Жаңалықтар

Партиялық жүйелер туралы не білеміз?

Партиялық жүйе (грек. systema - бүтін, бөлшектерден тұратын; лат. partis – бөлік) – мемлекеттегі саяси партиялардың жиынтығы және сол партиялар арасындағы байланыстар жүйесі.
22.01.2016 10:09 30574

Партиялық жүйелер туралы не білеміз?

Партиялық жүйе (грек. systema - бүтін, бөлшектерден тұратын; лат. partis – бөлік) – мемлекеттегі саяси партиялардың жиынтығы және сол партиялар арасындағы байланыстар жүйесі.

Партиялық жүйенің бірпартиялық, екіпартиялық және көппартиялық деп аталатын түрлері бар және мұндай жіктеу кезінде тек тіркеліп қана қойған партиялар есепке алынбайды, олардың орнына елдің саяси өміріне шынайы араласатын партиялар есептелінеді. Француз ғалымы Ж.Блондель бір партиялық жүйеге сайлауда кезінде тек бір партия 65 %-дан астам дауыс жинайтын жүйені жатқызды. Ал, екіпартиялық жүйе болу үшін, ең беделді екі партия 75 %-дан көп дауыс жинауы тиіс. Көппартиялық жүйе болу үшін, керісінше, ең беделді екі партия 75%-дан аз дауыс жинауы керек.

Бірпартиялық жүйе билік үшін күресте шынайы бәсекелестіктің болмауымен және жалғыз партияның үстемдігімен сипатталады. Таза күйінде бірпартиялық жүйе тоталитарлық саяси режим орнаған елдерде (бұрынғы КСРО-дағы Коммунистік партия, Германиядағы Ұлттық-социалистік неміс жұмысшы партиясы, КХДР-дағы Еңбек партиясы және т.б.) кездеседі. Мұндай елдерде билеуші партия мемлекет пен қоғамға жаппай бақылау орнатып, оппозицияны жояды және өзге партиялардың өмір сүруіне тиым салады.  Осылайша, бірпартиялық жүйе тоталитаризмге жақын келеді, мемлекетте өзге партиялар тіркелген күннін өзінде, олар тек формалды түрде қызмет етіп, билік үшін күреске араласпайды, шынайы билік бір партияның қолында (ХХ ғасырдың ортасындағы «социалистік лагерь» елдері, ҚХР) болады. Алайда, бірпартиялық жүйе тек тоталитарлық режимге тән деп те айтуға болмайды. Мәселен, 1946 жылдан бастап, Жапонияда көптеген партиялардың (Социалистік, Коммунистік, Социал-демократтардың Одағы, Комэйто және т.б.) болуына қарамастан, парламенттегі басымдық 50 жыл бойы Либерал-демократиялық партияның қолында болды. Дәл осындай жағдай ХХ ғасырдың 50-80 жылдары Индияда орын алды, Индия тәуелсіз партиясымен бәсекелестікте басым көпшілік дауысты Индия Ұлттық Конгресі жеңіп отырып, оның басшылары (Ганди династиясы – Дж. Неру, И.Ганди, Р.Ганди) премьер-министр қызметін атқарды. Бірпартиялық жүйе тұрақтылықпен, шиеленістердің болмауымен, саяси бағыттың айқындылығымен сипатталады. Бірақ та, бәсекелестіктің болмауы бюрократия мен консерватизмнің күшеюіне және партияның жабық әлеуметтік топқа айнала отырып, қоғамды тиімді басқара алмауына алып келуі мүмкін.

Екіпартиялық жүйеде бүкіл тіркелген партиялар ішінен тек екі ғана партия сайлаушылардың дауысына шынайы таласып, билік басында бірін-бірі алмастырып отырады. Классикалық екіпартиялық жүйеге АҚШ-тағы (республикандықтар мен демократтар) және Ұлыбританиядағы (лейбористер мен консерваторлар) партиялық жүйелер жатады. Сайлауда жеңіске жеткен партия елдің саяси бағытын өз қалауына сай анықтайды. Ал жеңілген партия автоматты түрде оппозицияға айналып, билеуші партияның жұмысын бақылап отырады.

Екіпартиялық жүйенің «2+1» деп аталатын кең тараған түрі бар. Бұл жағдайда екі ірі партияның ешқайсысы сайлауда жеңіске жете алмайды, яғни 50 %-дан астам дауысты жинай алмайды, осы кезде «шағын» партиялардың рөлі артады, өйткені олар екі партияның біреуін қолдай отырып, Парламенттегі басымдықты қамтамасыз ете алады. Мысал ретінде Германияны келтіруге болады. Аталмыш елде екі ірі партия (Христиан-демократиялық одақ/ Христиан-социалды одақ блогы және Германия Социал-демократиялық партия) елдің саяси бағытын анықтау үшін «үшінші партиялармен» («Жасылдар» партиясы, Еркін демократтар)  бірігуге мәжбүр. Соңғы жылдары Ұлыбританиядағы классикалық бипартиялық жүйе бірте-бірте «2+1» жүйесіне көшуде, себебі, бұл елдегі Либерал-демократиялық партияның рөлі күннен күнге өсіп келеді. 

Батыс Еуропа елдерінде (Италия, Бельгия, Нидерланды, Швеция, Дания, Норвегия және т.б.) жиі кездесетін көппартиялық жүйеге тән белгілер: бірнеше партияның бәсекелестік күресі, шиеленістілік, саяси жүйедегі көпшілік партиялардың саяси билікті жүзеге асыру үшін парламенттік коалициялар құруға бейімділігі. Итальяндық саясаттанушы Дж. Сартори көппартиялықтың: шектелген плюрализм жүйесі (Бельгия, Нидерланд), шектен шыққан плюрализм (Италия) және плюрализмнің атомдалған жүйесі (Малайзия) cияқты негізгі түрлерін ерекшеледі. Cаяси жүйеде 20-дан астам партиялардың болуымен сипатталатын соңғы түрге Шығыс Еуропадағы, сондай-ақ Ресейдегі, Украинадағы посттоталитарлық партиялық жүйелерді де жатқызуға болады. Бұл елдерде ұзақ уақыт тоталитарлық бірпартиялық жүйе болғандықтан, партиялық құрылыстың белсенді үдерісі жүруде.  Саяси жүйедегі көп партиялардың болуы, көп жағдайда, сол елдегі партиялық жүйенің енді ғана қалыптасып келе жатқанын білдіреді. 


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға