Жаңалықтар

Гүл сыйлай білесіз бе?

Гүл және түстерінің сыры
Гүл сыйлай білесіз бе?
07.03.2017 13:40 41196

Гүлдер әлемі таңғажайып дүниеден сыр шертеді. Олардың әрқайсысының өзіндік орны, ерекшеліктері бар.

Раушан

Раушан – ежелден өте тартымды гүл ретінде саналады. Оның түстері әртүрлі. Ақ түсі, қызылы да, күлгіні, сол секілді қара, көгілдір түсі де кездеседі. Ақ түс – пәктік, тазалықтың нышаны. Қызыл түс – махаббат пен сүйіспеншіліктің белгісі. Сары раушан – қуаныш, шаттық, бақыт. Алқызыл түсті раушан гүлі нәзіктікті көрсетеді.

Лалагүл (Лилия)

Бұл гүлді кез келген мерекеде, тіпті үйлену тойына да сыйласаңыз жарай береді. Сүйіктіңіз, құрбыңыз, тіпті әріптесіңіз үшін лалагүлі керемет қуаныш сыйлары анық. Бұл гүл Ежелгі Римде жетістіктің, байлықтың нышаны саналған.

Француздар үшін мәңгіліктің, бақуаттылықтың, сондай-ақ құрметтің белгісі.

Қызғалдақ (тюльпан)

Қызғалдақ – шынайы сезім, таза махаббаттың символы. Қызыл қызғалдақ өз сезімін жеткізу үшін берілетін гүл түрі. Сары түсті қызғалдақ – бақыттың, сыңғырлаған күлкінің белгісі, ал ақ түстісі тазалықты білдіреді.

Орхидея

Бұл гүлдің Қытай халқы үшін орны ерекше. Олар орхидеяны мәнді өмір сыйлайтын гүл ретінде көреді. Сондай-ақ, жат сырқаттан сақтайды деп сеніп, ыдыстарды безендіруде кең қолданған.

Орхидеяны қатты сүйген адамыңыздың жүрегін жаулап алғанда сыйлаңыз. Ол байлықтың, ұлылықтың, табандылықтың символы болып саналады.

Бақытгүл (Хризантема)

Бақытгүлінің отаны Жапония деп есептеледі. Олар үшін бұл гүл адал достықтың белгісі. Ақылдылық пен даналықты суреттейтін хризантема денсаулықтың мықтылығын да сипаттайды. Өзіңіз үшін орны бөлек, адал досыңызға сыйласаңыз құба-құп.

Қалампыр

Қалампыр гүлінің әр түсі әр түрлі сыр шертеді. Мысалы, ақ қалампыр – арманға жетелеуші, күлгін қалампыр – аналық махаббаттың белгісі. Қызыл қалампыр – табыстың, құрметтің нышаны.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ...

Сүйіктіңізге 8 наурызға қандай гүл сыйлауға болады?

Флористер сүйіктіңізге раушан гүлін сыйлағаныңыз дұрыс деп есептейді. Романтикалық сезімді білдіретін гүл ретінде раушанды таңдасаңыз сүйген қыз-келіншегіңіздің көңілінен шығасыз. Сонымен қатар, гербера, қоңыраугүл, пеларгония, қызыл раушан мен  жұлдызгүл (астра) сыйласаңыз әбден болады.

Раушанның қайсысын сыйлаған дұрыс?

Қызыл раушанды тек сүйіктіңізге сыйлаңыз. Ал басқа ханымдарға француз иісті раушанмен қатар, екі түспен үйлестірген раушан гүлдерін назарда ұстаңыз.

Қандай гүлдерді 8 наурызда сыйламау керек?

Көктемнің алғашқы мерекесіне түрлі түстегі гүлдерді таңдамағаныңыз абзал. Есіңізде болсын, көк және кемпірқосақ түстес раушандар ұзақ өмір сүре алмайды.

Құрамалы гүл шоғын сыйлауға бола ма?

Түрлі-түсті қызғалдақтармен қатар, гүл сатушымен келісе отырып, жақсы үйлестірілген гүл шоғын таңдасаңыз болады.

Қыздарға қандай гүл беруге болады?

Інжугүл (ландыш), лаванда, орхидея, қызыл раушан.

Ал құрбылар үшін...

Сарыгүл, бақытгүл (хризантема), түймедақ таңдасаңыз болады.

Аналар мен әпке-қарындастарға арналған гүлдер

Қалампыр, қырмызыгүл, қызғалдақ, күнбағар (бұл аналар үшін), альстромерия, жанаргүл (горицвет), дәстүргүл (маргаритка).

Апа-әжеңіз бен енеңізге қандай гүлдер жарайды?

Сары қызғалдақ, ақ раушан, көк гүл (фиалка) әжелер үшін болса. лотос, сары раушан, эпигея, зәйтүн енеңіз үшін керемет сыйлық.

Әріптесіңізді гүл сыйлап қуантқыңыз келсе ақгүл, Гран-При раушаны, сарғалтақ (лютик), магнолия секілді гүлдерді тарту еткеніңіз дұрыс.

Дүкендер мен интернет нарығындағы гүлдердің бағасы қандай? 

Гүл сататын дүкендердегі баға мейрамға қарсы біршама қымбаттаған. Жергілікті раушан гүлдердің бір талы 600 теңгеден басталып, 1500 теңгеге дейін жетіп жығылады. Ал голландық раушан 60 см – 800 тг,  70 см – 900 тг  80 см – 1000 тг,  90-100 см – 1300 тг. Бұл кішігірім гүл-дүкеніндегі баға. Қызғалдақтардың да бағасы осы шамалас. Лилия, орхидея, бақытгүл секілді құрама гүл шоғы 10 мың теңгеден жоғары. Ал қала орталықтарында бұл құрама гүл шоғын 15 000-20 000 тг ала аласыз. Сондай-ақ, қалаішілік гүл сататын орталықтарда сауданы қыздыратын қызғалдақ, раушан секілді  гүлдердің бағасы 800 теңгеден басталады. Ал 15 тал раушан гүлін алғыңыз келсе 13000 тг төлеңіз, 21 тал қызыл раушан 25 000 теңгеге бағаланып отыр. Қала орталықтарындағы бас сұққан көптеген гүл-дүкендеріндегі баға осы шамада. «8 наурызда раушан, қызғалдақ гүлдеріне сұраныс көп болады, сондай-ақ бақытгүл, қалампыр, лалагүл секілді гүл түрлерінің де өз сатып алушылары бар. Көбнесе біз ол гүлдерден құрама гүл шоғын жасап, сатылымға қоямыз» – дейді гүл сатушы.

Ал интернет-дүкендердегі баға қалай?

cvety.kz

Бұл интернет-дүкендегі ең арзан гүл шоғы «Жүрекпен алғыс» деп аталды, оның бағасы – 12675 тг, сондай-ақ «Жан дүние» гүл шоғын –  13000 тг ала аласыз. Бұл жерде сіздің талғамыңыздан шығатын көптеген гүл шоқтарымен қатар, қорапшадағы, себеттегі жүздеген көз жауатын алатын табиғат таңғажайыбын кезіктіресіз. Мәселен, 25 тал алқызыл қызғалдақ – 22 750 тг, 101 тал ақ қызғалдақ – 91 910 тг тұрса, ең қымбаты 501 талдан тұратын аралас қызғалдақ – 455 910 тг, себеттегі 501 раушан гүлі – 335 010 тг бағаланып отыр.

imperiacvetov.kz

Аталған сайттағы 15 тал ақ раушан, қызыл раушан, аралас раушан, – 12 750 тг көлемінде болса, 21 тал раушан 18 750 тг тұрады. 25 тал раушан 22 500 тг, 31-і – 34 500 тг, 51-і – 43 500 тг. Ал 101 тал раушан  – 60 000 тг, бұл аз десеңіз, сүйіктіңізді 1001 тал  (615 000 тг) естен кетпес көңіл-күй сыйлайтын раушанмен көмкеріңіз.

jsflor.kz

Бұл желі дүкеніндегі гүлдерге қорап, себет және гүл шоқтары бойынша тапсырыс бере аласыз. Олардың бағалары да әрқилы. Мәселен, бір гүл шоғы 8 500-90 000 тг аралығында болса, қораптағы гүлдер 9 000-59 000 тг теңге тұрады. Ал себеттегі гүлдер 19 500-65 000 теңге айналасында.

Раушан гүлдері 10 000-27 000 теңге,, бақытгүл 10 000-11 500 тг. Ал 11 тал раушан гүлі 13 000 тг, бір метрлік 15 раушан 14 000-17 500 теңге аралығында, 25-і – 18 000 тг, 101-і – 59 000 тг тұрады. Мұнда кез-келген әйелдің көңілін жаулап алатын гүл шоқтары кезігеді, тек қалтаңыз көтерсе болғаны.

Аз да болса, гүлдердің түрі мен сырына қанық болдыңыздар деген ойдамыз. Гүлді жақсы көр­мейтін нәзікжандылар болмайды, сондықтан алдағы қыз-келіншектердің мере­кесі қарасаңында жақындарыңызға гүл сыйлауды ұмытпаңыздар.  Көктемнің алғашқы мерекесі көңілді өтсін!


 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға