Жаңалықтар

Полиглоттар: адам қанша тіл меңгеруге қабілетті?

«Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің»...
Полиглоттар: адам қанша тіл меңгеруге қабілетті?
27.05.2020 18:28 16413

Өзге ұлттың тілін меңгеру, сөзін жылдам есте сақтау кез келген адам бойында бар туабітті қасиет емес. Бір адамға шет тілін үйрену өте қиынға соқса, ал біреулер үшін өз ана тілінде әңгіме айтқандай тым жеңіл болмақ. Осы ретте адам өз өмірінде қанша тіл үйрене алады және оларды күнделікті қандай деңгейде пайдаланады деген сұрақ туындайды.

hfhffhfhf.jpg

Шет тілін білудің адамға мол пайдасы болмаса, зияны тимесі анық. Мұндай дағды ақыл-ой қоржынына үлес қосып, көптеген мамандықтың есігін айқара ашып береді. Көп тіл білу арқылы әдеби шығармаларды бастапқы мағынасын жоғалтпай түпнұсқада оқуға, фильмдерді актерлердің табиғи дауыс-болмысымен қабылдап көруге мүмкіндік туады. Дана халқымыз бұған «қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім білесің» деп, өзге елдің тілін үйренуге жоғары бағасын әлдеқашан беріп қойған.

Бүгінде екі-үш шет тілін білумен ешкімді таң қалдыра алмайтынымыз белгілі. Жаһандану дәуірінде бірнеше тілді жетік меңгеру – мансап баспалдағында жоғарылаудың басты шартына айналды. Әдетте, төрт шет тілін білетін адамды полиглот деп атаса, ал одан да көп тіл білгенді – гиперполиглот дейді. Мысалы, Швейцарияда, төрт ресми тіл бар. Олар неміс, француз, итальян, ретророман тілдері. Сондықтан, орташа есеп көрсеткішімен қарағанда, ондағы екінің бірі полиглот деп айтуымызға болады.

Қазіргі таңда ғалымдар қажет болған жағдайда әрбір адам қалаған тілін меңгере алады деп санайды. Зерттеулер адам миы барлық мүмкіндігінің тек 10%-ын ғана іске қосатынын дәлелдеген. Яғни, біз 10 есе тиімді жұмыс істей аламыз және 10 есе көп ақпаратты меңгере аламыз. Мұнда да бәрі адамның ерік-жігеріне, жұмысқа қабілеттілігіне, ынтасы мен табандылығына байланысты екенін көрсетеді.

dictionary-2317654_1920.jpg

Әлемге әйгілі полиглоттар

  • Танымал неміс археологы Генрих Шлиман жұмыстан бос уақытында шет тілдерін үйренумен айналысқан екен. Бұған сүйікті ісі ретінде қараған ол, өмірінің соңына дейін он бес тіл үйренген. Археологтың аталған білімі әлемнің түрлі бөліктерінде жүргізілген қазба кезінде бірнеше рет өз пайдасын тигізіпті.
  • Йохан Вандевалле – отыз бір тілді меңгерген белгиялық инженер-архитектор. 33 жасында «Polyglot of Flanders» байқауында жеңіске жетіп, «Вавилон сыйлығын» иеленген. 60 жасар полиглот, сонымен қатар, түрік тілін үйренудің жетілдірілген әдісін жасағаны үшін Анкара университеті атынан марапатталған.
  • Орыстың ұлы ойшылы, жазушы Лев Толстой да гиперполиглот болған. Тарихи деректерге сүйенсек, философ он бестен астам тілді еркін меңгерген.
  • Ал қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы Семейдегі Ахмет Риза медресесіне барып жүріп, қосымша орыс мектебінде білім алған. Араб, парсы, татар, көне түркі және шығыс тілдерін жетік біліп, Науаи, Фирдауси, Низами, Сағди, Шәмси, Хафиз, Сәйхали сынды шығыс шайырларының жазбасын түпнұсқада оқыған.
  • Осы орайда қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбанов жөнінде айта кетпеске болмас. Құдайберген Қуанұлы 1899 жылы Ақтөбе облысы Темір ауылында дүниеге келген. Мешітте араб тілін меңгергеннен кейін, орыс, парсы, моңғол, шуас, грузин, коми, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін үйреніп, жалпы – он төрт тілді білген. Алайда, «халық жауы» ретінде танылып, 1938 жылы отыз тоғыз жасында атылған. Тек 1957 жылдың 3 қазанында есімі ақталды.
  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та полиглоттар қатарында. Президентіміз мемлекеттік тілден бөлек, орыс, ағылшын, қытай, француз тілдерін жетік меңгерген.
  • Бұл полиглоттар қатарын патшайым ІІ Екатерина мен Клеопатра, физик Никола Тесла, Италиядан өзге мемлекетке бармаса да, отыз сегіз тіл мен елуден астам диалектіні білген кардинал Жузепп Каспар Меццофанти, неміс саясаткері Фридрих Энгельс, қазақтың этнограф-тарихшысы Шоқан Уәлиханов, тағы да өзге аты әлемге мәшһүр тұлғалармен толтыруымызға болады. Тіпті, Мұхаммед пайғамбар әлемнің барлық тілінде, ал Будда жүз елуден астам тілде сөйлеген дейтін аңыз да бар. Мұндағы бір тоқталар жайт, ғалымдар зерттеулерге сүйене отырып, үйренер тіл санында ешқандай шектеу жоқ деген қорытынды шығарған. Олардың айтуынша, адамдардың өз қалауы және өмірінің қысқа мерзімділігі ғана кедергі болмақ. Яғни, біз күшіміз бен уақытымыз қаншаға жетсе, сонша тілді меңгере аламыз деген сөз.

depositphotos_326411228-stock-photo-student-girl-over-words-in.jpg

Лингвистердің көбі тіл үйренушілерге мынандай бір қызық тарихи әңгімені айтып береді екен. Ағылшын профессоры Дик Хадсонның электронды поштасына бір америкалық өзінің атасы туралы дерек қалдырып, бірақ оның аты-жөнін жарияламауды сұрапты. Айтуынша, ешқашан мектепте оқымаған италиялық атасы, шет тілдерін өте оңай үйренген. Ол полиглоттың ешқандай оқулықты жастанбағанын атап өтіп, өмірінің соңында әлемнің жетпіс тілінде сөйлеп, елу алты тілінде оқи алғанын жазған.

Бұл оқиғаны еске салғанымыздың өзіндік себебі бар. Біз әңгімеге тартқан Бағдат Кадыров – ешқандай жоғары оқу орнында оқымай-ақ, ана тілін қосқанда өз бетінше 9: орыс, ағылшын, араб, қытай, өзбек, француз, испан, түрік тілдерін меңгерген. Болашақта дипломат болғысы келетін кентаулық полиглоттың жасы он тоғызда. Бағдат өз кезегінде ең алғаш қай тілді үйренгенін, оны үйренуге не себеп болғанын айтып берді.

4cf5b7b8-d79f-43d6-8565-1d6d77ca578a.jpg

(Суретте: жас полиглот Бағдат Кадыров)

- Ең бірінші үйренген тілім – араб тілі. Мен араб тілін үйренуді алты жасымнан бастадым. Біздің имам көршіміз бар еді. Ол ислам діні жайлы көптеген уағыздар айта келіп, Құран тілін үйренуіме ұсыныс жасады. «Араб тілін білу арқылы мол сауапқа кенелесің» дейтін. Сөйтіп, осы тілге ден қоя бастадым. Екінші кезекте ағылшын тілін үйрендім. Оған мектепте ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімім себепші болды. Ол кісі бұрын Алматы қаласында жұмыс істеп, содан мен оқитын Кентау қаласындағы мектепке ауысып келген еді. Әр сабақ сайын Алматыдағы оқушыларын еске алып, біздің сыныптағыларды олармен жиі салыстыратын. «Алматыдағы оқушыларым ағылшын тілінде өте керемет сөйлейді, сайрап тұр» деген сөздері бірте-бірте мені ынталандырды. Уақыт өте келе «неге мен тіл үйренбеймін, неге сол оқушылардай сөйлемеймін» деп жігерленіп, намысқа тырыстым. Соның арқасында ағылшын тілін меңгеруді бастап кеттім.

Біз Бағдаттан тіл үйренудегі басты мақсатын сұрадық. Айтуынша, көп тіл білу белгілі мақсатпен емес, өзгеше қызығушылықпен келіпті.

- Интернет арқылы ағылшын тілінде еркін сөйлейтін адамдарды көріп жүрдім. Олардың сөзі маған өте әдемі естілді, сонысымен баурап алды. «Мен де осы кісілер сияқты сөйлесем ғой» деп ойлайтын едім. Сосын әр сөзді ағылшын тілінде, тағы басқа тілдерде айта бастадым. Солай сөйлеу ұнап, бірте-бірте қызықтырып әкетті. Яғни, бастапқы кезде тіл үйренуге айтарлықтай мақсат болмады, тек қана қызығушылық еді. Ұнатқан тілде сөйлеу, дауыс иірімдерін үйрену бір сөзбен айтқанда мені еліттірді. Жаңа тіл үйренбесем өзімді жайсыз сезінетін күйге түстім.

e428aa73-d0c2-4659-8107-c341266a36f4.jpg

Жас полиглот тіл үйренудің негізгі техникаларын айтып, әр күн сайын тілді жаттықтырып отыру дың маңызы жоғары екенін атап өтті.

- Бір тілді толықтай меңгеріп шығуға шамамен бір, бір жарым жыл уақыт кетеді. Бұл кәсіби үйренуге қатысты. Ал «нан сұрап жей алатын дәрежеде» үйренуге шамамен үш-төрт ай кетуі мүмкін. Жалпы тіл үйренуге айтарлықтай қасиет керек жоқ. Бірақ, көп сөздің бәрін бір уақытта жаттауға тырысып, кейін оны қолданбау мүлдем дұрыс емес. Біз білетіндей, білім алушылардың дені жүзден аса сөзді бірден жаттауға кірісіп кетеді. Сол арқылы тілді тез меңгереміз деп ойлайды. Ескерте кететін жайт, мұндай әрекет миға көп салмақ түсіретіндіктен, керісінше, есте сақтау қабілетін нашарлатады. Оның орнына күніне үш сөзден жаттасаңыз, миыңыз демалып, жақсы жұмыс істейді. Үш сөз аз болып көрінсе де, пайдаға асатын тәсіл.

Әр тілдің өзіне тән ерекше дыбысы болады. Тілді неғұрлым көп тыңдасаң, соғұрлым ол үйренуге жеңіл тиеді. Ал оқу – грамматика мен сөздік қорды нығайтуға көмектеседі. Бастысы, бәрін бір сәтте орындамай, аз-аздан бастауды есте сақтау керек.

Сонымен қатар, өз тәжірибесінде кездескен қиындықтарымен де бөлісті. Бағдатқа қытай мен испан тілдерін үйрену оңайға соқпапты.

- Менде де тіл үйрену барысында өте көп қиындықтар болды. Кей кездері сөздерді жаттай алмай жүрдім. Әсіресе, испан тілін меңгеру өте қиынға соқты. Орыс тілі секілді испан тілінде де «родтар» бар екен. Мысалы, бір ғана «олар» деген сөздің ерлерге және әйелдерге арналған түрі бар. Осы күрделілігі біршама қиындық тудырды. Келесі кезекте қытай тілін айтар едім. Бұл тіл бір емес төрт екпінді. Оны да игеріп, жаттап кету өте қиын болды.

Тіл үйренген соң оны әрдайым жетілдіріп отыру керек. Өз тәжірибемнен айтар болсам, бастапқыда түрлі әлеуметтік желілер арқылы сол тіл туған тілі болып саналатын адамдарды тауып, хабарлама жіберетін едім. Кейін бейнеқоңырау шалып жүзбе-жүз сөйлесе бастадым. Олар қатемді жөндеп тұратын еді. Бұл мен үшін жақсы практика болды. Сонымен қатар, сол тілде түрлі фильмдерді көру пайдасын тигізеді. Жаңадан меңгеріп жүрген жандарға, мысалы, ағылшын тілін үйренуді енді бастағандарға голливудтық, америкалық фильмдерді көруге кеңес бермеймін. Ең бірінші мультфильмдерден бастаған дұрыс. Практиканы күнделікті жүзеге асырып жатса, тіптен жақсы. Бір айта кетерлігі, адамдар қате айтып қоямын ба деген оймен басқа тілде сөйлеуге ұялады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Адам тіл үйрене ме, оны қорықпай, ұялмай, беріліп үйренуі керек. Тілді адамдар сөйлесу, тіл табысу, қарым-қатынас жасау үшін үйренетінін ұмытпағанымыз жөн.

29e6fe8c-8b92-4fe2-86f9-67327b39cb1f.jpg

Кейіпкеріміз көп тіл біліп қана қоймай, білімін өзгелерге үйретіп те жүр. Алайда, бұл табыс табу үшін емес, көпшілікке пайдасы тисін деген ниетпен жүзеге асыпты .

- Дәл қазір жаңа тіл үйренуге жоспарым жоқ. Бір-екі жылдай үзіліс жасамақ ойым бар. Сол уақыт өткен соң итальян және неміс тілдерін үйренгім келеді.

Көп тіл білу арқылы мен әр ұлттың, әр мемлекеттің мәдениетімен тереңірек таныса бастадым. Жаңа тіл үйренген сайын адам жаңа туылған сәби сияқты болады. Өмірге көзқарасы өзгеріп, басқа қырынан қарай бастайды. Қазір ағылшын, араб, қытай, испан, француз тілдерінен сабақ беремін. Мұның да өзіндік тиімділігі бар. Бір жағынан табыс көзі болса, екінші жағынан тіл үйренгісі келетін адамдарға көмегімді тигізгім келеді. Осы уақытқа дейін талай тегін курс та жүргіздім. Негізінен ақша табу керек деп, жеке бас пайдамды ойламаймын. Жоғарыда айта кеткендей, маған қатты қызық болды, сонымен бірге жаныма рахат сыйлайды. Сол себепті, айналамда жүрген адамдарға өз жаны қалайтын, ұнататын ісімен айналысуға кеңес беремін.

Иә, біз жоғарыда сөз еткен полиглоттардың өмірі мен тәжірибесі арқылы «бір адам қанша тіл меңгеруге қабілетті» деген сауалдың жауабын іздедік. Көз жеткізгеніміздей, басты мәселе адамзат мүмкіндігінде емес, тіл үйренуге қажеттілік пен өз қалауына байланысты екен. Сондықтан, сіздің де атақты полиглоттар қатарын толықтыруыңызға әбден болады.

(Суреттер pixabay.com сайтынан және кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға