Кітап оқитын жастар – тұтас ұлттың интеллектуалдық капиталы. Өйткені кітап адамға білім беріп қана қоймай, оның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау мәдениетін қалыптастырады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталып, адами қасиеттерді әдебиет арқылы дәріптеуге шақырды.
Халқымызда «Талаптыға нұр жауар» деген қанатты сөз бар. Талап адамды ізденіске жетелесе, білім оның ой-өрісін кеңейтеді. Ал кітап — білімге бастайтын негізгі жолдардың бірі. Осы орайда Нұртөре Жүсіптің айтуынша, кітап оқу жай ғана уақыт өткізу немесе ермек емес. Ол адамның ойлау қабілетін дамытып, дүниеге деген көзқарасын қалыптастырады. Сонымен бірге әдеби шығарма адамның бойына мейірім, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруге ықпал етеді.
Кітап оқу – жай ғана ермек емес. Ол адамның ойлау мәдениетін қалыптастырады, дүниетанымын кеңейтеді, қабілет-қарымын арттырады. Бастысы кітап адамның бойына мейірім мен адамгершілік нәрін себеді, – деді Нұртөре Жүсіп.
Ол қазіргі қоғам үшін адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің маңызы артып отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, жастарды қоғамға жат мінез-құлықтардан қорғау үшін ізгілік пен адами қасиеттерді көбірек насихаттау қажет. Бұл ретте әдебиеттің орны ерекше.
Жат қылықтардан, ұят құбылыстардан жастарымызды арашалап қалу үшін бізге адами қасиеттерді көбірек дәріптеу керек. Ал мұндай қасиеттер әдебиетпен келеді, кітаппен сіңеді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зерделі ұлт қалыптастыруға бағытталған Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған. Алайда зерделі ұрпақ тәрбиелеу баланың қолына кітап ұстатумен ғана шектелмейді. Жасөспірімнің кітапқа деген қызығушылығын ояту, оқыған шығармасын талқылау, сұрақ қоюға және өз ойын еркін жеткізуге үйрету де маңызды, – деді ол.
Нұртөре Жүсіп жастар тәрбиесіне қатысты тағы бір мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда жастардың көпшілік ортада өзін ұстауы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі және дұрыс амандасуы секілді қарапайым мәдени нормаларға мән беру қажет.
Кейде қоғамда халқымыздың дәстүрлі әдеп нормаларына жат әрекеттер де кездеседі. Дөрекілік, жеке шекараны сақтамау, орынсыз құшақтасу немесе амандасу мәдениетінің өзгеруі сияқты мәселелерді назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударған болатын. «Соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет» деді Президентіміз. Осы орайда кітаптың тәрбиелік мәні қайта алға шығады. Себебі көркем әдебиет арқылы бала тек тарихи оқиғалар мен кейіпкерлерді танып қоймайды. Ол жақсы мен жаманды ажыратуды, өзгені сыйлауды, жауапкершілікті, адалдық пен мейірімділікті үйренеді, – Нұртөре Жүсіп.
Балалардың қандай кітап оқитыны, одан қандай ой түйетіні және қандай құндылықтарды бойына сіңіретіні — болашақ қоғамның келбетіне тікелей әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру тек білім беру саласының міндеті емес. Бұл — отбасы мен мектепке, қоғамға ортақ жауапкершілік.
Кітап оқитын жас — ізденетін, ойланатын, сұрақ қоятын және өз пікірін қалыптастыра алатын тұлға. Ал осындай азаматтар көбейген сайын елдің интеллектуалдық әлеуеті де арта түседі.
Сондықтан қолынан кітап түспейтін жастар – тұтас ұлттың интеллектуалдық капиталы. Өркениетті, зерделі ұлт қалыптастыруды өз үйімізден, өз тәрбиемізден, өзіміздің кітап оқуға деген талабымыздан, құлшынысымыздан бастайық, – деп түйіндеді Нұртөре Жүсіп.
Демек, кісіліктің кілті де, зерделі ұрпақ тәрбиесінің негізі де — отбасындағы тәрбие, ұлттық құндылық және кітапқа деген сүйіспеншіліктен басталады.