Жаңалықтар

Нияз сері

Қазақтың суырып салма әнші-ақыны Нияз сері жайлы не білеміз?
Нияз сері
10.09.2018 14:31 8635

Нияз серінің алғашқы есімі 1963 жылы «Қазақтың көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген Ақансері Қорамсаұлының шығармалар жинағының аяқ жағында аталып, онда Нияздың сазгерлігіне өте жақсы баға берілген болатын.

Бір таңданарлығы ХІХ ғасыда өмір сүрген ақын-жыраулардың Сегіз серіге арналған өлең жырларында да Нияз есімі Баһрамұлымен қатар бірге айтылып отырады. Сол секілді Сегіз сері де досы Ниязды өз өлеңдерінде әрдайым атап жүрген. Мысалы әйгілі әнші, сазгер, ақын Біржан сал «Елге сәлемде» өлеңінде:

«Жалғанда мұратына кімдер жеткен,

Көп жақсы бізден бұрын өтіп кеткен.

Адамның асылдары сондай болар,

Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.

«Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,

Солардан үлгі алған мен Біржан сері,

Жетпіс үш мүшеліме толғанымда,

Дүние теріс айналып кетті кері», - десе,

Сегіз сері өзінің «Көк Есіл» атты өлеңінде:

«Қасыма еріп Нияз дос

Жағаңнан сенің аттандым», - дейді.

Жаманқұл Дәндібайұлы әнші-ақын өзінің ұстазы – Сегіз серіге шығарған жоқтауында былай дейді:

Салдық құрған ұстазым,

Ниязды ертіп қасына.

«Гауһартасты» шығарған,

Он сегіз кәміл жасында.

Міне, осындай Сегіз сері мен Нияз есімін қатар көрсетіп өлең жолдары ел ішінде жиі ұшырасып отырады.

Деректерге үңілер болсақ Нияз тек әнші-ақын, сазгер ғана емес, ол да досы Сегіз сері сияқты аңшы, атбегі, құсбегі, диқан, ел қорғаны батыр адам болған.

Нияздың әкесі Бекдәулетті Баһрам Шақшақұлы Зеренді жақта тұратын қайын жұрты – Қанай шешен әулетіне қонаққа барып  келе жатқанда жол үстінде кездестірген. Сөйтіп,  он екі жасар жетім бала Бекдәулетті ауылына ала келіп, өз балаларымен бірге  тәрбиелеген. Кейін Бекдәулетті өз ауылындағы медресеге беріп оның хадимше хат танып, діни білім алуына жағдай жасаған екен.

Бекдәулет ер жеткен соң, Баһрам өзінің зайыбы – Жамалдың немере ағайындарының қызы Жаңылға атастырып, оны жеке отау үй қылып шығарады. Бірде Баһрам Бекдәулетке – «Балам, сен осында қаламын десең өз еркіңде. Алайда Көкшетау өлкесіндегі туыстарыңмен немесе Қызылжар аймағындағы Мадияр ағайындарыңа қосыламын десең қарсы болмайын», дейді. Сонда Бекдәулет «Сіз мені тәрбиелеп өсірдіңіз. Енді сіздің қасыңызда болуды түбегейлі шештім» деген екен. Сөйтіп, Бекдәулет Таузар Көшебенің ішінде тұрақтап қалған.

Нияз сері 1818 – барыс жылы мамыр айында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жекекөл (Благовещенка) шаруа қожалығына қарасты Бұқпа көлінің дөңіндегі қыстауды мекендеген Бекдәулет есімді диханның отбасында дүниеге келіп, 1893 – жылан жылы қараша айында Ресейге қарасты Тюмень облысындағы Қошқарағай өңірінде жетпіс бестен жетпіс алтыға қараған шағында дүниеден озған.

Нияздың шешесінің есімі – Жаңыл. Нияздың өзінен кіші Ғазиз деген інісі болған.

Нияз өз ауылындағы «Қожаберген – Асқап» медресесінде Бегім, Мөңке есімді ғұламалардан дәріс үйренген. Сол кезде Сегіз бен Нияз екеуі оқыған осы «Қожаберген – Асқап» медресесі шәкірттерге білім беру дәрежесі жағынан Болатынай, Мәуліт, Қызылжар медреселерімен парапар болған.

Нияз жоғарыда аталған медресені жақсы оқып, оны тамам еткен соң, бірыңғай өнер жолына түседі. Ол өз ауылындағы әйгілі өнер иелері саналатын Жанақ Қамбарұлы әнші-ақыннан ( (1760-1857 ж.ж.), қазақ әдебиеті тарихындағы екінші Жанақ жырау), Шағырай сал, Жанат серілерден үлгі-өнеге алыпты. Бала Нияз жиын-тойларға барып, ән шырқап, сыбызғымен күй тартып, өлеңдер шығарып, көптің аузына іліне бастаған.

Бекдәулеттің әйелі – Жаңыл, Баһрамның бәйбішесі – Жамалдың немере сіңілісі болғандықтан Сегіз сері мен Нияз бөле екен. Оның үстіне, ол екеуі бір ауыда, бір жылда дүниеге келіп, медреседе бірге оқыған дос, құрдас, қандыкөйлек жолдас болған.

Сегіз сері мен Нияз сері он алты жасқа келгенде, Керейдің бес діңгегі атанған Шақшақ, Тіленші, Киікбай, Тоқсан (екінші Тоқсан би Жабайұлы), Маманай билерден бата алыпты.

Ресей ұлықтары тарапынан Сегіз сері қуғын көре бастағанда, Нияз сері досының қасынан табылған.

Қос өнерпаз қашқын болғандарына қарамастан, қол жиюға, өнерлі жастарды маңына топтастыруға талап қылады. Сегіз сері тоқтаған ауылдардан өнерлі жастарды ертіп, топ құра бастағанда, оған Нияздың да көмегі аз болмаған көрінеді.

Шыңдары биік, құздары терең, асуы қиын таулардың үңгірлерін Сегіз сері сарбаздарымен бірге паналағанда, сол жауынгерлер мен өнерпаздардан құралған топтың, жуан ортасында Бекдәулетұлы да болған. Олар талай рет, Ресей отаршылдары әскерінен, түрікпен жендеттерінен, Хиуа хандығы жасағынан, Еділ өзеннің батыс сыртындағы қалмақ шапқыншыларынан бейбіт қазақ ауылдарын қорғағандықтан екі серінің ерліктерін ақындар жырға қосыпты.

Нияз сері де замандас батырларына арнап «Олжабайұлы Боранбай», «Қажығали Ер Әлібек», «Керей Жұмай», «Төнтек төре», «Сегіз сері – Патшайым», «Патша мен шайхы», «Мергеннің ұлы Бөкенбай» атты көптеген дастандар мен діни, насихат өлеңдер шығарған. Сонымен қатар, Бекдәулетұлының бірталай әндердің шығарушысы (авторы) екенін айтуға міндеттіміз. Алайда Солтүстік Қазақстан жеріне 1936 жылдан кейін бірде бір әдеби-тарихи экспедиция келмегендіктен, Қызылжар төңірегінде дүниеге келген әнші, ақындар мен сазгерлер назардан тыс қалды. Айтып отырғанымыздай тек қана 1936 жылы жазда Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов бастаған әдеби-тарихи экспедиция тарихи деректер мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған еді. Алайда, 1937 жылдың зобалаңында осы еңбектердің көбісінің құрып кеткен белгілі.

Осы арада мына бір жайттың басын ашып айта кетсек, артық бола қоймас.

Қазақ әндері көктен түскен жоқ. Кез келген әннің де, күйдің де шығарушысы (иесі) бар. Иесіз ән де, күй де болмайды. Оны білуге оқырмандар да құштар. Алайда бізде қазақ әндерінің шығу тарихы жайында жазылған арнаулы ғылыми еңбектер әлі күнге дейін болған емес. Тек жеке сазгерлер шығарған әндердің бірнешеуінің ғана шығу тарихы бар. Бірақ сол сазгерлердің (композиторлардың) барлық әндерінің шығу тарихтары ол еңбектерде толықтай қамтылмаған.

Үлкен өнертанушы – ғалым А.В.Затаевичтің қазақ әндерін нотаға түсіруде, оны жинақ етіп шығаруда еңбегі зор. Алайда оның 1925 жылы Мәскеудегі «Мемлекеттік музыка» баспасынан жарық көрген «Қазақтың 1000 әні» атты жинағында да, онан кейін 30-жылдардың басында сол баспадан жарық көрген. «Қазақтың 500 әні» деген жинағында да әндердің шығу тарихы жайлы берілмеген. «Қазақтың 1000 әні» жинағының соңында тек 30 әннің мәтіні берілген, бірақ ол ән мәтіндерінде де қателер көп. Аталған жинақ 1963 жылы екінші қайыра  басылғаны еді. Алайда ондағы қателер еш түзетілмей, бұрынғы қалпында берілген екен.

А.В.Затаевичтен басқа қазақ әндерін зерттеумен, оларды нотаға түсірумен шұғылданып жүрген азаматтар өз халқымызда да баршылық. Алайда олардың да еңбектерінде ән шығарушылардың өмірі мен қоғамдық қызметтері туралы деректер мен әндердің шығу тарихы толық жазылған жоқ. Әрі сол туындыларда Біржан салға дейінгі ән шығарушылардың есімдері мен шығарған әндері мүлде аталмайды. Керісінше олардың туындыларына «халық әндері» деген жасанды атау тағып қойған.

Біржанға дейінгі ән шығарушылардың есімдері мен олардың әндері «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 әні» жинақтарында аталмауына қарағанда, А.В.Затаевич Солтүстік Қазақстан облысын араламаған тәрізді.

Мәселен, Нияз Бекдәулетұлының өзі туралы шығарған екі вариантты, «Нияз» әні болған. Аталмыш әннің екінші нұсқасын өнертанушы-ғалым Талиға Бекқожина өзінің 1972 жылы жарық көрген «Қазақтың 200 әні» деген жинағының 59-бетінде нотаға түсірген. Ал «Нияз» әнінің бірініші нұсқасы ХХ ғасырдың басында сөздері өзгеріске ұшырап, басқа біреудің әні болып кеткендігіне жаның ауырады.

«Нияз» әнінің бірінші нұсқасын өз атына аударып алған әншіні кезінде Атбасар базарында Бағаналы Найман Тайжан Қалмағанбетұлы (1877-1937 ж.ж.) әнші-ақын ән шырқап тұрғанда жолықтырып, оны өлеңмен сынап, оның сазгер де ақын да емес, өлең ұрлағыш екенін әшкерелепті. Ел алдында масқара болған жалған сазгер жәрмеңкеден қашып кеткенін жасөспірім кездерінде ағаларына еріп, Атбасарға барғанда, өз көздерімен көргенін Төлеутай Ысмайұлы, Рахым Тәңірбергенұлы, Құлбек Әубәкірұлы, Ноғайбай ақсақалдар (төртеуі де Торғай облысының Арқалық ауданының тұрғындары) әр кезде болған жиындарда көпке әңгімелеп отырушы еді. Олар Тайжан Қалмағанбетұлының сол кезде жалған сазгерді сынап шығарған өлеңінде жатқа айтатын. Сонымен қатар, жоғарыда есімдері аталған төрт ақсақал жас жағынан жалған ақынның өздерінен бес-алты жас қана үлкен екенін де, оның ән шырқардағы құралы ағаш қасық пен ағаш табақша екенін де айтып отыратын. Осы кісілер «Нияз» әнінің бірінші нұсқасын өз атына аударған жалған әншінің әнге Біржан салдың «Жайма шуақ» әнінің қайырмасын пайдаланатының да еске алушы еді. Зерттеу барысында жоғарыда есімдері аталған төрт шежіреші қариялардың айтқандарының бәрі рас болып шықты. Нияз әнінің бірінші нұсқасын өзге біреу иеленіп кеткенін бұл кісілерден басқа бірнеше ақсақалдардан естідік.

Тайжан ақынның жалған сазгерді сынаған өлеңі кейін «Ленин туы», «Жезқазған туы» газеттерінде, «Сарыарқа» журналында жарық көрді.

Осы арада «Нияз» әнінің жасандылыққа әуес біреу иеленіп кеткен бірінші нұсқасының негізгі мәтінін оқырмандарға таныстыруды дұрыс көрдік:

Атандым Нияз сері бала жастан,

Ақын жоқ Қызылжарда менен асқан.

Жорғаны жүйрік мініп жетеледім,

Көңілім қайтқан емес қиғаш қастан.

Атандым жастайымнан Нияз тентек,

Аяқты әсем басып жүрдім еңкек.

Кешегі Сегіз сері дәуірінде

Тәтті әнге тамылжытып салдым ептеп.

Алашқа мағлұм болған Нияз атым,

Керейден-Ашамайлы асыл затым.

Кешегі Сегіз сері заманыңда,

Үш жүздің сал-сері еттім азаматын.

Арасын ағайынның жүрмін септеп,

Жырымды нелер жақсы қойды жөптеп.

Кешегі Сегіз сері дәуірінде,

Өзіме көрген емес дұшпан беттеп.

Ал, жігіттер, айтайын Нияз жайын,

Қазақтың ұрламаған жалғыз тайын.

Көпестің ту биесін ұстап сойып,

Ұлыққа бердім асып желік майын.

Мадияр – затым керей, атым – Нияз,

Жігітте бола бермес мендей бияз.

«Урядник пен стражникті сабады», - деп,

Біз үшін губернатор құрмақ сияз.

Ақбоз ат аяғыңды баспайсың ба,

Әлде сен ұлғайдым деп ақсайсың ба?

Жорыққа көп жыл мінген жануарым,

Заманын Сегіз сері аңсайсың ба?

Жоғарыдағы «Нияз» әнінің мәтінін оқығаныңда, Исатайдың ерлігін өлеңге қосқан Махамбет Өтемісұлы ақын сияқты Нияз серінің де Сегіз серіні жырлағаны көзге айқын көрініп тұр.

Нияз сері 1838 – ит жылы күзде Сегіз серімен бірге елге оралған соң, салдық құрып жүргенде, Жансары Уақ еліндегі бір тойға барып, онда Ғазима Жарылғамысқызымен танысады. Ғазима қыз бен кейін тағы жолығып, оған сөз айтып, жұп жарастырады.

Нияз Ғазимамен біраз жыл отасыпты. Бірақ Ғазимадан туған Нияздың ұл-қыздары жастай шетінен кете берген. Тек Базар есімді баласы ғана тірі қалыпты. Ғазима қайтыс болған соң, Бекдәулетұлы салдық-серілік құрып жүріп, Ор өзеніне құятын Айдарлы өзені бойын мекендеген қазақтарға сіңген түбі – Башқұрт Шабанбай есімді әлді шаруаның Іңкәр деген қызымен танысып, ақыры онымен қосылуға уәделесіп, оны да атастырып алған көрінеді. Алайда Нияздың Іңкәрдан туған балалары да жастай қайтыс бола береді де, тек Байбөрі деген баласы ғана тұрақтапты. Сөйтіп, Нияз серінің екі әйелінен екі-ақ бала қалған.

Досы Сегіз сері сияқты заманында Нияз да орасан мол қайрат иесі болыпты. Нияздың жасы ұлғайсада қаруы қайтпағанын Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының тұрғындары: Нұрмұхаммед Мұсайынұлы ((1877-1961 ж.ж.), Сегіз серінің немересі), Хұсайын Өтегенұлы, Әбіл Жақаұлы, Мырзай Тұяқұлы, Қожахмет Жолкеұлы, Дүйсек Нұрпейісұлы бала кездерінде көргендерін әңгімелеп айтқанын тыңдадық.

«Нияз сері Қошқарағайдан елді сағынғанда, екі жылда бір келіп кетуші еді. Қартайған шағында ақсақалдармен әңгімелесіп отырғанда, алда болатын бір асқа барып, күреске қатысу үшін дайындық жасап, жас балуандар бір-бірімен күреспек болғанын көрген Нияз сері: Қане, балуан екендеріңді білейін мына менің қолымдағы мойыл таяғымды кезекпен тартып алыңдаршы», - деді. Сонда жас балуандар кезекпен бір-бірлеп келіп, таяқтан ұстап қос қолдап тартса да Нияздың сыңар қолындағы таяқты ешбіреуі ала алмады» - деген еді жоғарыда есімі аталған Хұсайын Өтегенұлы қария.

Сегіз сері мен Нияз сері жаттан қорлық көріп, шұрайлы жерінен айырылып, екі жақты қанауға душар болып, қажып қалған халқының бостандығы үшін күрескен абзал жандар. Бірақ олардың отаршылдарға қарсы күрескен жылдарындағы құжаттар Омбы архиві апатқа ұшыраған кездерде құрып кеткен. Тарихта Омбы архивінің үш рет үлкен апатқа ұшырағаны белгілі. Біріншісі – 1940 жылғы көктемдегі тасқын су мен күздегі өрт апаты болса екіншісі – 1918-1919 жылдары архивтің көп бума-папкаларын Колчактардың өртеп жібергендігі. Үшіншісі – Кеңес өкіметінің алғашқы орнаған жылдарында Омбы архивіндегі маскүнем директордың көп бума-папкаларды бір шеті Петропавловск базарына, екінші шеті Новосибирск базарына арнаулы кісілер арқылы апарып, араққа сатқызуы.

Ресей патша өкіметінің Омбыдағы ұлықтары өздеріне қызмет еткендердің құжаттарын 1840 жылдың аяғында қалпына келтірген болатын. Алайда патша өкіметіне қарсы болған Сегіз сері мен Нияз сері сияқты батырлардың деректерін әдейі жойып жіберуі де мүмкін..

Жоғарыда Омбы архивінің маскүнем директорының сол архивтегі бума-папкаларды арнаулы кісілер арқылы Петропавловск қаласындағы базарға жеткізіп, араққа сатқызғанын өз көздерімен көрген Еламан Ибатұлы, Мұхамеджан Меңдіханұлы, Шәріп Асылбекұлы, Балғожа Кенжеғазыұлы, Әбілхайыр Әлжанұлы, Әубәкір Ырсайұлы, Қазыкен Ыбырайұлы, Қали Омарұлы, Хасенбай ақсақалдар бертінге дейін өмір сүрді.

1855 жылы жазда ел жайлауда отырған кезде Сегіз серіге арнап туыстары ас берген. Керей-Уақ, Атығай-Қарауыл елдерінің басты адамдары қатысқан үлкен асты Есеней басқарыпты. Ас өткен соң, Сегіз серінің ағайындарының екінші тобы, Нияз сері бастаған сал-серілер тобы Тюмень губерниясына қарасты Қошқарағай өңіріне көшіп барып қоныстанады. Қошқарағай орманына Сегіз серінің ағайындарының үлкен бір тобы 1840 – тышқан жылы жазда барып қоныстанған еді. Оларды сырт ел Қошқарағайдағы таузар Көшебе керей деп атаған екен. Олар келе салысымен мешіт пен медресе ашуды қолға алған. Ресей патша өкіметінің Тюменьдегі ұлықтары Қошқарағайлықтардың рұқсатсыз мешіт, медреселер ашып жатқанын білсе де, ештеңе демеген. Өйткені, қару-жарақ соғатын ұстасы көп жауынгер елдің ешкімге оңайлықпен бас ие қоймайтынын әрі олардың сол төңіректегі татарларға да ықпалды екенін ұлықтар жақсы білген. Сондықтан, Қошқарағайдағы Керейледің өте ұйымшыл ел екенін аңғарған Ресей әкімдері олармен тату болуды, реті келсе,  өз мақсаттарына пайдалануды жөн көріпті.

Нияз серіге ерген сал-серілер тобы да салдық-серілік құрып жүргенде, Қожаберген жырау, Дәстем сал, Жанкісі, Салғара, Шал, Баһрам, Жанақ, Көшен, Имамғабит, Көрпеш, Сегіз сері сынды әнші-ақын, сазгерлердің шығармаларын өздері сауық құрған ауылдарға кеңінен насихаттаған. Сонымен қатар, Ниязға ерген өнерпаздар ислам дінінің де үлкен қамқоршысы болған.

Нияз сері өзіне дейінгі ақын-жыраулардың өлең-жырларының дәріптеушісі, әрі ірі балуандардың бірі болған. Ит жүгіртіп, бүркіт салған, құсбегі ғана емес небір сәйгүліктерді баптап бәйгеге қосыпты. Нияздың ақкөгі, қаракері, қаражал, қарақұйрық, құласы деген бәйге аттары ас пен тойларда бірінші мен екінші бәйгені ешкімге бермеген.

Жасы ұлғайған соң, Нияз сері салдық-серілік құруды тоқтатып, бес намазын қаза қылмаған тақуа адамдардың біріне айналған. Соны көрген «Қошқарағай» елінің басты кісілері өзара ақылдасып, бірауыздан Ниязды өздеріне қазы етіп сайлайды. Бекдәулетұлы ақын ел ішінде дау-дамайды болдырмауға күш салып, қара қылды қақ жарған әділ Нияз атанған.

Нияздың салтанатын ақындардың бірі төмендегіше суреттейді:

«Бұл күнде Нияз елдің ақсақалы,

Мол екен ол ердің де дастарқаны.

Төрінде ордасының ілулі тұр,

Серінің қобызы мен алдаспаны»

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы әнші-ақын өзінің «Қайран қоныс» атты тарихи толғауында:

Сегіз бенен Нияздай,

Махамбет пен Науандай,

Ерлерді құдай бермеген, - дейді.

Нияз туралы осы іспеттес өлең шумақтары Сегіз серіге арналған ақындардың жырларында жиі ұшырасады. Ол шумақтардан біз Нияз серінің өз заманында қазақтың өнерлі де беделді адамдарының бірі болғандығын аңғарамыз.

Бала жігіт кездерін де Нияз серіні көрген ақсақалдар жайлы жоғарыда атап өттік. Осы кісілердің айтуынша Бекдәулетұлы басы үлкен, мойны жуан, жауырынды, кең маңдайлы, бота көзді, қоңқақ мұрынды, қызыл шырайлы, қараторы, ортадан жоғары бойы бар, дембелшең, сүйегі ауыр кісі болыпты.

Осы шежіреші, әнші, ауыз әдебиеті үлгілерін жақсы білетін кісілердің: «Екі жирен», «Әдемі-ау», «Маңмаңгер» (бірінші түрі), «Балқурай», «Іңкәр» әндерінің алғашқы нұсқалары, «Гүлдерайым», «Сүйген жар», «Құбажай», «Жариям айдай» әндері, «Қыз әні», «Жігіт әні», «Келіншек», «Сәулем-ай» әнінің екінші нұсқасы Нияз серінікі» - деп, елге әңгімелеп айтқанын талай рет естідік.

Соңғы кезде «Гүлдерайым» әнін Шөже ақынға телушілер пайда болды. Ауыз әдебиеті үлгілері мен шежіре жинап жүргенде, нелер жүйрік шежірешілер мен ауыз әдебиеті білгірлерін кездестірдік. Алайда олардан Шөже туралы сұрағанымызда, Қаржаубайұлының әнші-ақын болғанын айтса да, Шөжені ән шығарған-сазгер деп бірде-бірі айтқан емес. Шындығына келсек, суырып салма әнші-ақындардың басым көпшілігі сазгер болмаған. Мысалы: Сегіз серінің үшінші баласы Мұсайын ірі ақындардың бірі болумен қатар, жақсы ән орындаушы да болыпты. Десекте, Мұсайының ән шығарғандығы жайлы деректі ешбір жерден кездестіргеніміз жоқ. Сол сияқты Біржан салмен айтысқан ақын Сара да үлкен әншілердің бірі болған. Бірақ ақын Сараның да арнаулы ән шығаратын қабілеті болмаған.

Өз тұсында Сегіз сері мен Нияз серінің әндерін тамаша орындаған Хасен Қабақұлы, Іргебай Қоржынкөлұлы (1891-1966 ж.ж.) сияқты саңлақ әншілерді де көрдік. Хасен жас жағынан Нияздың немересімен шамалас болса, Іргебай шөбересімен қатар екен. Хасенді тым шау тартып, ән айтудан қалған кезінде көрдік. Олардан басқа Шал ақын ауданындағы Алқаағаш ауылының тұрғыны: қол өнерші Темірбай Қайраланұлы ақсақал да жас кезінде Сегіз сері мен Нияз сері әндерін өте жақсы орындаған еді. Сегіз сері мен Нияз сері әндерін Біржан сал мен Шәрке салдан бастап, Батпас Некібайұлы әншіге дейінгі әнші-ақын, сазгерлердің бәрі өз мәнінде тамаша орындаған. Батпас Некібайұлы Салғара, Сегіз сері, Нияз сері әндерін өз ұстазы Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы сазгерден үйреніпті.

Бір өкінішті жәйт – сол Нияз шығармаларының біздің кезеңге келіп жетпегені. Сол секілді, Сейітжан сал, Құшан сері Көрпеш ұлдары, Көрпе Үркімбайұлы, Қанафия Басалқаұлы (Басығараұлынан басқа) әнші-ақындардың қоныстары өте шалғай болғандықтан, олардың діни шығармалары да, насихат өлеңдері де, хисса-дастандары да қазақ топырағына аз таралған сияқты. Аталған сазгерлердің елден-елге жеткен әндері Кеңес дәуірінде халық әніне айналып кеті. Мысалы: Сейітжан салдың елге мәлім «Қанат талды» әніне соңғы жылдары қолдан ақын жасаушылар Сәтжан есімді белгісіз біреуді ие қып қоюда.

Қошқарағай елі 1928 жылы жазда жан-жаққа тарап кеткендіктен, ол елдің ақын-жыраулары мен сазгерлерінің шығармаларын жазып алуға мүмкіндік болмай қалды. Сөйтіп, Қызылжар өңіріндегі елдер Қошқарағайлық қандастарынан қол үзіп қалыпты. Міне, осы жәйттер Нияз сері, Сейітжан сал, Құшан сері сазгерлер мен олардың шәкірттері: Көрпе Үркімбайұлы, Қанафия Басалқаұлы әнші-ақындардың өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректер мен шығармаларының жиналмай-зерттелмей назардан тыс қалуларына себеп болып отыр.

1990-1991 жылдары белгілі әнші Жәнібек Кәрменов өзі құрастырып, «Өнер» баспасынан жарық көргізген «Қазақ әндерінің антологиясы» атты жинақта Нияз сері Бекдәулетұлының (1818-1893 ж.ж.), Мұстафа Сегіз серіұлының (1840-1899 ж.ж.) және басқа сазгерлердің біраз әндерін өздеріне қайтарып, үлкен ерлік жасағанына жұртшылық разы болған еді.

Сонымен қатар, Нияз сері есімі белгілі әдебиетші-ғалымдардың бірі, Т.Сүлейменовтің «Өнер» баспасынан, драматург-жазушы Н.Әбуталиевтің «Жалын» баспасынан, 1991 жылы жарық көрген бір-бірімен аттас «Сегіз сері» атты зерттеу еңбектерінде орын алды.

Бүгінде Нияз сері шыққан Бике керейге жататын Мадияр ұрпақтары Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл аудандағы Аманкелді ауылында, аудан орталығы Пресновка қалашығында, облыс орталығы Петропавлск (Қазылжар) шаһарында, Ресейге қарасты Қорған, Тюмень облыстарында тұрып жатқан жәйі бар.

Біздің Нияз сері туралы бар білгеніміз осы. Оның халық әндерінің санатында жүрген туындыларын өзіне қайтару - әндер тарихын зерттеумен айналысып жүрген жас өнертанушы ғалымдардың міндеті екендігі сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға