Жаңалықтар

Өскеменде әскери қызметкер бірнеше батырдың мүсінін дайындады

Өскеменде әскери қызметкер бірнеше батырдың мүсінін дайындады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 14.01.2024 15:26 679

Бірер күн бұрын Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшісі капитан Рай Оразбеков жасаған қазақтың атақты қолбасшысы Қабанбай батырдың бюсті Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің әскери кафедрасына тапсырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Рай Оразбеков – Өскемен гарнизонындағы оқу-жаттығу полигонының бастығы. Ол бос уақытында шығармашылықпен айналысады.  

Рай Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. Суретшінің таланты мектеп жылдарында оянды. Құрлық әскерлері әскери институтының курсанты болып жүріп те Рай мүсін жасауды тастаған жоқ.   

2019 жылы Рай Оразбеков Гвардейск гарнизонынан Өскемен қаласының 27943 әскери бөліміне ауысты. Жаңа қызмет орнында басшылық есімі әскери бөлімге берілген қазақ батыры Қасым Қайсеновтің бюстін жасауды ұсынды. 

Бұл менің өмірімдегі ең қызықты әрі жауапты сәттердің бірі болды. Бір апта ішінде Қасым Қайсеновтың екі мүсінін сомдап шықтым. Әдетте мұндай жұмысқа бір-екі ай уақыт кетеді, – деді Рай Оразбеков. 

Ұлы Отан соғысы батырының бір мүсіні гарнизондағы даңқты жауынгер атындағы мұражайға, ал екіншісі әскери бөлімнің кіреберісіндегі аллеяға қойылды.  

Автордың «Әскери қызметшілердің отбасы» деген тағы бір мүсіндік композициясы Өскемен қаласындағы әскери қалашық саябағында орнатылған. Мұнда серуендеуге келетіндер үшін бұл жер отбасылық естелік фотосуреттер түсіруге көрік беріп тұр.  

Рай Оразбеков үшін шығармашылық – аңызға айналған тұлғаларға деген көзқарасын ерекше тәсілмен беру мүмкіндігі. Әскери қызметке жүрек қалауымен келген ол үшін Отан қорғау жолындағы миссия өзі сомдап жүрген батырлар бейнесінен көрініс тапқандай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға