Жаңалықтар

Отыз жасында 30 патенттің иесі атанған ғалым

Нобель атындағы медаль алған қазақ
Отыз жасында 30 патенттің иесі атанған ғалым
Фото: Нұрбол Аппазов 23.10.2017 14:50 7015

Ол химия ғылымын кездейсоқ таңдады. Алайда, жас ғалымның жасаған жұмыстарын тізбектесек, кездейсоқтық деп айта алмаймыз. Небары отыз жасында 30 шақты патенттің авторы атанған химия ғылымдарының кандидаты, «100 жаңа есім» жобасына қатысушысы Нұрбол Аппазовпен сұхбат құрып, тың жаңалықтарымен танысудың сәті түскен еді. 

–  Нұрбол Орынбасарұлы, химия саласына бет бұруыңызға не ықпал етті?

–  Химия ғылымын аяқасты таңдадым. Мектеп бітірген жылдарым тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келді. Ата-анамыз бірнеше ай бойы еңбекақыларын алмайтын күрделі кездер еді. Менің хирург-дәрігер боламын деген арманымды жүзеге асыруға материалдық жағдай мүмкіндік бермеді. Медициналық оқу орнына түсу үшін алыс қалаларға баруым керек. Ал, басқа жерге жіберуге ата-анамның жағдайы болмады. Осы тұста олар мені биология мамандығы бойынша білім алсын деген ниетпен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне апарды. Бір қызығы, сол жылы оқу орнында биология мамандығына талапкерлер қабылданбайды екен. Бірақ, химия бойынша оқуға қабылдау кезеңі жүріп жатты. Әке-шешем тағы да химия мен биология бір-біріне жақын деп ақыл-кеңесін айтып, осы мамандыққа оқуға түсуімді қалады. Осылайша мен химияның жолына қадам бастым. Жақсы маман болып қалыптасуымның сырын ұстаздарымның берген дұрыс бағытының арқасында деп білемін.

–  Ғалым ретінде жасаған тың жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз.

–  Негізгі ғылыми жұмыстарым химияның әртүрлі бағытымен байланысты. Кандидаттық диссертациямда мұнай өңдеуде түзілетін қалдықтарды және көптеген көмір, мұнай өнімдері секілді органикалық отындар жанғанда түзілетін ауаға зиянды газдарды бір-бірімен әрекеттестіру арқылы практикалық пайдалы, күрделі эфирлерді алу жағын зерттеген едім. Күрделі эфирлер біздің күнделікті тұрмысымызда кеңінен пайдаланылады. Олар ароматизаторлар, дәрі-дәрмекте, пластификаторлар, тұрақтандырғыштар, еріткіштер сияқты заттар. Осы бағытта ғылыми зерттеу жұмысымды жүргізіп, карбонильдеу реакциясымен алғаш рет көпатомды спирттерді пайдаланып, полиолды күрделі эфирлерді алдым. Бұл қосылыстар  биологиялық тұрғыда белсенділік көрсетіп, олардың түрлі бактериялар мен зеңге қарсы күшті антибактериялық, фунгицидтік немесе зеңдерге қарсы қасиеті анықталды. Бұдан басқа да бірнеше жұмыстар жасалды. Мәселен, мұнай ароматты көмірсутектерге бай. Осы көмірсутектерді тотықтыру арқылы пайдалы қосылыстарды аламыз. Неліктен ароматты қосылыстар? Өйткені, олар мұнайдың құрамында болады. Әрі улы және канцерогенді болып келеді. Ал, сол заттарды химиялық өңдеу арқылы басқа заттарға айналдырып жіберу қоғам үшін пайдалы болмақ. Мысалы, бүгінде менің жетекшілігіммен шыбын-шіркейді қуатын, ароматизаторлар ретінде тұтынатын дүниелерді, тағамдық дәмдеуіштер, бактерицидтік қасиетке ие заттарды алдық.  

Гидрлеу бағытымен де жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы, өсімдік майларын гидрлеу арқылы маргарин майын ала аламыз. Ол тағам дайындауда құрамында холестерині жоқ зиянсыз май болып табылады. Жануар майын жиі пайдаланудың адам денсаулығына зиян екенін баршамыз білеміз. Яғни, оның құрамында холестерин болады. Холестерин атеросклероз секілді ауруларды тудыруы мүмкін. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Менің гидрлеу бағытындағы жұмысымның бірі – нанокатализаторлар алу. Қазіргі өндірісте өсімдік майларын гидрлеу үшін қымбат катализаторлар қолданылады. Менің бұл жұмысым өнім өндірудің арзан баламасы арқылы тиімді жолын қарастыру үшін жасалып жатыр. Нанокатализаторлар әр түрлі ауыспалы металдардың нано бөлшектерін алып, оны активтелген көмірге отырғызып, соны катализатор ретінде пайдаланғанда мыңдаған есе тиімді  болады. Оның белсенділігі өндірістегілерден кем емес.

Бүгінде химиялық реакцияларды микротолқынды активациялау арқылы жүргізу көбірек қолданылып келеді. Бұрын кәдімгі қыздыруды (от немесе электр қыздырғыштары) пайдаландық. Біріншіден, жылу процесін пайдаланған кезде энергия көптеп кетеді. Содан соң реакциялар ұзақ уақыт жүргізіледі. Осы жолды арзандату, тиімді ету үшін жұмыстарымызды микротолқынды пештерде жүргіземіз. Сол кезде біздің сағаттап жасайтын реакцияларымыз бірнеше минуттарда аяқталады. Осы әдіс арқылы мен эфирлену, қосылу реакцияларын микротолқынды пеште жүргізудің тәсілдерін аштым. Бұл бағыттағы жұмыстарыма  бірнеше патенттер алған болатынмын.

–  Жергілікті табиғи байлықтарды қолдану арқылы жасаған өнімдеріңіз бар ма?

–  Әрине бар. Өңірімізде өсетін жантақ өсімдігінен полифенолды, яғни флавоноидтарды алдық. Флавоноидтар қазіргі таңда антиоксидант ретінде кеңінен қолданылады. Нақтырақ айтсақ, ол адам ағзасын бос радикалдардан тазартады. Жантақтан жасалған өнімді  атеросклероз ауруындағы тамырдың ішкі қабатында пайда болған жаралардың алдын алу мақсатында жасадық. Зерттеу жұмысы алдымен тышқандарға жүргізілді. Зерттеу барысы Ресейдің биофизика институында жүзеге асырылды. Осы тәжірибеміз арқылы жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

–  Қанша жобаңыз патенттелді?

–  Менің алған патенттерім химияның әр түрлі бағытына байланысты. Мысалы, жоғарыда атап өткендей микротолқындық активация, мұнай қалдықтарын өңдеуге байланысты патенттер бар. Сосын фосфор органикалық қосылыстар негізінде өсімдіктің өсуін реттеуіштер алу, биоыдырағыш полимерлер жасауға байланысты патенттер берілді. Осындай бағыттар бойынша жалпы саны 30-дай болады. Өнертабыстық және инновациялық патенттерден басқа шетелдік жоғары импакт-факторлы және еліміздегі басылымдарда 70 мақалам жарық көрді. Студенттерге арнап жазған 4 оқу құралым, 2 монографиям бар. Одан өзге 164 ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбек жаздым. 

– 2014 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертабысты дамытуға қосқан үлесіңіз үшін А.Нобель атындағы медальды иелендіңіз. Бұл марапатты Нобель сыйлығына ашылған жол деуге бола ма?

– Нобель сыйлығына ашылған жол деп айту қиындау. Өйткені, ол атақты иелену үшін ғылымда төңкеріс жасап, үлкен жаңалық ашу керек. Мен ондай жетістікке жеткен жоқпын әзірге. Біз жасап жүрген жұмыстар қолданылып жүрген дүниелердің параметрлерін жақсарту, арзандату, оңай жолдарын табу болып табылады. Сондай өнертабысты дамытуға үлес қосқаным үшін маған Нобель медалі берілді. Ал, Нобель сыйлығын алу үшін өте көп еңбек ету керек, жаңалық ашу керек. Оған жету оңай жолмен келмейді.

– Былтыр өзіңіз дәріс беретін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың және ҚР Білім және министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына лайықты деп танылдыңыз. Ізіңізді жалғастырар шәкірттеріңіз бар ма?

– Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы деген құрметке ие болдым. Алайда, мұны мен жеке өзімнің ғана еңбегім деп айта алмаймын. Менің жетекшілігіммен бірге жұмыс істейтін командамның да жемісі. Себебі, шәкірттерім болмаса, мұндай үлкен істерді жалғыз өзім жасай алмас па едім. Ізімнен ерген шәкірттерім өте көп. Қазіргі таңда Қазан қаласында аспирантурада оқып жатқан Ақылбеков Нұрғалиді, Тұрманов Рақымжан, Ниязова Динара, Еспанова Индира есімді шәкірттерімді ерекше атап кетер едім. Олар ғылым жолында аянбай ізденіп, еңбек етсе, үлкен жетістіктерге жетіп, биіктерді бағындыратынына сенемін.

– Өзіңіз жетекшілік жасайтын «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының бүгінгі тынысы қандай?

– Зертханамыздағы жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Жаңа идеялар да бар. Ойларымызды іске де асырып жатырмыз. Зертхана аккредитациядан өткен. Жеке компанияларға ақылы түрде қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Бізге тек Қызылорда облысының аумағында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінен сұраныстар түсіп жатады. Мәселен, Алматы, Атырау, Павлодар қалаларына өзіміздің өндірістік қызметімізді көрсетіп отырмыз бүгінде. Ілкіде айтып өткен ғылыми бағыттар бойынша зерттеулер жасалады. Екі жобамыз бар. Бірі – мұнай қалдықтарынан ластанған топырақты қайта қалпына келтіру болса, екіншісі – мұнай қалдықтары негізінде құрылыс материалдарын алу. Алдағы уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің жариялаған байқауына бірнеше жобалар дайындау үстіндеміз. Антибактериалды препараттар алу, ауылшаруашылық өнімдерінің қалдықтарынан, яғни күріш қауызы мен сабанынан дайындалатын және мұнай қалдықтарының негізінде суды, қалдықтарды тазартуға пайдаланатын сорбенттер алу бағыттары бойынша жолданбақ. Алға қойған биік мақсат бар. Жұмыстар легі өте көп, жалғасын таба береді.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға