Қазақстанда отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту, қазақстандық шикізатты пайдалануды арттыру және бизнестің сертификаттау шығындарын азайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беру тетіктері қарастырылуда.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында саланы қолдау және дамытуға бағытталған қосымша шаралар талқыланды. Ұсыныстар отандық өндірушілердің бұған дейін көтерген мәселелері негізінде әзірленген.
Мемлекеттік тапсырыста отандық өнімнің үлесі артады
Ұсыныстардың бірі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысты. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде өнім құрамындағы қазақстандық шикізатқа қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр.
Бұл шара отандық шикізатқа сұранысты көбейтіп, жергілікті кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік органдардың қылмыстық-атқару жүйесіндегі «Еңбек» РМК-дан бір көзден сатып алатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізімін қайта қарау ұсынылды.
Жоспар бойынша тізімде кәсіпорынның ішкі қажеттіліктеріне арналған өнімдер ғана қалады. Ал басқа тауарларды мемлекеттік сатып алу аясында қазақстандық өндірушілер бәсекелестік негізде жеткізе алады.
Мектеп формасына ұлттық стандарт енгізіледі
Мектеп формасының сапасына қойылатын талаптарды да күшейту жоспарланған. Оның ұлттық стандарттарға сәйкестігін нормативтік деңгейде бекіту ұсынылып отыр.
Бұл мектеп формасына бірыңғай сапа талаптарын қалыптастыруға және отандық өндірушілер үшін нақты өндірістік стандарттарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде өнімді сертификаттау мен зертханалық сынақтардың қымбат екенін көтерген.
Осыған байланысты өнімді сынау қызметтеріне белгіленген тарифтер қарастырылатын арнайы әдістеме әзірлеу туралы шешім қабылданды. Мұндай
Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Салық кодексіне және басқа да заңнамалық актілерге түзетулер пакеті дайындалған.
Негізгі құралдардың бірі – локализацияны арттыру туралы келісім. Белгіленген міндеттемелерді қабылдап, өндірісті жергіліктендіруге үлес қосқан кәсіпорындар салықтық жеңілдіктерге ие бола алады.
Бұл ретте экстерриториалдық қағидат қолданылмақ. Яғни өндіріс нысанының Қазақстанның қай өңірінде орналасқаны мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мүмкіндігіне кедергі болмауы тиіс.
Жедел жүзеге асырылатын шаралар заңға тәуелді актілер арқылы енгізілсе, жүйелі өзгерістер үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отыр.