Еліміздегі мұғалімдер аттестациясы кейінгі жылдары қоғамда пікірталас тудыратын мәселеге айналды. Әсіресе оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың әлеуметтік желіде жариялаған тосын мәлімдемесінен кейін аттестаттау жүйесіне қатысты бірқатар сұрақ пайда болды.
Министр мәлімдемесінде ұстаздар енді тестілеуден босатылады деп сүйінші сұрағанымен, кейін жаңа реформаның өзгеше тұстары бары анықталды: 2027 жылы толық іске қосылатын жүйенің талаптары әлі де нақтыланып жатыр.
Сәрінжіпов салған «сара жол»
Жаңа реформаны талқыламас бұрын Қазақстанда қалыптасқан аттестаттау тәртібіне көз жүгіртсек. Еліміздегі аттестаттау жүйесі 2016 жылы сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бекіткен № 83 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі. Бұл бұйрыққа 2025 жылы 25 ақпанда экс-министр Ғани Бейсембаев өзгеріс енгізіп, №32 бұйрыққа сәйкес жаңа талаптарды бекіткен.
Оған сәйкес:
- «педагог» санатына кемінде 1 жыл еңбек өтілі, заманауи оқыту әдістерін меңгеру, сабақ өткізу, мектеп іс-шараларына қатысу, этика сақтау және педагогтердің білімін бағалау (ары қарай – ПББ) тестінен 50%;
- «педагог-модератор» 2 жыл еңбек өтілі, жеке қажеттіліктерді ескеретін сабақ жоспары, әдістемелік материалдар әзірлеу мен ПББ тестінен 60%;
- «педагог-сарапшы» модератор талаптары мен аудан/қала әдістемелік бағдарлама әзірлеу әрі ПББ тестінен 70%;
- «педагог-зерттеуші» сарапшы талаптары мен авторлық технологияларды, 3 ауданға облыстық тәжірибе тарату, республикалық конкурстар және ПББ тестінен 80%;
- «педагог-шебер» зерттеуші талаптары мен республикалық оқулық авторлығын және ПББ 90% талап етілетін.
Ал биылғы оқу жылынан бастап министрлік тестілеу жүйесінен кезең-кезеңімен бас тартуды көздеп отыр. Вице-министр Шынар Ақпарованың 20 сәуір күні өткен брифингте жасаған мәлімдемесіне сүйенсек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тестілеуден шекті балл жинап, портфолио ұсынған мұғалімдерге біліктілік санаты бойынша үстемақы 1 қыркүйектен бастап төленеді.
Алғашқы тестілеуде шекті балл жинай алмаған, бірақ талаптарға сай портфолиосы бар ұстаздарға шілде айында тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта тестілеу қорытындысы бойынша да шекті балл жиналмаған жағдайда тиісті біліктілік санаты берілмейді. Алғашқы емтиханнан құлап, ақылы негізде екінші мәрте тапсыруға өтініш беріп, ақшасын төлеп қойғандардың қаражаты толық қайтарылмақ. Екінші мүмкіндікті пайдаланғысы келмейтін педагогтер қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске асырылатын жаңа модель аясында аттестаттауға қатыса алады.
Жаңа жүйе ұсынатын талап қандай?
Педагог мамандығына алғаш келген университет түлектері ПББ тестін тапсырады. Жаңа да жас мұғалімдер екі жылдан кейін «педагог-модератор» біліктілік деңгейіне қадам басқан кезде де тестілеуден босатылмайды. Мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары үшін тестілеу сақталып қалды. Жұмыстан шығып, араға уақыт салып мектепке қайта оралған мамандар да осындай емтихан тапсыруы тиіс.
Қалған санаттарға тест жойылғанымен, мұғалімнің шеберлігін айқындайтын өзге талаптар күшейді. Енді әрбір маман өз жетістігін жіпке тізгендей портфолиосына сауатты түрле жинақтауы тиіс. Бұған қоса жаңа ережеге сай ұстаздар алған санатына қарай ашық сабақтар өткізіп, сыныптан тыс шаралар өткізуге міндеттелмек. Атап айтқанда:
«педагог-модератор» санатына үміткер педагогтің еңбек өтілі кемінде 2 жыл болуы қажет (магистр дәрежесі болған жағдайда - 1 жыл). Бұл деңгейдегі мұғалім мектепте кәсіби белсенділік танытып, жыл сайын кемінде 4 ашық сабақ өткізеді.
Сонымен қатар педагог пен оның оқушыларының мектепішілік жетістіктері ескеріледі. Сынып жетекші болмаған жағдайда, жылына кемінде 8 сағат көлемінде сынып сағаттарын немесе тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру талап етіледі. Мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, кәсіби дамуын тұрақты түрде жетілдіріп отыруы қажет.
«Педагог-сарапшы» деңгейіндегі мұғалім аудандық немесе қалалық деңгейде кәсіби тәжірибесін бөліседі. Ол жылына кемінде 4 ашық сабақ өткізіп, конференциялар мен семинарларда білгенін бөліседі.
Мектепте кемінде бір педагогке әдістемелік қолдау көрсетіп, тәлімгерлік қызмет атқарады. Бұл санаттағы педагогтің жетістіктері аудан немесе қала деңгейінде бағаланып, жұмыс топтарына қатысуы да назарға алынады. Ол жылына кемінде 12 сағат көлемінде сыныптан тыс жұмыстар ұйымдастырып, буллингтің алдын алу, суицид профилактикасы және құқықбұзушылықтың төмендеуіне атсалысады.
«Педагог-зерттеуші» санаты өңірлік деңгейдегі кәсіби қызметті қамтиды. Ұстаз жылына 6 сабақ өткізуі тиіс: оның үшеуі офлайн, үшеуі онлайн форматта тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен ұйымдастырылуы шарт.
Сонымен қатар «педагог-зерттеуші» ғылыми және әдістемелік бағытта белсенділік танытып, КОКНВО, Scopus немесе Web of Science базаларындағы басылымдарда мақала жариялауы немесе оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторы (не қосалқы авторы) болуы қажет. Педагог мектепте кемінде 3 әріптесіне әдістемелік қолдау көрсетіп, тәлімгерлік қызмет атқарады. Өз тәжірибесін облыстық немесе республикалық маңызы бар қала деңгейінде семинарлар мен жұмыс топтары арқылы таратады. Жылына кемінде 14 сағат көлемінде сыныптан тыс іс-шаралар өткізіп, балалар қауіпсіздігіне қатысты жұмыстардың нәтижелілігін дәлелдеуге міндеттеледі. Буллингтің, суицидтік мінез-құлықтың және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстары арнайы бағаланады.
«Педагог-шебер» санатына енді тек ғылыми-педагогикалық бағытта магистратура аяқтаған не Phd дәрежесі бар мамандар ғана ие болмақ.
Ол жылына 8 сабақ өткізуі тиіс: оның төртеуі офлайн, төртеуі онлайн форматта тәуелсіз сарапшылардың бақылауымен ұйымдастырылуы қажет. Оқушыларды SAT емтиханына даярлап, IELTS/DELTA/SELTA cертификаттары болуы құпталады. Шебер маман 5 педагогке тәлімгер болып, ерікті болуы міндеттеледі. КОКНВО, Scopus немесе Web of Science базаларындағы басылымдарда мақала жариялауы немесе оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің авторы болуы және жылына кемінде 16 сағат көлеміндегі сыныптан тыс жұмыс атқаруға міндеттеледі.
Бұл ұсыныстың талаптары нақты бекітілмесе де, талқылауға ұсынылған сәттен бастап ұстаздар арасында даулы мәселеге айналды. Бірі бұл талаптар тестілеуден босатып, кешенді дайындық үдерісіне жол ашады десе, енді бірі талаптар қарапайым педагогтер үшін тым қатаң деген пікірде.
Астана қаласы Әдістемелік орталығының орта білім беру бөлімі әдіскері Шәрипа Химанқызының айтуынша, аттестаттаудың жаңа моделін енгізуде ең маңызды мәселенің бірі – талаптардың педагогтың нақты мүмкіндігі мен тәжірибесіне сай болуы. Маманның пікірінше, жаңа жүйеде жоғары санаттағы ұстаздарға қойылатын кей талаптар тәжірибелі мұғалімдер үшін күрделі жүктемеге айналмақ.
Мысалы, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» санатына үміткерлерден салалық магистратура және ғылыми бағыттағы белсенділік, халықаралық платформаларда мақала жариялау сияқты талаптар сұралады. Бірақ 30-35 жыл мектепте жұмыс істеген ұстаздардың барлығы академиялық зерттеумен айналыспауы мүмкін. Ол мұғалімнің кәсіби деңгейі төмен дегенді білдірмейді. Көп жағдайда олардың тәжірибесі мен практикалық шеберлігі әлдеқайда жоғары болады, – дейді әдіскер.
Шәрипа ханымның сөзіне сүйенсек, ашық сабақ өткізу де қазіргі форматта толық объективті механизмге айнала алмауы мүмкін.
Ашық сабақ кейде табиғи оқу процесінен гөрі арнайы дайындалған көрсетілімге ұқсап кетеді. Белгіленген нормаға сәйкес мұғалімдер өздеріне міндеттелген ашық сабақ сағаттарына алаңдаушылық танытуы байқалады. Меніңше, мұғалімді бір күндік сабақпен емес, ұзақ мерзімде атқарған жұмысы, оқушыға деген қарым-қатынасы, мектептегі кәсіби деңгейі арқылы бағалау маңызды. Ұсынылған реформада ашық сабақтарды кім, қандай механизмде бағалайтыны да нақтылануы қажет деп санаймын, – деді маман.
Әдіскердің айтуынша, аттестаттау жүйесі педагогті ғылымға мәжбүрлеуден бұрын, оның нақты мектепке сіңірген еңбегінің тиімділігін бағалауға бағытталғаны жөн.
Біз кейде барлық педагогті зерттеуші-ғалым деңгейінде көруге тырысамыз. Бірақ мұғалімнің басты міндеті оқушыға жүйелі түрде сапалы білім беру. Сондықтан жаңа реформада көп жылдық тәжірибесі бар педагогтердің еңбегі мен практикалық кәсібилігі көбірек ескерілуі қажет, – деп түйіндеді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы 93 мыңнан астам педагог біліктілік санатын алуға немесе растауға өтініш берген. Ресми деректерге сәйкес:
104 999 – «педагог»
126 688 – «педагог-модератор»
95 438 – «педагог-сарапшы»
82 632 – «педагог-зерттеуші»
2 973 – «педагог-шебер» санатына ие болған.
Қазір елімізде «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарына үміткер мұғалімдер аттестациядан «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы өтеді. Ал «педагог-зерттеуші» және «педагог-шебер» санаттарына қатысты құжаттарды қабылдау eGov электронды үкімет порталы арқылы жүргізіледі.
Көршілес Өзбекстанда да педагогтерді бағалау жүйесі түбегейлі орталықтандырылып, тестілеуге негізделген модельге көшті. Қазіргі тәртіп бойынша өзбекстандық ұстаздар 5 жыл сайын міндетті аттестациядан өтеді, ал жоғары санатқа үміткерлер немесе санатын мерзімінен бұрын көтергісі келетіндер кезектен тыс бағалауға қатыса алады.
Дамыған мемлекеттердің басым бөлігі педагогтерді бағалауда өзгеше тәсілді ұстанады. Мәселен, Жапонияда Қазақстан мен Орталық Азиядағыдай аттестация форматы жүргізілмейді. Оның орнына мұғалімнің кәсіби деңгейі күнделікті жұмысы мен тұрақты даму траекториясы арқылы бағаланады.
Қазақстандағы аттестация реформасы тестілеуден бас тарту арқылы жаңа кезеңге қадам басары анық, бірақ оның білім сапасына тигізетін шынайы әсері тек пилоттық жоба аяқталғаннан кейін анықталмақ. Педагогтердің біліктілігін практика арқылы бағалау әділеттілікке әкелері не субъективтілікті күшейтері уақыт еншісінде.