Өзбекстанның екі ауылы Қырғызстан құрамына өтті: Қазақстанға қандай ұсыныс жасалды?

 AI / El.kz
Фото: AI / El.kz

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараны нақтылау жұмыстары аясында Ферғана облысына қарасты Чонгара және Таш-Тобо ауылдары ресми түрде Қырғызстан құрамына өтті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Оның айтуынша, екі ауылда шамамен 2,5 мың адам тұрады және олардың басым бөлігі – этникалық қырғыздар.

Бүгінде Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны демаркациялау аясында бұрын Өзбекстан аумағына қарасты болған екі елді мекен өз тұрғындарымен бірге Қырғыз Республикасының құрамына өтті. Бұл елді мекендерде этникалық қырғыздар тұрады, – деді Асқат Алагөзов.

Жақын уақытта ауыл тұрғындары қайта тіркеуден өтіп, Қырғызстан азаматтығын ресми түрде алады. Бұған дейін Өзбекстан билігі тұрғындарға өз азаматтығын сақтап, елдің басқа өңіріне көшуге мүмкіндік ұсынғанымен, көпшілігі туған жерінде қалып, Қырғызстан құрамында өмір сүруді таңдаған.

Жер айырбасы жол құрылысын жеңілдетеді

Келісім аясында екі ел 236 гектар көлеміндегі тең құнды жер учаскелерімен де алмасты. Бұл Баткен облысындағы көлік қатынасын жеңілдетуге бағытталған.

Сай ауылынан Таян ауылына дейін заманауи автомобиль жолын салу үшін 236 гектар тең құнды жер учаскелері өзара алмасылды. Соның арқасында Баткен облысының тұрғындары Айдаркеннен Баткенге дейінгі жолды 225 шақырым емес, небәрі 55 шақырыммен жүріп өте алады, – деді Алагөзов.

Қазақстанға да жер айырбастау ұсынылды

Қырғызстан Қазақстанға да Тоқмақ қаласы маңындағы жолдың 800 метрлік бөлігіне қатысты тең құнды жер айырбастау жөнінде ұсыныс жасағанын жариялады.

Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, бұл жоба жүзеге асса, Тоқмақ пен Кемин арасын жалғайтын шамамен 150 шақырымдық ақылы автомагистраль салуға мүмкіндік туады.

Айта кету керек, Тоқмақ қаласы қырғыздың Шу облысында орналасқан және ол солтүстігі мен батысында Қазақстанның Жамбыл облысымен шектесіп жатыр.

Соған қарамастан, тәуелсіз сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара жөніндегі барлық негізгі халықаралық келісімдер әлдеқашан күшіне енгендіктен, оларды қайта қарау ықтималдығы төмен екенін айтады.

Кемпір-Абад келісімі қалай аяқталды?

Қазіргі өзгерістер 2023 жылы аяқталған Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі тарихи келісімнің жалғасы саналады.

Келісім бойынша Өзбекстан Кемпір-Абад (Әндіжан) су қоймасын және оған қатысты 4 976,5 гектар аумақты өз бақылауына алды. Ал Қырғызстан өтемақы ретінде жалпы көлемі 13 868 гектар жерге ие болды.

Өзбек тарапының мәліметінше:

«Өзбекстанға Кемпір-Абад су қоймасы аумағының 4 957 гектары және плотинаға қызмет көрсету үшін қосымша 19,5 гектар берілді. Қырғызстанға өтемақы ретінде жайылымдық жерлер мен «Гавасай» учаскесінен 12 849 гектар жер бөлінді».

Сонымен қатар екі ел су ресурстарын бірлесіп басқару жөнінде арнайы комиссия құрып, су қоймасын ортақ пайдалану тәртібін бекітті.

Оқи отырыңыз