Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрлігі буллингке қарсы ереже әзірледі

Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов мәлім етті
Оқу-ағарту министрлігі буллингке қарсы ереже әзірледі
Фото: t.me/aimagambetov 09.11.2022 15:26 2089

Асхат Аймағамбетов Бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесті, деп хабарлайды El.kz

"Бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездестім. Олар облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің шешімдерімен тағайындалды. 

Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, балаларға көмек көрсету және құқықтарын қорғауда тәжірибесі бар қоғам қайраткерлері бар. Баланың мүдделері бұзылған жағдайда ата-аналар, балалар және басқа да кез келген азамат өз аймақтарындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге жүгіне алады.

Кездесуде бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен ең өзекті мәселелерді талқыладық. Бүгінгі күні ең маңызды мәселелердің бірі - буллинг. Осыған байланысты министрлік буллингке қарсы ережелерді әзірледі. Сондай-ақ балалар омбудсмендеріне оларды қарап, өз ұсыныстарын білдіруге шақырдық.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты - мектептегі әлеуметтік-психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру. Біз мектеп асханаларындағы теңдестірілген ас мәзірі, буфет өнімдерінің құны, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізу, цифрландыру және т.б. бойынша мектеп асханасының жағдайын жақсарту бағытында да жұмыс істеп жатырмыз", - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, инклюзивті білім беруді дамыту, балабақшаларға жаңа тәрбиешілер құрамын енгізу, өңірлерде жаңа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарын ашу, мамандарды дайындау, әсіресе мінез-құлықты талдау бойынша мәселелерді талқыланды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектептерді жабдықтау, оқу-тәрбие жұмысына байланысты проблемалар, ата-аналар қауымдастығымен өзара әрекеттестіктің жаңа формаларын енгізу және т.б. сұрақтар қаралды.

"Онымен қоса мектеп формасына қойылатын талаптарды өзгерту бойынша ұсыныстарды жеке талқыладық. Ол өзгерістердің ішінде дәстүрлі костюмдер мен жейделерден басқа поло жейделері мен тоқылған кардигандар/бомбер түріндегі киімдерді таңдау нұсқалары бар. Сонымен қатар форманың стилін бекіткен кезде мектеп парламенттері арқылы оқушылардың пікірін ескеру. Сондай-ақ халықаралық, пилоттық мектептерге оқу жылының басталуы мен аяқталуын анықтау және осыған байланысты қосымша жаңа жылдық демалыс күндерін енгізу бөлігінде еркіндік беру туралы ұсыныстар айтылды.

Жүйелі әрі кәсіби түрде спортпен шұғылданатын оқушыларды міндетті дене шынықтыру сабағынан босату бастамасы жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Жиында көптеген сұрақ қойылып, ұсыныс та айтылды. Әрине, қазіргі уақытта барлық ұсынысты қолдай алмаймыз, бірақ осы мәселенің барлығы бойынша әріптестермен жұмысты жалғастырамыз.

Сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық және құқық қорғау институтын күшейту жөніндегі меморандумға қол қойды", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерден шағым қабылдайтын «Педагогті қорғау» телеграм чатын іске қосады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға