Жаңалықтар

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

ҚХА жанындағы Қарағанды облысы Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Бейсенбекқызы Кенжеғалиевамен сұхбат
«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»
11.08.2020 11:59 4017

Отбасы құндылықтарын, ұлттық дәстүрлерді сақтап нығайтуда Аналар кеңесінің өзіндік үлесі бар. Еңбектің бел ортасында еңбек етіп, отбасы мен жұмысын қатар алып жүрген әйелдердің атқарып жүрген істері қашанда көпке үлгі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда аянбай тер төгіп келеді. Осы орайда біз әйелдердің қоғамдағы жаңашыл қадамдары, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны жайлы ҚХА жанындағы Қарағанды облысы Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Бейсенбекқызы Кенжеғалиевамен әңгімелескен болатынбыз.

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 2016 жылы консультативтiк-кеңесшi орган ретiнде Аналар кеңесі құрылған болатын. Сол жылы Аналар кеңесінің жұмысын мемлекет қызметкерлерінің ардагері, ҚХА мүшесі, ана, әрі әже    Нұрмағанбетова  Салима Нұрмағанбетқызы басшылыққа алып, тізгіндеген еді. Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту, сақтауды мақсат ететін Аналар кеңесі бүгінде отбасы құндылықтарына қатысты ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

– Қай ұлттың болмасын, салт-дәстүрі мен мәдениетіне зер салсаңыз, аналардың орны қашанда төрде екенін көресіз. Анасын қадірлемейтін, ананың ақылына жүгінбейтін ұлт жоқ. Өйткені, аналар өз перзентінің ғана жайын ойлап қоймай, барша адамзаттың амандығын тілейді, – деп әңгімесін бастады  ҚХА жанындағы Қарағанды облысы Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Кенжеғалиева.

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

 Бүгінде ҚХА жанынан құрылған Аналар кеңесінде әр түрлі саланың өкілдері: жетістікке жеткен әйелдер қауымы, этно бірлестіктердің өкілдері, ғылым мен білім, техникада қызмет етіп жүрген әйелдер бар. Олар отбасымен қатар түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене ат салысып, жастар мен жаңадан отау құрған жандарға ақыл-кеңестерін беріп жүр.

– Қазіргі таңда Қарағанды облысында облыстық, қалалық, аудандық деңгейде  Аналар кеңесінде 225-ке жуық адам мүше болып қызмет атқарып келеді. Соның ішінде  35  адам облыстық Аналар кеңесінің мүшесі болып табылады.  Аналарымыз кеңес мүшелері құрылғаннан бері елімізде болып жатқан барлық жағымды жаңалықтарға, қоғамдағы түрлі өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға, облысымыздың  бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. Атап айтқанда,  облыстық Аналар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, ардагер ұстаз К. Төлеуханова жетекшілік ететін  «Ақ ниет» әжелер ансамблі облыстық, қалалық іс-шараларға белсене қатысуда. Аналар кеңесінің мүшесі «Солдаттың анасы» болып кеткен Мария Дмитриевна Фатееваның қосқан үлесі де орасан зор. Аналар кеңесі тәлімгер ретінде «Балалар мен жасөспірімдер» сарайының жеткіншектері арасында патриоттық сезімді дәріптейтін көптеген іс-шараларына қатысып,  қолдау көрсетіп келеді. Осы  ақ жаулықты аналарымыз  70-тен асқан шақтарына қарамай, аянбай қоғамға қызмет етіп жүр, – деді Жанар Бейсенбекқызы. 

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

(Суретте: ҚХА жанындағы Қарағанды облысы Аналар кеңесінің төрайымы Жанар Бейсенбекқызы Кенжеғалиева) 

Аналар кеңесінің төрайымының айтуынша, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі жыл сайын ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Солардың ішінде Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесі Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің шотына қаржылай жасалған қайырымдылық бар. Және де өткен жылдың шілде айында  Достық үйінде ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, іскер әйелдердің бірі, көпбалалы ана, «Табысты ана» жобасының менеджері Б.Канапиева жалғызбасты және көпбалалы аналарға  арнап «Мен табысты анамын!» атты мотивациялық тренинг өткізді. Сонымен бірге Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, кеңес мүшелері аз қамтылған көпбалалы аналарға азық-түлік әперіп, қолдау көрсетіп жүргендіктерін жасырмады.

– Көпбалалы және жалғызбасты аналардың көкейінде жүрген сұрақтарының шешімін табу мақсатында Аналар кеңесі  блогер, Қазақстанда наубайхана желісінің негізін қалаған Әсел Құрманалиевамен, қазақстандық белгілі тележүргізуші, фэшн-продюсер Динара Сәтжанмен кездесуі ұйымдастырып,  аналар өз сауалдарына жауап алды. Сонымен қатар, бизнесті дамыту немесе стартап бастау үшін 1 000 000 тг. көлемінде «Дарынды Ана» қорының ұйымдастыруымен өткен гранттық жобаның жеңімпазын анықтау іс-шарасы өтті. Кәсіпкер әйелдердің ісін дамытуға арналған аталмыш грант «Дарынды ана. Жизнь в стиле мамы» форумы аясында ұйымдастырылды. Тағы басқа көптеген жұмыстар жүргізілді, – деп айта кетті Қарағанды облыстық Аналар кеңесінің төрайымы. 

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

Аналар кеңесі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай қаланың қоғамдық іс – шараларына белсене араласып жүрген ақ әжелерімен  кездесу және «Ұмыт қалған ырымдар» тақырыбында телебағдарлама өткізіпті. Сондай шаралар облыс аумағында да өткізіліп келеді. Аналар кеңесі ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға да белсене ат салысып жүр.

– Аналар кеңестері өзінің жұмысында қыз бала тәрбиесіне аса  маңызды көңіл аударады. Келешек ұрпақты тәрбиелейтін, оң жолға бағыттайтын, ертеңгі күннің кірпішін қалайтын, жарқын өмірдің кепілі болатын қыздар екендігін білім ұяларында өткен кездесулерде жиі айтып, қанағатшылдыққа қадам жасауына үндейміз. Оның ішінде, біздің ұлттық болмысымыздан ажырамас үшін, «он бес жастан құрбыңдай сыйлас» деген қағиданы ұстана отырып, сырласып кеңес береміз,– дейді Жанар Кенжеғалива.  

Кеңес берумен қатар Қарағанды облыстық Аналар кеңесі Сәтбаев қаласының №3 жалпы білім беретін орта мектебінде Аналар кеңесі мүшелері мен Достық үйі жанынан құрылған «BAQYT UIASY» жобасының жетекші мамандары оқушылармен кездесіп, кезекті «Ер мен әйелдің қоғамдағы орны» тақырыбында тренинг өткізіп, түрлі деңгейдегі тақырыпта жиындарды да ұйымдастырып отырады. Әрбір өткізілетін іс-шара кеңес мүшелерінің қоғамда болып жатқан жиындарға, маңызды мерекелерге бей-жай қарамай, қызығушылық көрсететіндігін білдіреді.

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

Жанар Кенжеғалиева Қарағанды облыстық Аналар кеңесінің төрайымы қызметін 2018 жылдың жаз айынан бастап басқарып келеді. 2017 жылы Аналар кеңесінің мүшесі атанған ол Қарағанды облысы ІІО ардагері, зейнеткер, отставкадағы  подполковник және кәсіби медиатор.

– Көбінесе  Аналар  кеңесіне  азық-түлікпен, қаржылай, бизнесті бастау,  дәрі-дәрмектермен  көмек көрсету бойынша хабарласады. Қолдан келгенше  жолдарын тауып, мемлекеттік органдар арқылы және де жеке кәсіпкерлердің көмегімен туындап жатқан мәселелерді шешуге  тырысып  жатырмыз. Өкінішке қарай, Аналар кеңесінде ақшалай көмек беретін фонд жоқ. Кей кездері тіпті қиын жағдайда қалған аналарға Облыстық Аналар кеңесі өз қалтасынан көмек көрсеткен кездер де болды. Жалпы Аналар кеңісінің 80 пайызы зейнеткерлер. Олар соған қарамастан қолдан келген көмегін аямайды. Бүгінгі таңда елімізде белең алған аты жаман аурудың алдын алу шаралары барысында Аналар кеңесі тарапынан халыққа ауқымды көмек көрсетілуде. Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Л.Қожахметованың бастамасымен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Nur Otan» партиясы тарапынан, қайырымгерлерден, «Алтын арба» орталық базарынан, «Мама» қайырымдылық қорынан, «Ақжайық» кәсіпорнынан көпбалалы, жалғызбасты аналарға және аз қамтылған отбасылары мен мүгедектерге азық-түлік таратып бергізілді, – деді Жанар Бейсенбекқызы.

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

Қарағанды облысы ҚХА және аймақтық Аналар кеңесі жұқпалы «COVID-19» пандемиясына байланысты қарттарға, ардагерлерге, көпбалалы отбасы мүшелеріне 20 000-ға жуық тегін бетперде таратқан. Сонымен қатар, онлайн кездесулер, сұхбаттар  тағы басқа жұмыстар жүргізіліп, қазіргі кезде облыстық Аналар кеңесінің  ұйымдастыруымен ақ халатты абзал жандарды қолдауға арналған «Медицина қызметкерлеріне мың алғыс» атты акция ұйымдастырылған.

«Отбасы құндылықтарын сақтау – ұлт келешегінің кепілі»

– 2018 жылы  Талдықорған қаласында өткен республикалық Аналар форумына қатысып, алған әсерім бойынша, туындаған мәселелерді ортаға салу, бір-бірімізбен тәжірбие алмасу мақсатында   форум өткізуді жоспарладық. Жоспарға сәйкес  2019 жылдың сәуір айында  Қарағанды қаласында «Елдің тарихы-халықтың тарихы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің облыстық форумын  өткіздік. Форумда әлеуметтік мәселелердегі аналар рөлін анықтап, отбасы және неке институтын нығайтып, ел ішіндегі ажырасудың алдын алу, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жәрдем беру, аналар арасында кәсіпкерлікті дамыту, өз саласында табысқа жеткен аналардың тәжірибесімен бөлісу мәселелері ортаға салынды. Сонымен қатар,  облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қорлан Бекимова отбасы және неке институтын нығайтудың өзекті мәселелерін, ажырасудың алдын алу мәселелерін қозғады. «Нұр Отан» партиясы Қарағанды қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадинаның өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді кәсіпкерлік қызметке тарту туралы ұсыныс жасады, – деді кеңес төрайымы.

Аналар кеңесінің қоғамда алар орны қашанда ерекше. Олар Қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтудың алтын көпірі болып қала бермек.

 

Бөлісу:
(Суреттер: Жанар Кенжеғалиеваның жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға