Жаңалықтар

Өскеменде жаңадан салынатын ЖЭО-2 экологияға қалай әсер етеді?

Өскеменде жаңадан салынатын ЖЭО-2 экологияға қалай әсер етеді?
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 25.07.2024 13:03 537

Келер жылы Өскеменде жаңа ЖЭО-ның құрылысы басталады. Ал қазірдің өзінде стратегиялық маңызы бар нысанға қатысты айтылып жатқан пікірлер екіге жарылды. Олардың бірі аса қуатты жылу көзі облыс орталығына ауадай қажет дегенді алға тарста, енді бірі онсыз да «өкпесі» өшіп, көк түтінге көміліп жатқан қалаға таскөмірмен жұмыс істейтін орталық қажет емес деп дабыл қағуда. Біздің редакция журналисі бұл мәселені таразыға салып, тарқатуға тырысты.

Қарыштап дамыған қала

Облыс орталығының сол жағалау аумағында кейінгі бірнеше жыл құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, биік-биік тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар бірінен соң бірі бой көтере бастаған. Қаланың бас жоспарына сәйкес сол жағалау аумағында көпқабатты, сондай-ақ жеке тұрғын үйлер орналасатын бірнеше жаңа шағын аудан, көптеген әлеуметтік нысан салу көзделген. Олардың бірқатарында, айталық «Нұрлы жол», «Спорт» және 19, 20, 21, 22-ші тұрғын аудандарда қазірдің өзінде адамдар тұрып жатыр. Оған қоса 24, 25, 27, 28-ші тұрғын аудандар мен Ахмер, Самсонов ауылдарында үйлерден бөлек, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Бұл аудандарға қажетті инженерлік инфрақұрылым: су, жарық, жылу желілері тартылуда.

Өскемен қаласы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, «Нұрлы жол» және «Спорт» шағын аудандарында барлығы 70-тен астам көпқабатты тұрғын үй, үш мектеп пен төрт балабақша болады. Ал бес бірдей шағын ауданды қамтитын 24-ші тұрғын ауданда болашақта 92 көпқабатты тұрғын үй, алты мектеп пен 14 балабақша, сауда және ойын-сауық орталығы бой көтереді. Бұл аудандағы халық саны шамамен 42 мыңнан асады деп болжанған.

Сол сияқты 22-ші тұрғын ауданда (алты ықшам аудан қарайды) 110 көпқабатты үй, алты мектеп пен 10 балабақша салынып, мұндағы халықтың саны 28 мыңнан асып жығылмақ.

Осындай жаңа тұрғын аудандардың көптеп пайда болуына байланысты Ертістің сол жағалауындағы халық саны да өсіп жатыр. Жалпы, қазір қала халқының саны 400 мыңның үстіне шыққан болса, соның 100 мыңнан астамы осы жергілікті тұрғындар экологиясы тәуір санайтын сол жағалауда тұрып жатыр. Демек, құрылыс жүріп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынған соң оларды Алтайдың алты ай қысында жылумен қамтамасыз ететін жылу көзі қажет. Ал қазіргі қолданыстағы жылу қазандықтарының қуаты жеткіліксіз, энергия тапшылығы туындай бастаған. Осыдан барып күн тәртібіне жаңа ЖЭО салу мәселесі қойылды. Жуық болашақта елімізде еңсе тіктейтін үш жаңа ЖЭО-ның біреуі Өскеменге бұйыруы сондықтан. Жылу нысанын теріскейдегі көршілеріміз салып беретін болды.

Естеріңізе сала кетсек, биылғы сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы үкіметаралық келісімге қол қойған. Осы келесім аясында Ресейдің «Интер РАО-Экспорт» компаниясы еліміздің үш қаласы: Өскемен, Семей, Көкшетауда ЖЭО құрылысын жүргізетіні анықталды. Аталған компания ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіреді. Ал біздің тараптан тапсырыс беруші – «Самұрық-Энерго» АҚ. Бұл жобаның бірінші кезеңі «Самұрық-Энергоның» қаржысы есебінен атқарылса, екінші және үшінші кезеңдерінде Ресей тарапынан қарыз қаражат ұсынылмақ. Қарздың қайтарылуына Қазақстан Үкіметі мен «Самұрық-Қазына» АҚ кепілдік беріп отыр. 

Көкшетауда салынатын ЖЭО-ның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзетулер енгізіліп жатыр. Ары қарай жобалау, құрылыс жұмыстары күтіп тұр.Семей бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр, жыл соңында аяқталады. Ал Өскемендегі жобаның техникалық негіздемелерін әзірлеу әлі басталған жоқ. Келер жылы қолға алынады. Дегенмен біз үш жобаны да 2028 жылы аяқтап, іске қосуды көздеп отырмыз, - деп түсіндірген еді еліміздің энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистермен болған баспасөз мәслихатында.

Экологтар дабыл қағып отыр

Мамандардың айтуынша, Өскемен ЖЭО-2 бүкіл сол жағалау ауданын жарықпен және жылумен толық қамтамасыз ететін болады. Шаһардың бас жоспарына сәйкес жаңа нысанның қазығы Өскеменге іргесі тиіп тұрған Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінің жанынан қағылмақ. Қаланы қақ жарып ағып жатқан Ертістің табанынан жаңа магистраль жүргізбеу үшін жылу көзін осы сол жағалаудың өзінде тұрғызу тиімді дейді мамандар. Алайда экологтар мен қоғам белсенділері бұл пікірмен келіспейді.

Өскеменде экологиялық жағдай онсыз қиын. Мұнда үлкен зауыттардан бөлек ауаға улы газ шығаратын жылу қазандықтары мен ЖЭО бар. Және бұл жылу көздері қатты отынмен жұмыс істейді, көмір жанған кезде ауаға қандай зиянды газ тарайтынын бәріміз білеміз. Енді келіп қара түтінге көмілген қалаға тағы бір көмір жағатын ірі нысан салынса экологиялық ахуал одан бетер нашарлай түседі, – дейді эколог Роман Честных.  

Эколог маманның айтуынша, бүгінгі таңда ауаға зиянды қалдықтар шығаратын ірі-ірі кәсіпорындар жергілікті жұрт «ескі қала» атайтын Ертістің оң жағалауында орналасқан. Ал мына ЖЭО-2 сол жағалауда, яғни үнемі самал соғып, ауасы табиғи жолмен тазарып тұратын экологиялық таза ауданда тұрғызылмақ.

Біздің шыған ауданда жылу орталығы салынады деп жатыр ғой, биліктің бір білгені бар шығар. Иә, бізде ара-тұра жарық сөніп қалатын кездер болады. Егер ЖЭО-2 салынса бұл мәселе түбегейлі шешіледі дейді, көрейік. Ал енді мұржасынан қара түтін будақтап шығып жататын жылу орталықтары шынымен де үрейлі. Қарапайым жер үйде көмір жаққанда улы газ шығады, анандай алып пеш жұмыс істегенде ауаға зиянды газ тонналап тарайтыны белгілі. Осы жағын ойласақ, өзіміздің, бала-шағаның денсаулығы үшін алаңдаймыз, – дейді 19-шы тұрғын аудан тұрғыны, қоғам белсендісі Дәурен Хасенов. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары жаңа ЖЭО-ның қоршаған ортаға зияны аз, керісінше нысан іске қосылса ауаға тарайтын улы газдар азаятынын айтады.

Жаңа ЖЭО-да соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар орнатылатын болады. Бұл қазандықтар болашақта жылу орталығын қатты отыннан табиғи газға ауыстыруға мүмкіндік береді. Бұл – бір. Екіншіден жаңа ЖЭО іске қосылғанда тозығы жеткен шағын қазандықтар тоқтайды. Нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың мөлшері де азаяды. Бұл қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға жасалған үлкен қадам, – дейді энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.    

Оның айтуынша, Өскемендегі жылу қуатына қажеттілік – 1232 Гкал/сағ. Бұл қаланың 2040 жылға дейінгі даму стратегиясын ескере отырып анықталған.

Өскеменнің бас жоспарына сәйкес, жаңа жылу орталығына Қасым Қайсенов кентінің жанынан жер белгіленді. Ол жердің экологиялық талаптарға және техникалық-экономикалық шарттарға сай келетін, келмейтінін арнайы құрылған жұмыс тобы қарастырып жатыр. Егер оң шешім шығарылса ары қарай техникалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, құрылыс басталады, – деп қосты Нұрлан Рамазанов.

Айта кетейік, бұған дейін «Самұрық-Энерго» АҚ мен ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясының өкілдернен құралған жұмыс тобы Өскеменде жиналып, энергетикалық нысанның құрылысына қатысты мәселелерді талқылаған болатын.

Еуропа елдері көмірден бас тартып жатыр

Қазақстанның үш қаласында бой көтеретін жылу электр орталықтарын не себепті ресейлік компания салатындығы туралы да біраз әңгіме болды. БАҚ өкілдері бұл сұрақты энергетика министріне қойған. Оның да себебі бар. Өйткені Өскеменде жаңа ЖЭО салуға кезінде еуропалық компаниялар ниет білдірген. Мәселен, германиялық Global Invest Ltd компаниясы North Trade Energy және чехиялық E3P Group компанияларымен бірлесіп Өскеменде ЖЭО-2 жобасына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірген. Сол кездегі облыс басшысы Д.Ахметовпен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылаған. Еуропалық компания өкілдері жобаны жүзеге асыруда заманауи энергетикалық технологиялар қолданатынын да тілге тиек еткен. Мәселен, E3P Group-тың коммерциялық директоры Ондржей Штербак бұл салада өз компанияларының тәжірибесі мол екенін, әлемнің Ресей, Германия, Чехия, Пәкістан сияқты елдерінде ірі жобаларды іске асырғандықтарын жеткізген еді. Бір қызығы, еуропалықтар салмақ болған жоғары технологиялы ЖЭО-лардың түтін шығатын мұржасы болмайды екен, сонысымен де экологиялық талаптарға сай көрінеді. Алайда таңдау ресейлік инвесторларға түсті.

Мұны энергетика мнистрі Алмасадам Сәтқалиев былайша түсіндіреді: – Әуелі біздің министрлік осы жылу көздерін салу бойынша ашық тендерлер жариялаған, бірақ олардың ешқайсы өткен жоқ. Инвестор табылмады. Аталған ЖЭО-ларды көмірмен және газбен жұмыс істейтін етіп салу үшін бірқатар мәселелер туындады. Кейбір халықаралық қаржы институттары көмір жағатын стансалардың құрылысын қаржыландыруға дайын болмай шықты. Ал ресейлік әріптестеріміз жобаны іске асыруға келісті және бұл салада олардың тәжірибесі мол. Ресей компаниясы ЖЭО-ларды салып ғана қоймай стратегиялық нысанды толық іске қосып береді.

Қош делік. Алайда халықаралық қаржы институттары көмір жағатын жылу көздерінің құрылысын не себепті қаржыландыруға ықылас тантыпай отыр? Себеп жалғыз – экология. Халықаралық ұйымдар ауаны ластайтын көмір ЖЭО-ларын салудың орнына баламалы қуат көзіне негізделген жобаларды қолдауға дайын.

Кеңес заманынан келе жатқан жылу орталықта әбден ескіріп, тозып бітті. Оларды қолданыстан шығару керек. Ал жаңадан ЖЭО-ға қатысты инвестициялық шешім қабылдағанда осы жағына мұқият болған абзал. Көмірмен жанатын жылу көздері экологияны 30-40 жыл бойы ластайды. Бұдан бөлек мұндай жобаларды қаржыландырғанда берілетін несиенің мөлшерлемесі де өзге баламалы қуат көздерімен салыстырғанда жоғары келеді. Яғни, жоба қымбатқа түседі, – деген еді Еуропаның қайта құру және даму банкі өңірлік өкілдігінің директоры Ерлан Рамазанов тұрақты даму мәселелері талқыланған форумда.

Дәл осы пікірді өскемендік эколог Дәулет Асанов та айтты. Ол қазіргі уақытта халықаралық даму институттарының көбісі, оның ішінде Еуропаның қайта құру және даму банкі, Азияның даму банкі сияқты қаржылық институттар жерден қазып алынатын отынға негізделген ЖЭО-лардың құрылысын несиелендіруден бас тартып отыр. 

Әлемнің көптеген елі бүгінде ауаға шығарылатын көміртегінің мөлшерін азайтуға тырысып жатыр. Мәселен, Еуропа мемлекеттері көмір жағатын ЖЭО-лардан бас тартып, жасыл энергияға басымдық беруде. Неге дейсіз бе? Өйткені олар бірінші орынға қоршаған ортаны, адамдардың денсаулығын қойып отыр. Көмір жағатын стансалар экологияға орасан зор зиян келтіреді. Біз осыны ұғынуымыз керек. Баламалы қуат көздерін пайдаланатын уақыт жетті. Қаржы осы бағытқа жұмсалса, нәтиже шығады. Иә, көмір арзан отын. Бірақ арзан екен деп ауаны ластай берген дұрыс емес, – деген Дәулет Асанов өркениетті елдердің көшіне ілескіміз келсе жаңартылған энергия көздеріне көшу қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті.

Жобаға жергілікті компаниялар да қатыспақ

Сонымен елімізде салынатын үш жылу электр орталығының құрылысы ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясына сеніп тапсырылып отыр. Алайда бұл жобаны жүзеге асыруда отандық компаниялардың қатысуына рұқсат етілмейді деген сөз емес. 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ЖЭО-2 құрылысына отандық материалдарды пайдалану қажеттігін айтады.

«Самұрық-Энерго» өкілдерімен кездескенде айттым, бізде екі ірі кәсіпорын бар: Өскемен конденсатор зауыты және «Кэмонт». Бұл екеуі де – жетекші кәсіпорындар. Иә, «Кэмонтқа» қатысты аздаған мәселе бар, дегенмен ол шешіледі. Жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталғанда аталған кәсіпорындарды да осы іске тартқан жөн болады. Облыстағы одан өзге бизнес өкілдерін де жобаға қатыстыруға тырысамыз. ЖЭО құрылысының техникалық талаптарына сай келетін жергілікті компаниялардың барлығы да ортақ іске атсалысуы керек. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. – дейді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысының айтуынша, ірі құрылыс жобасына жергілікті компаниялардың қатысуы Мемлкет басшысы жүктеген отандық өнімнің үлесін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуге зор ықпалын тигізбек.

Келісім жасалды. Жоба қолға алынды. Шегінер жер жоқ. Тиісті құжаттар реттеліп, нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Келер жылдың басында дайын болады. Ары қарай жобалау-сметалық құжаттар, құрылыс…

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға