Жаңалықтар

Азаматтарымыз қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?

Филолог-аудармашы Айгерім Хопурмен сұхбат
Азаматтарымыз қазақ тілін қалай меңгеріп жүр?
11.06.2021 16:17 7955

Айгерім Хопур – «Нейроқазақша» тіл үйрету методикасының негізін қалаушы, аудармашы. Еңбек жолын ағылшын, орыс, түрік тілдерін оқытудан бастаған Айгерім қазақ тілін үйренуге сұраныстың жоғары екенін байқайды. Осылайша, ағылшын және түрік тілдерін үйретудің әдісін қосып, керегін алып, жаңа методика ойлап табады. Бүгінде осы методиканы дамытып, түрлі оқу орындарында іске асыруды мақсат етіп жүрген филолог-педагогпен біз де сұхбаттасқан едік.

3eccb591-2c31-470d-a91d-679a0d44ceb1.jpg

Кейіпкеріміз 2009 жылы Лингва шет тілдер институтын «Ағылшын тілі филологиясы» мамандығы бойынша бітірген. Одан кейін аталған институтта ағылшын және түрік тілдерінің оқытушысы қызметін атқарады. Ал 2011 жылы Орталық Қазақстан Академиясында «Филология» магистрі атанған. 2013 жылы Орталық Қазақстан Академиясында «Аударма ісі» мамандығы бойынша сырттай екінші жоғарғы білімін алған.

- 1988 жылы Павлодар облысының Екібастұз қаласында өмірге келдім. Содан кейін ата-анаммен бірге Қарағанды облысына көштік. Сол жерде қазақ мектебіне бардым. Ал 11-сыныпты Тіл және аударма институтына қарайтын шет тілдер лицейінде жалғастырдым. Ол жерде орыс тілінде оқыдым. Мектептен соң аталған институтқа түстім. Екінші шет тілі ретінде түрік тілін таңдап, ағылшын тілі филологиясы мамандығын бітірдім. Оның өзі қызық болды. Алғашында бәріміз оқуды аяқтағаннан соң Америкаға барамыз, онда латын-америкалықтар көп болады, сол үшін ағылшын тілімен қоса испан тілін оқуымыз керек деп ойлап жүрдік. Екінші шет тілін таңдар күні сабақты түстен кейін болады деп қателесіп келсем, студенттердің 70 пайызы испан тілін таңдап қойыпты. Содан амалсыздан түрік тілін таңдауыма тура келді, - деп бастады кейіпкеріміз әңгімесін.

Филологтың айтуынша, қазақ тілін үйренудің мәселесі туралы ой институт қабырғасында, дәл осы түрік тілін оқып жүргенде келіпті. Алғашқы идея, алғашқы талпыныс студенттік кезеңде туындаса да, кейіннен жұмыс бабы, тұрмыстық жағдайлармен жүзеге аспай қалған.

- Түрік пен қазақ тілі бір тілдер тобына жатады. Алайда орыс тілді азаматтар түрік тілін тез меңгеріп алады. Мысалы, үш ай мерзім ішінде өте жақсы сөйлеп шығады. Ал қазақша олай тез сөйлеп кете алмайды. Неліктен бұлай деп көп ойланып жүрдім. Ол уақытта студенттерге ағылшын, орыс, түрік тілдерінен сабақ беретінмін. Қазақ тіліне аса көп көңіл бөле алмадым. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, бір түрік құрылыс компаниясында аудармашы болып жұмыс істедім. Біраз уақыттан соң Instagram парақшамды ашып, сонда тілдер туралы танымдық контенттер салуды бастадым. Сосын декретке шығып, баламды өмірге әкеліп, арада біршама үзіліс болып қалды, - дейді Айгерім Ержанқызы.

8ebf42a5-08f7-4239-95fe-08e5014046e8.jpg

Кейіпкеріміз біраз уақыт кідірістен кейін 2018 жылы қазақ тілін үйретуге ден қояды. Білім беру курсы мен методикасының атын «нейроқазақша» деп атауының өзіндік себебі бар екен.

- Екі-үш жыл бұрын парақшамды қайта қолға алып, қазақша блог жүргізе бастадым. Қазақ тілін оқуға сұраныс артқанын көрдім де, сабақ беріп, курс ашуға бел будым. Курсты ашпас бұрын, алдымен оның методикасын құрыстырдым. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін үйрету әдіснамасын алып, қазақ тіліне қарай бағыттадым. Бұдан менің жеке методикам пайда болды. Оны «нейроқазақша» деп атадым. Адамдар қалай ойлайды, жаңа нәрсені қалай қабылдайды, ми қалай жұмыс істейді деген сұрақтар тұрғысынан ойлана келе, солай атауды жөн көрдім. Жалпы адам баласы жаңа нәрсені үйренген кезде міндетті түрде ми арқылы, нейротәсілмен келеді. Шет тілдерді оқу, үйрену де нейроүрдіс болып саналады. Мидың жұмыс істеуіне қатысты зерттеулерді қарадым. Сол тезистердің негізінде мен «нейро» деген ат қойдым. Мысалы біздің миымыз жүйелі болатын нәрселерді жақсы меңгереді. Жаңа тақырыпты, жаңа ақпаратты берген кезде өзіміз бұрыннан білетін ескі ақпаратқа негіздеп беруіміз керек. Сондықтан менің методикамдағы ең басты нәрсе – тақырыптар бір-бірімен байланысты әрі бір-бірін толықтырып тұруы керек. Менің бүкіл мәтіндерім, жаттығуларым күнделікті өмірде кездесетін жағдайлармен байланысты, - деп атап өтті педагог.

55dd1a35-9002-46c4-aad7-423161e22d80.jpg

Айгерім Хопур қазақ тілін кез келген жанға үйрете бермейтінін айта кетті. Нақты сұраныспен, үлкен талпыныспен оқымайтын жандардан нәтиже шықпайтынына көзі жеткен филолог, осындай шешімге келген.

- Студенттерімнің арасында қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де бар. Бірақ олардың бәрін курсыма қабылдай бермеймін. Мен өзіне қазақ тілі нақты керек екенін сезінетін, түсінетін тұлғаларды аламын. Сонда ғана оқу үрдісі тиімді, нәтижелі болады. Мысалы, Қазақстанда тұрғаннан кейін барлық азамат қазақ тілін үйрену керек екенін біледі. Бірақ бәрі бірдей нақты қадам жасамайды. Өйткені оларда аса қажеттілік жоқ. Маған келетін кісілердің көбі мансап, жұмыс бабымен үйрену үшін келеді. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, елшілікте жұмыс істейтін азаматтар бар. Қазақ тілін үйренуге келген жандардың деңгейі көбінесе бірдей. Мысалы, тұрмыстық деңгейде сөйлей алады да, жұмыс бабымен сөйлеуге қиналады. Яғни оларға негізінде кәсіби-ресми тіл керек. Көп жағдайда жалғауларды дұрыс жалғамай, шатастырады. Акцент те басым болады. Бірден ненің қиындық тудырып тұрғанын көремін, - деп атап өтті кейіпкеріміз.

Сонымен қатар оқытушы тек 25 жастан асқан азаматтарға сабақ беретінін айтты. Алайда болашақта балалар мен жасөспірімдерге де қазақ тілін үйреткісі келетінін жасырмады.

- Мен қазір тек қана ересектерге сабақ беремін. Балалар мен жасөспірімдерге сабақ бермеймін. Өйткені әрбір жас тобы үшін түрлі әдіс-тәсіл, сондай-ақ үлкен ізденіс керек. Неге ересектерді оқытудан бастадым? Институтты бітіргеннен кейін сол жерге бірден оқытушы болып жұмысқа орналастым. Онда студенттерім 18-ден асқан, тіпті кейбірі екінші жоғары білім алуға келген өзімнен де үлкен азаматтар еді. Сол үшін ересектермен қалай жұмыс істеу керек екенін білемін десем де болады, - деп түсіндірді филолог.

Айгерім Ержанқызы «Адамға қандай жағдай болмасын мотивация беру керек» деген қағиданы ұстанады. Бұл әсіресе тіл үйренушілерге керек дүние дейді. Сонымен қатар қазақ тілін үйренудегі басты проблеманы да атап өтті.

- Сабақтарыма пайдалану үшін Youtube платформасынан көптеген контентті қарап, таңдап аламын. Бірақ алдын ала ол жерде тіл тазалығы сақталмайтынын айтып қоямын. «Мына жерде былай айтылуы керек» деп түсіндіріп беремін. Қазір таза қазақ тіліндегі сапалы әрі қызықты контент аздау. Бірақ көбейіп келеді. Блогерлер бүгінгі таңда қазақша контент жасауға тырысып жатыр. Мысалы, бірнеше жыл бұрын ондай туындылар болмаған еді. Яғни, әр нәрседен позитив көре білу керек деп ойлаймын. Жағымсыз дүниелер бүкіл жерде болады. Бұл қазақ тілін үйренуге де қатысты. Біреу қазақша сөйлейін десе қате шығады, содан кейін басқалар «қазақша айтпай-ақ қойшы, орысша сөйлей берші» деп бетін қайтарып тастайды. Біз керісінше, «мынандай сөздерді қазақша айттың, жарайсың» деп мақтауымыз керек. Содан кейін адамның өз-өзіне сенімділігі артып, өзін жетілдіріп, одан да көбірек қазақша сөйлей бастайды, - дейді оқытушы.

Кейіпкеріміз болашақтағы жоспарларын да бөлісті. Айтуынша, «Нейроқазақша» атымен танымал болып келе жатқан методикасын таратып, сол арқылы қазақ тіліне сұраныс арттыру басты мақсаты екен.

- Менің курсым өзімнің методикама негізделген. Бірақ өзімнің методикамды жасаған кезде Бектұрованың кітабын, «Қазақ тілінің анықтамалығы» кітаптарын дереккөз ретінде қолдандым. Өз методикамды, әдіснамамды жасадым. Енді бүкіл курс өз методикам бойынша жүреді. Біраз студенттерді оқытып оның артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, түзеттім. Қазір оны оқулық ретінде шығарғалы жатырмын. 90 пайызы дайын тұр. Бірақ оны баспаға бермеймін, электронды түрде таратамын. Өйткені өздеріңіз білетіндей кітап шығару көп қаржыны керек етеді. Аудиосын да дайындаймын. Бұл оқулығым басқа да оқытушы ұстаздарға көмекші болса екен деймін. Оны өз қажеттеріне жаратып, қолданса мен тек қана қуанамын, - дейді Айгерім Ержанқызы.

5e17da53-57b7-456e-a021-b893d7431642.jpg

Сұхбат соңында кейіпкеріміз қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтарға өз кеңесін айта кетті.

-Instagram әлеуметтік желісіндегі постарымда қазақша контент жасайтын адамдармен таныстырып отырамын. Сол арқылы қазақ тілінде көбірек оқып, фильмдер көріп, аудио тыңдауға кеңес беремін. Тек қана үйде отырып жаттығу орындап қана қоймай, өзі қызығатын тақырыптар, салалар бойынша қазақ тіліндегі контенттерді көру арқылы тезірек үйренуге болады. Яғни мұның пайдасы өте жоғары. Осы үшін де әрдайым жаңалықтарды жібермей қадағалаймын, - деп қорытындылады Айгерім Хопур.

Тіл біздің тарихымызды айтатын ғана емес, бүгініміз бен болашағымызды байланыстыратын құрал. Қоғамдағы осы айтылған үлкен жауапкершілікті өз мойнына жүктеп, елдегі қаракөздерімізге ана тілі – қазақ тілін, шетелден келген азаматтарға мемлекеттік тілді үйретіп жүрген бүгінгі кейіпкеріміздің жұмысына тек сәттілік тілейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға