Жаңалықтар

Онлайн алаяқтықпен күрес бойынша қажетті шаралар қабылданады - Дархан Қыдырәлі

Онлайн алаяқтықпен күрес бойынша қажетті шаралар қабылданады - Дархан Қыдырәлі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 11.07.2023 09:45 876

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы қол қойған “Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама” туралы заңға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министр әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналғанын атап өтті.

“Қоғам тынысының барометрі” атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған, - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Оқи отырыңыз:

Осыған байланысты Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында  медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырғанын айтты.

Бұл орайда медиа қауымдастық және қоғамның пікіріне құлақ түріп, әлемдік тенденцияларды мұқият зерделеп, масс медиа туралы заңнама мен онлайн платформаларға арналған ережелерді бөлек қарастыруды жөн санадық, - дейді министр.

Оның айтуынша, заңның қабылдануы Қазақстан Республикасындағы онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн платформалар және онлайн жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін консептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді.

Оған қоса, Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейді.

Министр заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданатынын тілге тиек етті. Басқаша айтқанда, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі.

Жалпы қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазірдің өзінде әлемге әйгілі әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар әріптестік орнатуға ықыласты екендіктерін танытып, кейбірі өкілдерін тағайындады.

Осы орайда заңға бастамашы болған депутаттарға, жалпы Мәжіліс және Сенат депутаттарына, жұмыс тобының мүшелеріне, ұсыныс айтқан, қолдау білдірген барша белсенді азаматтарға алғыс айтамыз. Жаңа заң ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, - деп жазды Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға