Маңғыстау облысында табиғи нысандарды бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері Маңғыстау өңіріндегі әйгілі табиғи аймақтардың бірі – Ыбыкты Сай шатқалының жартастарына белгісіз азаматтың өз есімі мен автокөлігінің мемлекеттік нөмірін қашап жазғанын әшкерелеген.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықталған. Аталған әрекет табиғи ландшафттың тұтастығына зиян келтіріп, қоғамда сын тудырды. Тексеру нәтижесінде құқық қорғау органдары бұл әрекетке 21 жастағы Маңғыстау облысының тұрғынының қатысы барын анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ мәліметінше, сот үкімімен жас жігітке 25 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды.
Ведомство табиғи және тарихи-мәдени нысандарды бүлдіру заңмен қатаң жазаланатынын ескертті.
Табиғи объектілерге, тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне және қорғалатын аумақтарға жазу немесе сурет салу – мүлдем жол берілмейтін әрекет. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған, – делінген ІІМ хабарламасында.
Мамандардың пікірінше, мұндай зақымдануды қалпына келтіру мүмкін емес. Кез келген тазалау жұмысы тас бетінің ежелгі қабатын бұзып, тарихи құндылықты толық жоюы ықтимал.
«Бұл тек бұзақылық па, әлде рухани дағдарыс па?»
Журналист Әбілсерік Әлиакбар өзінің Facebook парақшасында бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, мәселенің терең әлеуметтік астарына назар аударды. Оның айтуынша, бұл жағдайды тек құқықбұзушылық ретінде емес, рухани құндылықтардың әлсіреуі ретінде де қарастыру қажет.
Ол өз жазбасында былай дейді:
Маңғыстаудағы вандализм кімнің соры? Қаратау жотасындағы қола дәуірінен жеткен көне петроглифтерге жасалған қиянат жай ғана бұзақылық емес. Бұл біздің тарихи жадымызға түскен сызат. Ғасырлар бойы табиғатқа төтеп берген мұра бүгін "қолтаңба" қалдырғысы келгендердің қолынан зардап шекті. Бұл рухани жұтаңдықтың белгісі емес пе?, – деді.
Мұндай жағдай Маңғыстауда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де Үстірт қорығы мен басқа да тарихи-мәдени нысандардың бүлінгені жөнінде бірнеше дерек тіркелген.
Сарапшылардың айтуынша, кең аумақта орналасқан ашық аспан астындағы тарихи нысандар толық бақылауға алынбаған. Қаратау сияқты аймақтарды тұрақты күзету немесе камерамен қамту қиындық тудырады. Қолданыстағы заңнамада тарихи мұраны бүлдіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанымен, іс жүзінде кінәлілердің бәрі бірдей тиісті жазасын ала бермейді.
Қоғам белсенділері бұл жағдайды «мәдени мұраға жасалған үнсіз қылмыс» деп бағалауда. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан кейін құқық қорғау органдарына кінәлілерді анықтап, қатаң шара қолдану туралы талаптар күшейді.
Қандай жаза бар?
Ішкі істер министрлігі соңғы кезде Қазақстанда тарихи, мәдени орындарда бүлдіру фактілері жиілегенін мәлімдеді. Елімізде қылмыстық кодексінің 294-бабына («Вандализм») сәйкес, мемлекет қорғауындағы нысандарды бүлдіргені үшін:
- 100-ден 2000 АЕК-ке (7 мыңнан 370 мың теңгеге) дейін айыппұл,
- қоғамдық жұмыс,
- 50 тәулікке дейін қамау,
- бас бостандығын шектеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2026 жылдың 10 мамырында Ішкі істер министрлігі тарихи және табиғи нысандарды «ескерткіш ретінде бүлдіретін» әрекеттерге жол бермеу жөнінде азаматтарға арнайы үндеу жасаған болатын.