Биыл бакалавриатқа 75 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп, басымдық инженерлік-техникалық бағыттарға берілді. Педагогика мен IT салаларына бөлінген грант саны былтырмен салыстырғанда азайған. Бұл өзгеріс еңбек нарығындағы кадр қажеттілігіне байланысты ма және алдағы жылдары қандай мамандар сұраныста болады?
2026-2027 оқу жылында ең көп грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 16 674 грант. Одан кейін педагогикалық ғылымдарға – 12 228, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 10 387, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 188 грант қарастырылған.
Бұдан бөлек, өңірлік теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарламалар да жалғасты. «Серпін» бағдарламасы аясында 2 180 грант, еліміздің батыс өңірлерінің жастарына 2 500 грант бөлінді. Қазақстанда ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына талапкерлер қабылдау үшін 3 190 мемлекеттік грант қарастырылған.
Грант саны неге өзгерді?
Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып қарастырылғанын айтады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаеваның айтуынша, министрлік жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенеді.
Яғни, сала-сала бойынша қанша маман қажет екендігі анықталған талдауға сәйкес, министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырады, – дейді Жанна Есинбаева.
Оның айтуынша, биыл гранттардың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға, 20 пайызы педагогикалық бағыттарға, қалған 20 пайызы өзге білім беру бағдарламаларына бөлінген.
Бұл ретте гранттар тек еңбек нарығындағы сұранысқа ғана емес, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне, талапкерлердің мамандық таңдауына және заңнамада қарастырылған квоталарға сәйкес тағайындалған.
Биыл талапкерлер арасында «Аударма ісі», «Халықаралық қатынастар», «Құқық», «Психология», «Қаржы» мамандықтары мен педагогикалық бағыттар ерекше сұранысқа ие болған.
Педагогика мен IT саласында грант азайған
Қызығы, бір жылдары педагогика мен IT салаларына грант өте көп бөлінген еді. Алайда биыл екі бағыт бойынша да грант саны қысқарды.
Мәселен, 2025-2026 оқу жылында педагогикалық ғылымдарға 13 226 грант бөлінсе, 2026-2027 оқу жылында бұл көрсеткіш 12 228-ге түсті. Яғни, бір жылда педагогика бойынша 998 грантқа азайған.
IT бағыты бойынша да осындай өзгеріс байқалады. Былтыр ақпараттық-коммуникациялық технологияларға 11 615 грант берілсе, биыл 10 387 грант бөлінді. Бұл – 1 228 грантқа аз.
Мұндай өзгерісті еңбек нарығындағы кадр қажеттілігімен байланыстыруға болады. Яғни мемлекет белгілі бір мамандыққа сұраныс шарықтаған кезде грант санын көбейтіп, кейінгі жылдары нарықтағы жағдайға қарай қайта қарастырады.
Дегенмен грант санының көп болуы түлектің міндетті түрде сол мамандығы бойынша жұмысқа орналасатынын білдірмейді. Сондықтан талапкерлер үшін бүгінгі еңбек нарығымен қатар, мамандықтың бірнеше жылдан кейінгі болашағын да бағалау маңызды.
Болашақта қандай мамандыққа сұраныс жоғары?
Халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі Динара Оспанованың пікірінше, алдағы жылдары еңбек нарығына ең үлкен ықпалды технологиялық өзгерістер, жасанды интеллект пен цифрландыру тигізеді.
Болашақта (5-10 жылда) еңбек нарығына технологиялық өзгерістер, жасанды интеллекттің дамуы, цифрландыру үлкен ықпал етеді. Сол себепті жасанды интеллект, ақпараттық технологияларға деректерді талдау, робототехника, киберқауіпсіздік, биотехнология және денсаулық сақтау салаларының мамандарына сұраныс артады. Осыған қоса, цифрлық маркетинг, білім беру технологиялары, креативті индустрия сияқты бағыттар да қарқынды дамиды, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, технологияның дамуы кейбір кәсіптердің жойылуына емес, ең алдымен олардың мазмұнының өзгеруіне әкеледі.
Соның ішінде толықтай жойылып кететін мамандықтар бар. Бірақ көп емес. Мысалы, қайталанатын, стандартты жұмыстардың біршама бөлігі автоматтандырылуы мүмкін. Оларға қарапайым есеп жүргізу, кассалық жұмыстар, мәліметтер мен ақпараттарды қолмен енгізу, әкімшілік қызметтердің бір бөлігін технология алмастырады. Бірақ та бұл мамандықтар толықтай жоғалып кетеді деген сөз емес, ол мамандықтардың мазмұны өзгеріске ұшырап, құрамына жаңаша дағдыларды талап ететін болады, – дейді Динара Оспанова.
Сарапшының сөзінше, болашақта бір ғана мамандыққа сүйеніп қалмай, үнемі жаңа білім мен дағды игеру маңызды болады.
Сондықтан қазір бір мамандықты емес, өмір бойы оқып, дамитын, үйренуге құрылған қабілет маңызды екенін ескерткіміз келеді. Келешекте технологияны меңгерген, сыни ойлау дағдысы дамыған, тез бейімделгіш әрі жан-жақты, байланыс (коммуникациялық) қабілетіне ие адамдар жоғары сұраныста болады, – дейді ол.
Мемлекеттік грант пен әкімдік грантының айырмашылығы
Грант тақырыбында талапкерлер арасында тағы бір сұрақ жиі туындайды. Әлеуметтік желіде кейбір түлектер мемлекеттік грант пен әкімдік грантына қатар қатысып, қайсысына түссе, сол грантты таңдауға болатынын жазып жатыр. Бұл мәселе бойынша министрлікке де сауал жолдадық.
Министрліктің айтуынша, мемлекеттік және әкімдік гранты – бір-бірінен бөлек екі түрлі білім беру гранты. Мемлекеттік грант республикалық бюджет есебінен берілсе, әкімдік гранты жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Министрлік түсіндіргендей, алдымен мемлекеттік грант конкурсы Ұлттық тестілеу орталығының базасында өткізіледі. Оның нәтижесінде грант иегерлерінің тізімі жарияланады. Осыдан кейін талапкер қосымша грант көздеріне, соның ішінде әкімдік немесе «Қазақстан халқына» қорының гранттарына қатыса алады.
Мемлекеттік грант пен әкімдік гранттың екеуі екі түрлі. Мемлекеттік грантқа республикалық бюджеттің қаражаты қарастырылған. Әкімшілік грант жергілікті әкімдік бюджетінен берілетін грант. Екеуі екі түрлі. Бір-біріне ешқандай қатысы жоқ. Бірінші мемлекеттік грант конкурсы өтеді. Ол Ұлттық тестілеу орталығының базасында өткізіледі. Одан кейін грант иегерлерінің тізімі шығады. Кейін кез келген талапкер қосымша грант көздерін іздей бастайды. Сол кезде әкімдік, Қазақстан халқына қорының гранттар конкурсына қатыса алады. Тек өздерінің тұрғылықты жерінің әкімдігінің грантына қатыса алады, – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша барлығы 2 392 білім беру грантын бөлді.
Оның ішінде ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 270 гранттан бөлді. Батыс Қазақстан облысында – 211, Абай және Түркістан облыстарында – 200-ден, Ақмола облысында – 199, Қарағанды облысында – 198, Атырау облысында – 187, Маңғыстау облысында – 163 грант қарастырылған.
Жалпы биылғы грант бөлуге қарап, мемлекет білім беру тапсырысын еңбек нарығындағы қажеттілікке қарай қайта бағдарлап отырғанын байқауға болады. Сондықтан мамандық таңдауда тек грант санына емес, сол кәсіптің болашақтағы сұранысына, технологиялық өзгерістерге бейімделу мүмкіндігіне және қосымша дағдыларды меңгеруге қаншалықты мүмкіндік беретініне де назар аударған жөн.