Жаңалықтар

Өзімді басқа ұлттың өкілімін деп санамаймын – Алла Сергейқызы

Өзімді басқа ұлттың өкілімін деп санамаймын – Алла Сергейқызы
Фото: Жеке мұрағаттан 07.03.2023 10:00 1826

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ресми өкілі, «Шапағат», «Мейірім» медальдарының және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісінің иегері, журналист Алла Сергейқызы Платоновамен сұхбат

- Алла Сергейқызы, өзіңізбен біраз уақыттан бері таныс болсақ та, қазір немен айналысып жүргеніңізді білмейміз. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ресми өкілі ретінде қызмет атқарып жатыр екенсіз. Мұндағы қызметіңізге қанша уақыт болды? Бұл мекеме немен айналысады, әңгімені осыдан бастасақ.

- Жол активтері ұлттық сапа орталығында жұмыс істеп жүргеніме екі жыл болды. Мекеменің бас директоры Замир Сағынов мырзаның арнайы шақыруымен келдім. Жол саласы – мен үшін тың, күрделі салалардың бірі. Өзіме үйреншікті жұмысты тауып алуыма да болар еді. Бірақ мен осы саланы да танып білгім, лайықты үлес қосқым келді.

Өзімді басқа ұлттың өкілімін деп санамаймын – Алла Сергейқызы

Кәсіпорнымыз 2019 жылы құрылған. Негізгі қызметі: республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстаудағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама, жолдарды диагностикалау және аспаптық тексеру, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу.

- Сонда жолдың сапасын зерттейтін өздеріңіздің арнайы зертханаларыңыз бар ма?

- Иә, біздің кәсіпорын жол­техникалық сараптамасының толыққанды жүйесін қалыптастыру мақсатында 16 облыстық жолдарды зерттеу зертханасын біріктіру арқылы құрылған болатын. Бұрын облыстық зертханалар тек республикалық жолдардың сапасын тексеретін болса, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы (ЖАҰСО) еліміздің барлық жолдарының сапасын тексерумен айналысады.

- Жалпы Қазақстанда қандай жол мәселелері бүгінде өзекті? Елімізде әлемдік, халықаралық стандартқа сай жолдар қашан салынып бітеді?

- Қазақстанда шамамен 157 мың шақырым автомобиль жолдарының желісі бар. Оның ішінде 25 мыңнан астамы - республикалық маңызы бар және 70 мыңы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, сонымен қатар елді-мекендердегі көшелер 62 мың шақырымды құрайды.

Қазіргі уақытта елімізде халықаралық стандарттарға сай жолдар салынып жатыр. Ал, мәселелерге келетін болсақ, ең алдымен жол саласында маман тапшылығы мәселесі күрделі тұр. Бүгінде елімізде 8 жоғары оқу орнында жол құрылысы мамандығына барлығы 607 студент оқып жатыр. Бірақ бұл сан еліміздің қарқынды дамып жатқан жол құрылысы саласына өте аздық етеді. Соңғы 10 жылда Қазақстанда автокөлік мамандығы бойынша магистратураны небәрі 253 адам бітірді. Ал докторантура бойынша бірде-бір мемлекеттік грант бөлінген жоқ!

Қазіргі таңда жол құрылысы саласында орын алған маман тапшылғы мәселесі елдің инфрақұрылымдық дамуына, осы бағытта орындалатын жұмыстардың, жобаларды іске асырудың сапасы мен мерзіміне әсер етеді. Осы бағытта Сапа орталығының зертханаларында оқушылар үшін Ашық есік күндері үнемі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, «2000 мектеп» акциясы аясында кәсіби бағдар беру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жүр.

- Жұмыс барысында қай тілде сөйлесесіздер? Қазақ тілінің жол саласында даму деңгейі қандай?

- Халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкер мемлекеттік тілді білу керек деп санаймын. Мекемемізде тіл мәртебесі қалай десеңіз, апта сайын мемлекеттік тілді, әдет-ғұрыпты дәріптеу күнін ұйымдастырып келемін.

Қазақтың ұлттық тағамдарынан бауырсақ, құрт-ірімшік сияқты дәмдері кабинеттердің сәніне айналды деуге негіз бар. Қазақы салт-дәстүрмен жақын таныстыруды өзіме міндет санадым. Тұсаукесер, қыз ұзату, асық ату, баланы қырқынан шығару, бесікке салу секілді түрлі ұлттық болмысымыздың көріністері көз алдымызда қойылымға айналуда.

Бұл іс-шаралардың мәні өте зор деп санаймын. Сонымен қатар әріптестеріміз ақын-жазушылардың өлеңдерін оқып, мақал-мәтелдерді іліп айтып, жаңылмай жаңылтпаш айтудан жарысамыз.

- Керемет, сонда бұл шараларға барлық ұжым, өзге ұлт өкілдері де қатыстырыла ма? Олардың ынтасы қалай?

- Әрине, менің көңіліме медеу болар жайт, өзге ұлт өкілдері, әріптестеріміз де бұған қызығушылық танытып, қазақтың әндерін айтып, өлеңдерін оқып, тіпті домбырада ойнап өздерін басқа қырынан танып жатыр.

Мен тілдің жайын тек қызыл сөзді құлпырту үшін айтпаймын, оның дамуына септігімді тигізу үшін еңбек етудемін. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті, сөйлеп үйренгісі келетін әріптестеріме күнделікті таңертең бір сағат уақытымды арнап, қазақ тілінен сабақ та беріп жүрмін. Қызығушылықтары жаман емес, өте жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар да бар.

- Бәрекелді! Өзіңізді мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жанашыры ретінде танимыз. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы қалай?

- Бұрын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе бұл нонсенс боп көрінетін. Ал қазір ол таңғалатын дүние емес. Менің ойымша мемлекеттік тілді Қазақстанда туған барлық балаларға бірдей балабақшадан міндеттеп оқыту керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бар ғой. Меніңше қазақ тілін бала жастан үйрету маңызды. Мемлекеттік тілдің жағдайы жақсарғанымен әлі осы бағытта көп жұмыс істеу қажет.

- Кәсіпорындағы жұмысшылар незігінен қазақстандықтар ма, әлде шетелден де бар ма?

- Бізде тек отандық жұмысшылар ғана қызмет етеді.

- Кәсіпорындағы қызметкерлер арасында этникалық алауыздық болып тұра ма әлде сіздерде ұлттар достығы салтанат құрған ба?

- Біздің ұжым береке-бірлігі жарасқан ұжым десем болады. Негізінен Сіздің бұл сұрағыңызға жаңа ғана жоғарыда жауап беріп кеттім деп ойлаймын.

- Алла Сергейқызы, енді өзіңіз жайлы да қысқаша айта кетсеңіз. Қай жақтың тумасысыз?

- Мен Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Тасты ауылының тумасымын. Ата-анам қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған. Негізінде, менің ата-анам шаруаның адамдары болғандықтан таңның атысынан-кештің батысына дейін жұмыста жүретін. Мен мектептің бастауышын орыс сыныбында оқыдым. Ол кезде ауылымыз орыс пен украин, басқа да ұлт өкілдері тұратын, айрандай ұйыған, татту-тәтті ел едік.

Қазақ жері - бірлік пен татулықтың мекені ғой. Қазір мен өзімді басқа ұлттың өкілі деп санамаймын. Мен – Қазақстандықпын, қазақпын! Анам молдаван халқының ұлттық дәстүрінде тәрбиеленген. Маған үйреткені көп. Бірақ мен өзім үшін соның барлығынан қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жоғары қоямын. Себебі мен Молдавияда емес, Қазақстанда тудым, тұрамын, қызмет етемін.

- El.kz арқылы елге айтар тілегіңіз болса, жеткізейік!

- Мен Қазақстан азаматы екенімді мақтан етемін. Татулықты ту еткен бейбіт елімізді қазіргі уақытта әлем таниды. Еліміз өсіп-өркендеп, қазақ тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, қайда жүрсек те ұлтжандылықты танытайық! Татулығымыз тұрақты, бірлігіміз берік болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға