Димаш Құдайбергеннің алып портретін жіппен тоқып, көпшілікті таңғалдырған шебер Жадыра Қабдоллақызының жұмысы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Туынды жарияланғаннан кейін небәрі екі аптаның ішінде 1,8 миллионға жуық қаралым жинап, оған 15 мыңнан астам пікір жазылған. Бүгінде Астанада тұратын шебер сегіз жылдан бері кілем тоқумен айналысып, әлемнің әр түкпіріндегі 500-ден астам шәкіртке осы өнерді үйретіп жүр. El.kz тілшісі қолөнер шеберімен Димаштың портретін тоқуға не түрткі болғаны және қызы үшін басталған қолөнердің үлкен іске қалай ұласқаны туралы әңгімелесті.
– Жадыра ханым, Димаштың алып портреті көпшілікті таңғалдырды. Ал сіздің таңдауыңыз неге дәл Димашқа түсті?
– Кілем тоқуды бастаған кезде алдымен шағын жұмыстардан бастадым. Кейін ою-өрнек салып, түрлі түсті жіптерді қолданып үйрендім. Бірте-бірте тәжірибе жинап, шеберлігімді дамыттым. Содан кейін «Оюды немесе кез келген суретті кілемге түсіре алсам, неге адамның портретін тоқып көрмеске?» деген ой келді.
Бұл идея осыдан екі жыл бұрын пайда болды. Бірақ кімнің бейнесін тоқитынымды ұзақ ойландым. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы секілді тұлғалардың портретін жасағым келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың немесе Геннадий Головкиннің бейнесін тоқысам ба деген де ой болды.
Маған әр қазақ мақтан тұтатын, көпшілік құрметтейтін тұлға керек еді. Кейін Димаштың концертіне бардым. Мен оны қатты сыйлаймын. Еңбекқорлығын, талантын, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалаймын. Концертке оны тыңдау үшін шетелден арнайы келген адамдарды көрдім. Сонда Димаштың халқымыздың мақтанышы, адамдарды біріктіре алатын тұлға екенін сезіндім. Сөйтіп, оның бейнесін тоқуға шешім қабылдадым.
– Бұл ойды жүзеге асыруға бірден кірістіңіз бе?
– Жоқ, басында қатты қобалжыдым. «Қолымнан келе ме, келмей ме?» деген күмән болды. Ою-өрнек тоқу бір бөлек, адамның портретін жасау мүлде басқа дүние. Адамның жүзін, көзқарасын, мимикасын, мінезін жіппен жеткізу оңай емес.
Кезінде сурет мектебіне барғанмын. Сонда мұғаліміміз портретті тірі адамдай көрсету үшін оның жан дүниесін, мінезін сезіну керегін айтатын. Димаштың портретін жасағанда да оның суретін жай ғана қайталап шыққым келмеді. Бейнесінен болмысы сезіліп тұрғанын қаладым.
– Портретке негіз болатын суретті қалай таңдадыңыз?
– Өте көп сурет қарадым. Бір суретте Димаш өзіне ұқсамайтын секілді көрінеді, екіншісін жіппен бейнелеу қиын. Осылайша жүзге жуық суретін қарап шықтым.
Ақыры бір суретке тоқталдым. Бірақ нақты шешім қабылдауға да біраз уақыт кетті. Өзіме деген сенімсіздік болды. Кейін суреттің арнайы сызбасы жасалды. Портреттің биіктігі – 2 метр, ені – 1,40 метр. Сызба мен эскиз – қағаздағы дүние, ал осындай көлемдегі портретті жіппен кілемге түсіру мүлде бөлек жұмыс.
Кілем толық біткенше күмән мен қорқыныш болды. Бірақ тоқу процесінің өзін жақсы көретіндіктен, істі соңына дейін жеткіздім. Бар білімімді, қабілетімді осы жұмысқа салдым.
– Портретті әлеуметтік желіде осылай тез таралады деп күттіңіз бе?
– Әрине, еңбегімнің еленгенін, көпшілікке ұнағанын қаладым. Бірақ оны жариялауға біраз уақыт батылым жетпей жүрді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Instagram-ға салғаннан кейін рилс бірден тарала бастады. Бір сағаттың ішінде үш мыңнан астам пікір жазылды. Секунд сайын ондаған хабарлама келіп жатты. Телефонға қарап отырып: «Шынымен де, бұл менің басымнан өтіп жатыр ма?» деп ойладым.
Ертеңіне түрлі пабликтер мен телеарналар хабарласып, сұхбатқа шақыра бастады. Осындай нәтиже болғанын қалағаным рас, бірақ бәрі дәл осылай өрбиді деп күтпедім.
– Димаштың жанкүйерлерінен қандай пікірлер келді?
– Қазір видео 1 миллион 800 мыңға жуық қаралым жинады. 15 мыңнан астам пікір жазылған. Сол пікірлердің арасынан бірде-бір жағымсыз пікір кездестірмедім. «Жұмысыңыз ұнамады» деген секілді сөз болған жоқ.
Осының бәрін көріп, жұмысымның соншалықты жақсы қабылданғанына өзім де әлі сене алмай жүрмін. Димаштың жанкүйерлеріне және, әрине, Димаштың өзіне алғысым шексіз.
– Портретті Димаштың өзі көрді ме? Оған табыстау жоспарыңыз бар ма?
– Әрине, портретті Димашқа өзім табыстағым келеді. Егер тікелей қолына бере алмасам да, оған жеткізудің мүмкіндігі болса, беруге дайынмын.
Бұл хабар Димашқа жетті ме, жетпеді ме, нақты айта алмаймын. Бірақ көрді, мен туралы естіді деп үміттенемін. Оның жұмыс кестесі тығыз екенін түсінемін. Алда әлемдік туры бар. Гастрольдері аяқталып, уақыты болған кезде өзі немесе командасы хабарласар деп сенемін.
Кілем тоқу маған шыдамдылықты үйретті. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Сондықтан күтуге дайынмын. Бұл портрет те бір күні өз уақытында Димаштың қолына жетеді деп сенемін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
– Енді әңгімені өзіңізге бұрсақ, қай жерде туып-өстіңіз? Мамандығыңыз қандай?
– Мен Орал қаласының тумасымын. Сол жерде туып-өстім. Мамандығым бойынша менеджермін. 2007 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірдім. Қазір қырық жастамын, Астанада тұрамын. Жанұям, үш қызым бар.
– Кілем тоқуға қалай келдіңіз? Бұған не себеп болды?
– Бәрі екінші қызымның денсаулығынан басталды. Ол кішкентай кезінен жиі ауыратын. Үйден шықпасақ та, балабақшаға бармаса да, қайта-қайта сырқаттана берді. Бір емделіп, екі-үш күн жақсы жүргеннен кейін қайта ауыратын. Дәрігерлерге көп қаралдық.
Ақырында оның шаң мен түрлі иіске өте сезімтал екенін білдік. Дәрігерлер үйдегі шаң-тозаң жинайтын заттарды алып тастауға кеңес берді. Олардың қатарында жүннен жасалған бұйымдар, кітап сөрелері, ойыншықтар, гүлдер, кілем де болды.
Бірақ кілемнен біржола бас тартқым келмеді. Қазақтың үйін кілемсіз елестету қиын ғой. Оның үстіне қызым ол кезде бір-бір жарым жаста ғана еді. «Кішкентай баланы жалаңаш еденге қалай отырғызамын?» деген ой мазалады. Содан қызыма арнап шағын кілемді өзім тоқып беруге бел будым.
– Ол кезде кілем тоқудың қыр-сырын қайдан үйрендіңіз?
– Instagram-нан кілем тоқитын бір испаниялық қыздың парақшасын үнемі қарайтынмын. Жұмыстары қатты ұнайтын. Бірақ испан тілін білмеймін. Ол кезде қазіргідей ыңғайлы технологиялар да жоқ. Сондықтан жазған әр сөзін аударма бағдарламасына салып, жеке-жеке аударып отыратынмын.
Суреттеріне қайта-қайта қарап, «Бұл менің де қолымнан келетін сияқты» деп шештім. Басында қандай жіп қолдану керегін де білмедім. Google-дан «Кілем неден тоқылады?», «Жуан жіпті қайдан табуға болады?» деп іздейтінмін. Іздене жүріп қажетті жіпті де, тоқу тәсілін де таптым. Сөйтіп, қызыма алғашқы кілемді тоқып бердім.
– Кілем тоқу сіздің тұрақты кәсібіңізге қалай айналды?
– Кілемді көрген адамдар қызығып, «Неге тапсырыспен тоқымайсың? Бізге де жасап берші» дей бастады. Ал мен күліп: «Сендерге кілем тоқып отыратын әже емеспін ғой. Ертең жұмысқа шығамын, маған мұндай бизнес керек емес», – дейтінмін.
Кейін Астанаға көшіп келдік. Қызымның денсаулығы түзеліп, оны балабақшаға бердім. Өзім де декреттен кейін жұмысқа шығуды жоспарлап жүргенде үшінші қызыма аяғым ауыр екенін білдім. Жаңа қалада жанымда көмектесетін жақындарым болмады. Тағы да ұзақ уақыт үйде отыратынымды ойлап, қатты күйзеліске түстім.
Содан Астананың суық күндерінің бірінде үйде отырып, кілем тоқуға қайта кірістім. Instagram парақшамды да сол кезде аштым. Алғашқы тапсырыстарымды туыстарым мен таныстарым берді. Бірақ шамамен бір айдан кейін тапсырыс тоқтап қалды. Өйткені шағын кілемдер біздің адамдарға таңсықтау еді. Көпшілік үйіне үлкен кілем төсегенді қалайды.
Сол кезде мамандығым бойынша алған білімімді пайдалануға шешім қабылдадым. Мен менеджмент мамандығын оқыдым, университетте маркетинг пен кәсіпті дамыту жолдарын үйрендік. Нарықты зерттеп, адамдарға қандай кілем қажет екенін сараладым.
Сөйтіп, үлкен көлемдегі кілемдер тоқып, оларға қазақтың ұлттық ою-өрнектерін сала бастадым. Осыдан кейін сұраныс артып, тапсырыс көбейді. Кейін адамдардың кілем тоқуды үйренуге де қызығатынын байқадым. Осылайша тапсырыс қабылдаумен қатар, оқыту курстарын да жүргізе бастадым.
– Қазір тапсырыс берушілер көбіне қандай кілемдерді таңдайды?
– Көбіне ою-өрнегі бар кілемдерге тапсырыс береді. Әрине, бір түсті, қарапайым үлгідегі кілем сұрайтындар да бар. Бірақ ұлттық нақыштағы жұмыстарға сұраныс жоғары.
Меніңше, кілемдерімнің үш негізгі ерекшелігі бар. Біріншісі – қолдан жасалады. Екіншісі – мақта жіптен тоқылады. Үшіншісі – қазақтың ұлттық ою-өрнектері қолданылады.
Оюдың әрқайсысының өзіндік мәні мен мағынасы бар. Қазақтың оюы бар кілемдердің әлемнің әр түкпіріндегі адамдарға қызық болуы мені ерекше қуантады.
– Кілемге салатын оюлар мен жаңа дизайндарды қайдан іздейсіз?
– Дизайн таңдау – мен үшін ең қиын кезеңдердің бірі. Оған шығармашылықпен қатар көп ізденіс керек.
Бізге ата-бабамыздан қалған кілемдер, әжелеріміз тоқыған бұйымдар бар. Олардың үлгілері ескі кітаптарда кездеседі. Сондықтан сондай басылымдарды іздеп, жинауға тырысамын. Қазір жеке кітапханам да қалыптасып келеді. Кейбір кітаптарды Ресейден арнайы алдырамын. Қазақстанда табылмайтын көне басылымдарды буккинистік сайттардан іздеймін.
Сол кітаптардағы кілемдерге, ою-өрнектерге қарап идея аламын. Мен тарихшы емеспін, бұл саланы терең зерттеген маманмын деп те айта алмаймын. Бірақ оюды әдемі екен деп кез келген жерге қолдана салғым келмейді. Оның бастапқы мәні жоғалмағанын қалаймын. Сондықтан ізденіп, зерттеп барып қана дизайныма енгізуге тырысамын.
– Бір кілемді тоқуға орта есеппен қанша уақыт кетеді?
– Көлеміне қарай әртүрлі. Кішкентай кілем кейде бір аптаның ішінде дайын болады. Үлкен кілемге бір ай, бір жарым ай, тіпті екі айға дейін уақыт кетеді.
Жұмысқа кіріспес бұрын жоспар құрамын. Мысалы, бір айда аяқтауым керек болса, күн сайын қанша қатар тоқу керегін есептеймін. Бүгін он қатар тоқуым керек болып, үлгермей қалсам, келесі күні жиырма қатар тоқуға тура келеді.
Тапсырыс берушіге нақты мерзім айтамын және сол уақытқа дейін жұмысты аяқтауға тырысамын. Осы уақытқа дейін клиенттің сенімін ақтамай қалған емеспін. Бір рет кілем алған адамдардың қайта тапсырыс беретін кездері көп. Тіпті бір үйге алты, тоғыз кілемге дейін тоқып берген кезіміз болды.
– Өзіңіз тоқыған кілемдерді үйіңізде де пайдаланасыз ба?
– Қазір үйімде басқа кілем жоқ. Тек өзім тоқыған кілемдерді пайдаланамын.
Өз басымнан өткен жағдайдан кейін материалдың сапасына қатты мән беретін болдым. Біз әртүрлі кілемдерді жағып, тәжірибе де жасап көрдік. Синтетикалық кілем жанғанда қою түтін шығып, материалы балқып кетті. Ал мақтадан тоқыған кілем шетінен баяу жанып, кейін күлге айналды.
Содан бері үйіме қандай кілем төсейтініме өте мұқият қараймын. Тұтынушыларымның арасында да алғаш бір кілем алып, кейін үйіндегі қалған кілемдерін ауыстыру үшін қайта тапсырыс беретіндер бар.
– Кілем тоқуды өзгелерге үйретуді қашан бастадыңыз? Қазір қанша шәкіртіңіз бар?
– Үлкен кілемдерге сұраныс көбейгеннен кейін адамдар оны тоқуды да үйренгісі келетінін байқадым. Сөйтіп, курстар өткізе бастадым. Қазір әлемнің әр түкпірінде 500-ден астам оқушым бар.
Олардың арасында бұл өнерді кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүргендері де бар. Тек қазақтар емес, түрлі ұлт өкілдері оқиды. Ингушетия, Татарстан, Грузия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерден қатысушылар бар.
– Шетелдік шәкірттеріңіз көбіне нені үйренуге қызығушылық танытады?
– Көпшілігі өз мәдениетіне тән ою-өрнектерді кілемге түсіргісі келеді. «Ұлттық нақыштарымызды тоқуды үйретесіз бе?» деп сұрайды. Алдымен тоқу тәсілін үйреніп, кейін өздеріне тән ұлттық нақыштарды кілемге түсіреді.
Тіпті орыс тілін білмейтін адамдар да курсымды сатып алады. Жақында Дубайдан бір қыз хабарласты. Мен курстың тек орыс тілінде екенін айттым. Сонда ол: «Бұл – менің мәселем. Амалын өзім табамын. Ең бастысы, курсты беріңізші», – деді.
Мен де кезінде испан тілін білмей, ақпаратты сөзбе-сөз аударып отырып үйрендім. Сондықтан мұндай адамдардың талпынысын жақсы түсінемін.
– Үш қыздың анасы ретінде отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Мен тоқымашы, кәсіпкер, блогер немесе оқытушы болудан бұрын – анамын. Мен үшін бірінші орында отбасым мен балаларым тұрады. Олардың қалай өсіп келе жатқанын көріп, үнемі жанында болғым келеді. Үйде отырып жұмыс істеуді таңдауыма да осы себеп болды.
Балаларым бес-он жылдан кейін өсіп, маған дәл қазіргідей мұқтаж болмауы мүмкін. Сондықтан осы кезеңде оларға барынша уақыт бөлгім келеді. Сонымен қатар өзімді де ұмытпай, сүйікті ісіммен айналысқым келеді. Кілем тоқу мен үшін ең алдымен шығармашылық, ол маған қуаныш сыйлайды.
– Осы өнер сізді қалай өзгертті?
– Ең алдымен шыдамдылыққа үйретті. Әр нәрсенің өз уақыты бар екенін түсіндім. Қанша асықсаң да, кейбір істің орындалатын сәті келеді.
Кілем тоқу да сондай. Кейде өзіңе қысқа мерзім белгілеп, тез аяқтағың келеді. Бірақ әр жұмыстың өз уақыты болады. Сондықтан қазір көп нәрсеге сабырмен қарауды үйрендім.
– Қазір кілем тоқу ісінде сізге ең көп қиындық туғызатын мәселе қандай?
– Сапалы жіп табу қиын. Қазақстанда кілем тоқуға қажетті сападағы жіпті әзірге таба алмай жүрмін. Сондықтан Ресейден, Беларусь пен Қытайдан тапсырыспен алдырамын.
Жіптің сапасы өте маңызды. Кілем бір-екі ай пайдаланатын дүние емес, адамның төрінде жылдар бойы тұрады. Сондықтан материалдың сапасына ерекше көңіл бөлемін.
– Алдағы уақытта жүзеге асырғыңыз келетін қандай жоспарыңыз бар?
– Қазақстанда кілем тоқуға арналған сапалы жіп шығаратын өндіріс орнын ашсам деген ойым бар. Өйткені оған сұраныс бар. Әсіресе оқушыларым қажетті материалды шетелден ұзақ күтпесе екен деймін.
Әрине, өндіріс ашу қаржыға байланысты. Мемлекет тарапынан қолдау немесе демеушілер табылса, бұл бастаманы қуана қолға алар едім.
Бұдан бөлек, бірнеше шығармашылық идеям бар. Бірақ әзірге бәрін жариялағым келмейді. Өзімді қатты шектеп, бұл істі тек бизнеске айналдырғым келмейді. Шығармашылық маған ең алдымен қуаныш пен ләззат сыйлауы керек. Сондықтан жаңа идеяларымды асықпай, ретімен жүзеге асырғым келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!