Ғалымдар Гизадағы ең алып пирамидалардың бірі – Хеопс пирамидасының мыңдаған жыл бойы неге қирамағанының құпиясын анықтады.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл алып құрылыс жер сілкіністеріне ерекше төзімді болып шыққан. Оның басты себебі – пирамиданың күрделі ішкі құрылымы мен арнайы жобаланған «жеңілдету камераларында» жатыр.
Хеопс пирамидасы шамамен 4600 жыл бұрын Ежелгі Мысыр дәуірінде салынған. Ол Гиза үстіртінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Арада ғасырлар өткенде пирамида сыртқы қаптамасы мен ұшар басынан айырылғанымен, негізгі құрылымы әлі күнге дейін сақталған. Қазіргі таңда оның шамамен 2,3 миллион гранит және әктас блоктан тұратын қаңқасы өзгеріссіз тұр. Жалпы салмағы алты миллион тоннаға жуықтайды.
Ғалымдарды таңғалдырған тағы бір жайт – Гиза аймағында бірнеше рет жойқын жер сілкінісі болғанына қарамастан, пирамида айтарлықтай зақымданбаған. Мысалы, 1847 жылы бұл өңірде магнитудасы 6,8 болатын жер сілкінісі тіркелсе, 1992 жылы 5,8 балдық дүмпу болған.
Көп жылдар бойы мамандар пирамиданың мұндай беріктігінің себебін түсінуге тырысып келді. Бұған дейін кей зерттеушілер оның алып салмағы мен кең табаны тұрақтылық береді деп есептеген. Алайда жаңа зерттеу мұнымен ғана шектелмейтінін көрсетті.
Scientific Reports журналында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, пирамиданың төзімділігіне бірнеше инженерлік ерекшелік әсер етеді. Соның ішінде ең маңыздысы – ішкі қуыс камералар жүйесі.
Зерттеу барысында ғалымдар пирамиданың ішкі және сыртқы бөліктеріне 37 арнайы діріл датчигін орнатқан. Құрылғылар сыртқы тас блоктарға, жер қабатына, фараон мен оның жұбайының жерлеу камераларына, ішкі дәліздерге және «жеңілдету камералары» деп аталатын арнайы қуыстарға орналастырылды.
Бұл камералар фараон Хуфудың жерлеу бөлмесінің дәл үстінде бірінің үстіне бірі орналасқан. Бұған дейін олар тек ауыр салмақты таратып, жерлеу камерасына түсетін қысымды азайту үшін салынған деп есептеліп келген.
Датчиктер жел, көлік қозғалысы, мұхит толқындары және жер қыртысындағы әлсіз сейсмикалық толқындар тудыратын тербелістерді тіркеген. Зерттеу нәтижесінде пирамиданың сыртындағы жер қабаты шамамен 0,6 герц жиілікте тербелетіні анықталды. Ал пирамиданың ішкі бөлігіндегі тербеліс жиілігі 2,0-2,6 герц аралығында болған.
Ғалымдардың айтуынша, дәл осы айырмашылық пирамидаға жер сілкінісінің жойқын әсерінен қорғануға мүмкіндік береді. Себебі жер қабаты мен құрылым әртүрлі жиілікте тербелген кезде, сейсмикалық энергия толық берілмейді. Нәтижесінде ғимаратты қиратып жіберетін резонанс пайда болмайды.
Зерттеу барысында тағы бір маңызды ерекшелік анықталды. Пирамиданың барлық бөлігінде тербеліс жиілігі біркелкі болғанымен, «жеңілдету камераларында» бұл көрсеткіш күрт төмендеген. Бұл камералар пирамиданың табанынан шамамен 50 метр биіктікте орналасқан және тағы 10 метр жоғарыға созылады.
Мамандар пікірінше, мұндай қуыс құрылымдар жерлеу камерасына түсетін қысымды азайтып қана қоймай, бүкіл пирамиданың сейсмикалық тұрақтылығын күшейтіп тұр.
Осылайша зерттеушілер ежелгі мысырлықтардың инженерлік білімі біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары деңгейде болған деген қорытындыға келді.