ең маңызды тұс – оның оқу-жаттығу жиынынан кету себебі.

Роналду мұны ұлттық құрамада ойнағысы келмегендіктен жасағанын жоққа шығарады.

Керісінше, ол егер өзіне ұлттық құрамада орын жоқ болса, мұны ашық айтуды сұрағанын жазады.

«Мені қаламасаңыздар, ашық айтыңыздар. Мен мұны қабылдаймын» деген ұстанымда болғанын түсіндіреді.

Оның айтуынша, федерация басшылығы мен бапкер сол кезде оның ұлттық құрамамен бірге болғанын қалайтынын айтқан.

Бірақ кейін екінші рет берген уәдесі орындалмаған соң, Роналду оқу-жаттығу жиынынан кетуді шешкен.

Футболшы жанкүйерлерден де кешірім сұрады

Роналду өз жазбасында өзін толық ақтауға тырыспайды.

Ол Норвегиядағы матчтан кейін жанкүйерлермен амандаспай кеткені үшін Португалия халқынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ ұлттық құрамадағы командаластарынан оқу-жаттығу жиынын тастап кеткені үшін кешірім сұрады.

Футболшы бұл әрекетінің салдары болуы керек екенін де мойындады. Тіпті Португалия футбол федерациясы оны жазаласа, оған дайын екенін айтты.

Оның пікірінше, ұлттық құраманың капитаны болғандықтан, жауапкершілігі де жоғары.

Роналду ұлттық құрамадан кетіп жатыр ма?

Роналдудың жазбасынан оның ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауға шешім қабылдамағанын аңғаруға болады.

Керісінше, ол физикалық тұрғыда дайын болса, клубындағы міндеттерін орындап, ұлттық құрамаға шақырылса, Португалия үшін қайтадан ойнауға дайын екенін ашық айтты.

Футболшы үшін ұлттық құрамадағы басты мақсат – қоштасу емес, жарысу және жеңу.

Соңғы уақытта оған арнайы қоштасу матчын өткізу туралы сөз болған. Роналду мұндай матчтардың кейін ұйымдастырылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ қазір оның негізгі ойы – ұлттық құрама сапында әлі де бәсекеге қабілетті ойыншы ретінде өнер көрсету.

 

Оқи отырыңыз