Қандастар Ассамблея

Асқазаныңыз ауырса...

Гастроэнтеролог Айгерім Ибраевамен сұқбат

«Ауру – астан» дегенді жиі естісек те көбіміз жүйелі тамақтана бермейміз. Ал ас қорыту жүйесінің аурулары түрлі сырқаттарға шалдықтыратыны анық. Осы орайда асқазан-ішек ауруларының себептері қандай? Асқазан-ішек жолдарында жиі кездесетін ауру түрлері, емдеу жолдары туралы арнайы маманмен сұқбаттасқан болатынмыз. Сауалдарымызға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ШЖҚ «№2 көпбейінді қалалық ауруханасының»  емдеу-диагностикалық орталығының басшысы, І санатты гастроэнтеролог дәрігер Айгерім Ибрева жауап берді.


–  Айгерім Қалдыбекқызы, асқазан ауруларының себептері қандай?

– Асқазан ауруларының себептеріне біріншіден дұрыс тамақтанбау, уақытылы тамақтанбау жатады. Ыстық, суық, майлы, қуырылған және тұзды тағамдарды үнемі жиі қолданудың әсерінен біз асқазанымызды зақымдаймыз. Олар біздің шырышты қабатымызды зақымдауға әкеліп соқтырады. Сондықтан біздің жейтін тамағымыз өте маңызды. Екінші – шылым шегу. Одан кейін алкагольді ішімдік ішу де асқазан ауруларының пайда болуына себеп бола алады. Сонымен қатар қабынуды емдейтін, жансыздандыртын, температураны түсіретін дәрілерді науқас жиі ішетін болса, асқазанға зақым келтіруі мүмкін. Сонымен қатар күйзелістің де кері әсері болады.

–   Асқазан-ішек жолдарында жиі кездесетін ауру түрлері

–  Асқазанда жиі кездесетін асқазанның созылмалы сырқаты – гастрит. Одан кейін асқазан мен он екі елі ішектің жара ауруы (язвенная болезнь желудка). Ішекте ойық жаралы ауру (язвенный колит) пен ішектің созылмалы ауруы (болезнь крона) және ішек бактериялары деңгейінің бұзылуы жиі кездеседі.



–   Асқазан ауруларының клиникалық белгілері қандай?

– Асқазан-ішек ауруларының ең басты клиникалық белгісі – адамның іші мен екі қабырғасының түйісетін жері ауырады. Іші аш қарынға немесе тамақ жеп болғаннан кейін бірден ауырады. Гастрит кезінде осы ауру белгілерінің барлығы да болуы мүмкін. Ал асқазанда, он екі елі ішекте ауырған уақытына қарап біз жараның шамамен қай жақта орналасқанын айта аламыз. Мысалы ауру асқазанда болса, аш қарынға ауырады. Себебі асқазан сөлі (желудочный сок) қышқыл сөл бөлінеді. Ол асқазан бос болғанда, асқазандағы жараға қолайсыздық тудырып, ауыртады. Екінші клиникалық белгісі – тамақ ішіп болғаннан кейін жарты сағаттан кейін немесе 10-15 минуттан кейін басылады да қайтадан ауыра бастайды. Ал тамақ ішіп болғаннан кейін 2-2,5 сағатттан кейін ауырса, біз ол ауру он екі елі ішекте деп болжам жасаймыз. Сонымен қатар науқастың тәбетінің түсуі мен іште жағымсыздықтың пайда болуы асқазан-ішек жолдары ауруларының белгілеріне жатады.

–  Гастритті асқазан жарасы ауруынан қалай ажыратамыз?

–  Гастрит те асқазанның он екі елі ішегінің жара ауруы белгілері болмауы мүмкін. Екеуін ажырататын белгі жоқ. Гастриттің белгісі күшейген кезде немесе емге жауап бермеген кезде гастриттен жара пайда болады.


–  Асқазаны ауырған адам қандай тексерістен өтуі керек? Немесе қандай талдамалар тапсыруы керек?

– Асқазаны ауырған адам біріншіден гастроэнтеролог дәрігерге баруы керек. Дәрігер науқасты зерттеулерге жібереді. Ең бастысы нақты анықтайтын ФГДС аппараты. Ол құрылғы өңеш, асқазан, асқазанның он екі елі ішегін қарайды. Бірден асқазанның шырышты қабатындағы өзгерістер, жараның бар-жоғын анықтайды. Одан кейін талдама жасалынады. Гастрит ұзақ емделмеген кезде атрафия, дисплазия деген өзгерістер болады. Асқазан шырышты қабаты жұқалануы атрафия болып табылады. Атрафияның пайда болуы рактың алдын алу жағдайы болып саналады. Сондықтан міндетті түрде биопсия алынуы керек. Микроскоппен асқазанның шырышты қабатының жасушаларында өзгерістің бар-жоғын қарауы керек. Асқазанда өмір сүретін міндетті Helicobacter pyloriosis деген бактерия бар. Гастриттің 90% себебі осы бактериядан болады. Ол бар болса, міндетті түрде емдеу керек. Емделмесе асқазанның онкологиясына әкеліп соқтыруы мүмкін.

–  Соңғы кезде түрлі медициналық орталықтарда ішекті тазарту үрдіске айналып келеді. Оның зияны жоқ па?

– Егер адам күнде үлкен дәретке барса, ішек өзі тазаланады. Егер бармаса дәрігерге барып, себебін анықтау керек. Бұл жағдайдың әртүрлі себептері болуы мүмкін. Үлкен дәретті қарапайым сумен, тамақпен, серуенмен және дәрісіз дұрыстауға болады. Егер олар көмектеспесе, дәрігер зиян келтірілмейтін дәрілерді тағайындайды. Сонымен қатар үлкен дәретті жүргізуге минералды сулар да көмектеседі. Тоқ ішекте әр адамға тән бактериялардың деңгейі болады. Сол бактериялар біздің денсаулығымыз үшін өте маңызды. Олар ішектің дұрыс жұмыс істеуіне себепкер болады. Көптеген адамға пайдалы нәрселерді шығарып, ішектің шырышты қабатын қорғайды. Ішектің шырышты қабатының дұрыс жұмыс істеуіне себепкер болады. Ішекті тазарту пайдалы бактерияларды жуып шығарады.


(Суретте: Гастроэнтеролог  дәрігер Айгерім Ибраева)

Көптеген науқастар ішектерін тазартып келеді. Артынан бактерияларды қайтадан салады. Бірақ та қанша бактерия салғанымен ол бактериялар адамға өзіндікіндей пайдалы болмайды. Кейбір науқастар үлкен дәретім дұрыс болмай жүр, ішекті тазартсам қалпына келеді деп ішекті тазартып жатады. Жалпы ішекті тазарту дұрыс емес. Менің тәжірибемде бірнеше науқас келді. Ол кісі ішегін шипажайға демалуға барып, жыл сайын тазартып отырған. Бірінші, екінші жылдары бәрі жақсы болады. Үшінші жылы іші тоқтамай өтіп, диарея болып келді. Ішегін тексергенде іш өтетіндей ешқандай себеп табылған жоқ. Тек қана ішекті тазартқаннан батериялардың деңгейі өзгерген.

–  Асқазан-ішек жолдарын тексеретін құрал-жабдықтар туралы айта кетсеңіз

– Бізде асқазан тексеретін аппараттар бар. Оны гастроскоп деп атайды. Тоқ ішек қарайтын құрылғы бар. Оны колоноскоп деп атайды.

–  Дәрілер ас қорыту жүйесін бұзуы мүмкін бе?

– Дәрілердің асқазанда әсері болуы мүмкін. Оның ішінде (нестероидные противовоспалительные препараты) қабынуға қарсы стероидты емес дәрілерлер асқазан мен ішекті жараға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл жаралардың ерекшелігі – жаралар ауырмай белгісіз өтеді. Бірақ қанау қауіптілігі жоғары болады. Дәріден болған жара көбірек және жиі қанауы мүмкін. Әсіресе аспирин препараты. Аспирин қан тамырларындағы тромбоцидтердің жабысуына кедергі болады. Әсерінен қан көп кетуі мүмкін.


Және глюкокартикастироид деген гармоналды препарат бар. Оны аутоиммунный аурулары бар науқастар ұзақ ішеді. Немесе бронхалды астма болған кісілерге система ретінде құяды. Аллергия шыққан кісілерге салынады. Гармональды препараттарды аутоиммунный аурулары бар науқастар таблетка түрінде ұзақ мерзімде ішеді. Осы дәрілер асқазан-ішек жолдарында жараға әкеліп соқтыруы мүмкін.

–  Асқазан-ішек ауруларын емдеу жолдары.

–  ХІХ ғасырда дәлелді медицина деген нәрсе бар. Ол әр дәріні зерттеуден өткізеді. Әсері бар-жоғын, кері әсерлері қандай ? Егер бұл дәріні беретін болса қандай дозада берулері керек? Оның барлығы зерттеуде тексеріледі. Біз асқазан-ішек жолдарын ауруларын емдегенде сондай дәрілерді қолданамыз. Себебі қазір барлық дәрілерге зерттеу жасалған.


–  Күнделікті қанша науқас ем алуға келеді?

– Жалпы біздің елімізде асқазан аурулары өте жиі кездеседі. Мысалы күніне мен 7-8 науқасты қабылдаймын. Ол науқастардың 70 % асқазан ауруларымен келеді.

– Тәжірибеңіздегі науқастармен болған оқиғалармен бөліссеңіз

– Әр түрлі науқастар болады. Бір жолы бір науқас әйел іш қату шағымымен келді. Жасы 50-ден асқан. Негізі адамның жасы 45-50-ден асқанда адамда іш қату пайда болатын болса, оны міндетті түрде онкоскринингтен өткізіп, колоноскопия жасату керек. Ол кісіге ішін жүргізуге су, тамақ, 1-2 сағат серуен мен зиян келтірмейтін дәрілерді тағайындадым. Өйткені іш жүргізуге арналған зиян келтіретін дәрілер де болады. Оны білу керек. Әйел науқаста колонскопия жүргізгеннен кейін оброзавание табылды. Биопсия алған кезде рак болып шықты. Енді сол алдын ала , уақытында дәрігерге келіп, кеңесін орындағаннан кейін ракты алғашқы стадиясында анықтағаннан кейін ота жасатып аман қалды. Метостаз болған жоқ. Сондықтан онкоскрингтің пайдасын көрсетеді. Науқастарға айтарым егер асқазан-ішек жолдары ауруларының белгілерін байқсаңыздар міндетті түрде гастроэнтеролог маманға қаралыңыз.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Ұқсас материалдар