Америкалық NVIDIA технологиялық компаниясы Қазақстанның есептеу инфрақұрылымын дамытуға «Қазақтелеком» мен Firebird AI компанияларының қосқан үлесін атап өтті. Әңгіме Астана мен Алматы қалаларындағы қолданыстағы есептеу қуаттары, сондай-ақ Екібастұзда ірі деректер орталықтары кластерін салу туралы болып отыр, деп хабарлайды NVIDIA компаниясы.
Компанияның жарияланымы оның негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың 23 қазанда Астанаға жасаған сапарынан кейін шықты. Сапар барысында ол Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесінің дамуымен танысып, студенттермен және технологиялық стартап өкілдерімен кездесті.
NVIDIA мәліметінше, «Қазақтелеком» Астана мен Алматы қалаларында 400 NVIDIA H200 графикалық процессоры мен 480 B300 есептеу үдеткішін орналастырған. Бұл есептеу қуаттары жасанды интеллект технологияларымен, соның ішінде нейрондық желі модельдерін оқыту және оларды қолданумен байланысты міндеттерді орындауға арналған.
Инфрақұрылымды дамытудың келесі кезеңі Екібастұздағы қуаттарды кеңейтуді көздейді. 2027 жылы Data Center Valley кешенінде 1 мыңнан астам GPU орналастыру, сондай-ақ қала маңында NVIDIA Vera Rubin платформасының 1 мыңнан астам есептеу үдеткішін орнату жоспарланып отыр.
Data Center Valley – болашақта энергетикалық қуатын 1 ГВт-қа дейін ұлғайту көзделген деректерді өңдеу орталықтарының кластері. «Қазақтелекомның» мәліметінше, қуаты 215 МВт болатын жобаның бірінші кезеңіндегі қуаттар толығымен алдын ала резервтелген. Ал қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.
Жобаны Дженсен Хуангқа «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин таныстырды. Ол есептеу кластерінің мүмкіндіктері мен халықаралық жасанды интеллект нарығына арналған инфрақұрылымды дамыту жоспарлары туралы айтып берді.
Бүгінде елдердің жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігі алгоритмдердің дамуымен ғана емес, сонымен қатар өз есептеу инфрақұрылымының болуымен де анықталады. Сондықтан біз Екібастұзда Data Center Valley жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Біздің міндетіміз – Қазақстанды есептеу ресурстарын тұтынушы елден жасанды интеллектке арналған есептеу қуаттарын жаһандық деңгейде ұсынатын мемлекеттердің біріне айналдыру, – деді Бағдат Мусин.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты Firebird AI компаниясымен байланысты. NVIDIA мәліметінше, компания Қазақстанға Grace Blackwell архитектурасына негізделген 45 мың графикалық процессор жеткізу үшін АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алған.
Firebird жобаның алғашқы кезеңін Data Center Valley аумағында «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырады. Коммерциялық пайдалануды 2027 жылдың үшінші тоқсанында бастау жоспарланған.
Бұдан бөлек, Firebird жергілікті жасанды интеллект стартаптары мен зерттеушілерді қолдауға арналған Firebird Labs Kazakhstan зертханасын ашуды көздеп отыр. Жоба аясында қатысушыларға өз технологияларын әзірлеу және сынақтан өткізу үшін есептеу ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігі беріледі.