Жаңалықтар

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

28 ақпан – Жамбыл Жабаевтың туған күні
Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға
18.02.2022 15:04 5714

28 ақпан - жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні. Қазақ халық поэзиясының дара тұлғасының мерейтойына орай, бұрын-соңды еш жерде айтылмаған деректерді ұсынып отырмыз.

Жамбылдың есімі тауға байланысты қойылған

Әкесі Жапаның (ел Жабай деп те атаған) үй-ішінің тұрмысы өте ауыр болды, бірақ қоқандықтардың тепкісінде, оның қол астында болу одан да ауыр тиген еді. Сондықтан 1846 жылдың қысында қырдың сұрапыл боранына қарамастан Жапа, өзінің аз ғана жақын туыстарымен бірлесіп, мекенін тастап, еркін қонысты көшпелі елдердің жақсы деген жылдарда да өте сирек келіп-кетіп жүретін жерлерінен, келешегі бұлдыр жақтан іздеді. Күн ауа әлгі көш кенеттен тоқтай қалған. Артта тосқауылда келе жатқан Жапа көштің тоқтағанын көріп, тебініп жіберіп, желе жортып көшке қарай келген. Ол алыстан-ақ, бір жерде у-шу бола қалған әйелдерді естіп, бұлардың ортасында өзінің әйелі Ұлданды да көрді. Ол толғатып жатыр екен. Бұл – 1846 жылы ақпан айы еді. Дереу бірнеше түйе алқа-қотан шөгеріліп, үстеріне киіз жабылып ықтасын жасалды. Кешке қарай әйелі босанып, ұл бала дүниеге келді. Бірақ бұл жерде аялдауға болмайтын еді. Өйткені, бұл маңда қоқандықтардың жүргендерін көштің тосқауылдағы адамдары айтып келген болатын. Көш тек келесі күні ғана биік дөң тәрізді Жамбыл тауының қасына келіп тоқтады. Таудың өзі Теріскей Алатаудың аяқ шеніндегі көршілес Шағарлы тауымен қатар, бөлек тұрған еді. Жаңа туған балаға осы тауға байланысты Жамбыл деп ат қойылды. Жамбыл қырдың сұрапыл боранында далада туды, мұның өзі оның келешегінде басынан кешіргелі тұрған екі-талай қатал заманның бейнесін көрсеткен бір белгі сияқты еді. «Ол өмір бойы халық жыршысы болды, жетпіске келгенше қазақ халқының бақыт таңын күтті, осы жетпіс жылдың ішінде талай қилы кезеңдерден өтті, өз өмірінің теріскейінен күңгейіне, оның қара түнек басқан түнінен нұрлы сәулелi күнiне келді. Қазақ халқына да атар таң, шығар күн бар деп қарады. Ол боранда туды, әлеуметтік долы дауылдың, сұрапыл қиыншылықтардың кезеңдерінде шынықты, бостандықты сүйгіш оның өткір сөздері, еңіреген ерге тән бойына біткен қайрат-жігері, оның құлық-мінезі осындай жағдайда қалыптасты», – деп жазады жазушы С.Бегалин Жамбыл Жабаевтың 70 жылдығында.

«Адамды адам етіп шығаратын ел мен заман», – дейтін А. М. Горький. Жамбылдың өткен ғасырдың 70-80 жылдарында көрнекті ақын болуына оның тек дарындылығы ғана емес, өз заманының оған тигізген аса күшті әлеуметтік әсері себеп болды. Оның ақындық таланты Қазақстандағы, жекелеп алғанда Жетісудағы кезеңді тарихи оқиғаларға толы заманда дамып, өріс алды. Ақынның санасын билеген, жүрегін тебренткен халықтың басынан кешкен екіталай күндер еді. Сөйтіп, ол осы халықтың ой-сезімінің жыршысы болды. Көреген, байқағыш, нәзік, өткір сезімнің адамы сол дәуірде өтіп жатқан тарихи оқиғаларды бағалай білді. Осылайша, Жамбыл өз заманының шежіресі болды.

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

Қоқандықтардан қауіп төнген тұстағы Жамбылдың жастық шағы

Жамбылдың балалық кезі, оның жас шағы, Қазақстанды жеке аудандарға бөліп, бытыратып, шет елдіктердің жерін иелене бастаған, ел басына күн туған екіталай ауыр күндер туған заманға тура келді. XVIII ғасырда өзінің қатал өктемдігін жүргізген жоңғар басқыншыларының орнына айуандықтары одан да асқан Шығыс Қазақстанда қытай хандары, Түркістан мен Жетісуда қоқандықтар, Арал теңізі мен Торғайда оңай олжа тапқысы келген Хиуа мен Бұхара хандары, Батыс Қазақстанда патша отаршылары өктемдігін жүргізіп отырды. Жамбыл 15-17 жасқа келген кезінде қоқандықтардың тепкісін өз көзімен көрді, өз басынан кешірді. Ешбір заңға келмейтін зорлық-зомбылық, қазақ ауылдарына дамылсыз қарақшылық шабуыл жасау, талан-таражбен ұштасып жатқан алым-салық, жаппай қыру, қазақтың әйелдері мен қыздарын тартып әкету, бейбіт еңбекті бұзу қоқандықтардың өктемдігінің бір ерекше белгісі болды. Халықтың күйініші туралы бір жырында Ұлы жүздің еңбекшілерінің басынан кешкен ауыр халін:

Меркеде Құсбек ұлық бар,

Қыз-қатынға ұзын құрық бар,

Қарсы келген тентекке

Жуан кeлдeк сырық бар! - деп суреттейді. Жамбылға өмір бойы есінен кетпестей із қалдырған қоқандықтардың өктемдік құрған қара түнегi ақынның Сарбас ақынмен айтысқан өлеңінде айқын көрінген:

Жетісуда қазақтың!

Көрген күні кем еді.

Жан-жағынан күнде жау

Елге тыныштық бермеді.

Бір жағынан қалмақтың

Ұрылары талады.

Шет ел зорлықшыларының естен кетпес жауыздықтары халықты азапқа ұшыратып қана қойған жоқ, бүкіл халықтың наразылығын да туғызды. Ұлт азаттығы қозғалысының айбынды екпіні өз халқының қорғанышы болған қаһарман батырларды өсіріп шығарды, жауға деген өшпенділікті күшейтті, халықтың күшіне деген сенімді арттырды. Сұраншы, Саурық, Байсейіт сиякты елдің батыр ұлдарының жойқын ерліктерін дәріптетіп, оларды мадақ еткізді. Осындай әңгімелерді Жамбыл көңіл құмарта тыңдап, олардан үлгі алды. Олардың адамгершілік қасиеттерін өз бойына жинауға, ел қамын жеген ерлерге ұқсауға тырысты. Байларды дәріптеген Досмағамбет ақынмен айтысқанда, Жамбыл байлардың бояма, жасанды жақсылығына батырлардың ерлігін, олардың адамгершілік қасиетін қарсы қояды. Ол өзінің пікірі жөнінде де, көздеген мақсаты жөнінде де, адамгершілігі жөнінде де осы батырлармен бір жолда, бір тума екендігін айтады. Сөйтіп, XVIII ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап шет ел озбырларының зорлық-зомбылығынан азап шеккен халықтың басынан кешкен ауыр халді Жамбылдың айқын ұққандығы, оның дүниеге көзқарасы әбден қалыптаса бастағаны, ол зорлықтың қандай түріне болса да ұдайы қарсылық білдіріп, өзінің барлық күші мен жігерін халық игілігіне жұмсауға белін бекем буғандығы айқын көрінеді.

Мектеп, кітап, алауан түрлі білім беретін мәдениет ошақтары жоқ жағдайда, жұрттың бәрі дерлік сауатсыз, атам заманғы қараңғылық, надандық басып тұрған жағдайда ақынның мінез-құлқын, оның ішкі дүниесін қалыптастырып, оны тәрбиелеп шығарған тұрмыс тәжірибесі мен халық даналығы болды.

Жамбылдың дүние тануы, оның дүниеге көзқарасы осындай жағдайда қалыптасты. Қазақ елінің тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысында болып өткен елеулі оқиғалардың барлығы да ақынның ақыл-ойының қалыптасуына белгілі бір түрде әсерін тигізді және оның ақындығының идеялық бағытын белгіледі. Осындай ірі оқиғалардың бірі Ұлы жүз елінің орыс қоластына өтуі еді. Қазақ халқы тек қоқандықтардың тепкісінен өз күшімен азат бола алмайтынына көзі жеткендіктен, Ресей империясының қоластына өтіп, паналауды ұйғарды.

Мысалы, кейін Жамбыл жырындағы оның ең сүйген қаһармандарының бірі Сұраншы батыр, өз бетімен орыстарға сенім артып, олармен байланыс жасады. Сұраншы батыр, кейінірек Екейліктердің басын қосып бiріктірген, Жамбылдың әдебиет майданындағы келешегін белгілеуде аса үлкен көмегін тигізген Сарыбай, сол сияқты Жетісудың басқа батырлары да ақын жырының көрнекті қаһармандары болды. Сұраншы қазақ қолын басқарып, орыс әскерімен тізе қосып, Қоқан бектеріне қарсы жүргізілген бірсыпыра ұрыстарға қатысты, ақырында ол қоқандықтардың қамалы Сайрамды алардағы шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапты.

1854 жылы Верный (қазіргі Алматы) қаласы салынғаннан бастап 1864 жылға дейін, яғни Ташкентті алумен байланысты Қоқан хандығы біржолата жойылғанға дейінгі кезеңде жас Жамбылдың өмірінде өте елеулі өзгерістер болып өтті. Ондаған жылдар бойы шет ел басқыншыларының шабуылына ұшырап, екінші жағынан ұлт аралық және ру аралық қақтығысулардан маза таппай келген елде енді біраз тыныштық орнағандай болды. Қазақ жерін патша әскері басып алған кездерде қазақ халқын экономика жағынан құлдыққа түсіру ісі жаңа ғана басталып келе жатыр еді. Жаңа орнаған орыс әкімшілік орындарының орната бастаған тәртіптері қоқандықтардікіне қарағанда анағұрлым мәдениеттірек және қонымдырақ болды. Жаңа ұрпаққа енді бір жаңа нысананы, жаңа бір зор мақсатты көздеуге мүмкіншілік туды. Бұл кезде күн сайын қоқандықтардың шабуылынан калай аман қалудың, осыған байланысты көші-қону, аяқ астынан кездесетін қантөгіс ұрыстарға дайын тұрудың қамы емес, ел болудың, ілгері басудың мақсаты алға ұсталды. Ауылдарда жаңадан той думан бола бастады, жаңадан көңілді жыр төгілді, әсем ән шырқалды, мұның өзі сезгіш және дарынды балаға, бері өсіп келе жатқан жас Жамбылға үлкен әсер етті. Жамбыл үшін мұның маңызы зор болды. Халық бұқарасымен тығыз байланысты болған Жамбылдың ақыл-ойының қалыптасуы мен ақындығының дамуын қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен байланыстыра қарауымыз керек. Ақынның өмірінің алғашқы күндерінен бастап кеңес кезеңіне дейін бұл жағдайдың маңызы зор болды. Ақын өмір бойы ауыл еңбекшілерінің арасында болды, солармен бірге қайғырды, солармен бірге қуанды солармен бірге үміт етті, өзінің жырларының тақырыптарын осы тұрмыстан алып жырлады. Жамбылдың дәуірінде орыс пен қазақтың арасындағы қарым-қатыс, қазақ халқының өміріндегі бір басты мәселе болды.

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

Жамбыл өміріндегі кеңестік кезең

XVIII ғасырдың 70-80 жылдарында Жамбыл өзінің қажырлы еңбегі мен бойына біткен дарынын, ақындық талантын жұртқа тегіс танытқан кезінде қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев Семей қаласында орыстың алдыңғы қатарлы демократиялық интеллигенциясының өкілдерімен кездеседі (Е. П. Михаолис, Г. И. Долгополов, Леонтьев және басқалар), солардың әсерінен Абай идеялық жағынан қалыптасып, қазақ халқының келешегі орыс халқымен ынтымақтасып, бірлесіn іс істесуде деген тоқтамға келді. Бұдан бұрын орыс мәдениетін қолдаған, оны қазақтың келешегінің тұтқасы деп білген Шоқан Уалиханов еді. Жамбыл орысқа көзқарас туралы бір-біріне мүлде қарсы екі бағыттағы пікірге душар болды. Абай мен

Шоқанның прогресшіл бағытына қарсы байлар, билер, молдалар қазақтарды орысқа қарсы қоюға тырысты, олар орыс атаулының бәріне қазақ халқын жау етпекші болды. Жамбыл орыстар қазақ еліне не береді деген мәселені тереңнен толғап, дұрыс шешті, орыс еңбекшілері мен патша шенеуніктерінің, оның араны ашылған отаршыларының арасы жермен көктей екенін білді.

Қысқа мерзімнің ішінде Жамбылдың көз алдында Верный (қазіргі Алматы) қаласы салынып, тез өсіп, елеулі қалаға айналды. Орыстардың Орта Азиядағы, Сібірдегi салған қалалары сияқты, Верный қаласы да патша отарының әкімшілік жүргізген орталығы болды, бірақ сонымен бірге ол орыс мәдениетінің де ошағы еді. Бірақ өзі хат танымайтын, халқының жүзден тоқсан тоғызы сауатсыз ауылдың қазағы Жамбыл қаланың жақсы сырын ұға алмады, қайта ол жемқор ұлық, жебір тілмаштар арқылы қаланың зұлмат жағын көбірек көрді, оған мейлінше жеркене қарады. Патша өкметінің жауыз тәртібі ақынға ерекше ой толғатты. Елді билеп төстеуші қала ұлықтарының сырын түсінуі Жамбылға ру шеңберінен шығуға, ру тұрғысынан қарауды жоюға, өзінің дүниеге көзқарасын кеңейтуіне үлкен әсер етті.

Сонымен Жамбыл өзінің ақындық өмірінің дербес жолына түсті, ол өзінің дүниеге көзқарасын айқындады, демократиялық көзқарастарды меңгерді, Қазақстанның тарихындағы өте ауыр заманның жағдайындағы қазақ халқының мұң-мүддесін, оның арманын жырлайтын бірден-бір халықтың түсінікті жыршысы болды. Өзі туған осы Жетісудағы әлеуметтік өмірдің қайшылықтары барған сайын шиеленісуі халық ақынының өткір сезгіш санасы мен жүрегінің түкпірінен орын алды. Ол өз халқының бұрынғы тозығы жеткен көне жолымен емес, ең жаңа, ең дұрыс, ең түзу, даңғыл, сара жолмен жүрді. Осы себептен ол өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды, сөйтіп болашақ сәулелі өмірге апаратын ең қиын жолды, бірақ дұрыс, түзу сара жолды тапты. Бул жағдай оған қартайған кезінде ұлы социалистік революцияны ұғуға, сөйтіп жалынды отаншыл жыршысы болуына мүмкіндік берді.

Жамбылға домбыра тарту өнері нағашыдан келген

Жамбылдың әкесі Жапа және оның інісі Жадыра жастайынан-ақ ержүрек, батыл еді, олар қоқандықтарға қарсы көптеген ұрыстарға қатысты. Жамбылдың шешесі Ұлдан да есті адам болатын, ол баласының ақындық жолына түсуіне шын көңілімен тілектестін. Ұлданның нағашысы Қанадан (Үйсін руынан) атақты қобызшы болған адам екен, халық ауызындағы аңызға қарағанда, Қанадан қобызға қосып, Асан қайғы туралы аңызды айтқанда, естігендердің бәрі де жылап отырады екен. Осындай халық ауызындағы бір аңызға қарағанда, Қанаданды айдалада қарақшылар тонапты. Ен далада ол сыбызғы кесіп алып, стартқанда оған бір лағы өлген киік келген, Қанадан далада соны сауып қоректеніпті. Кейінірек Жамбылдың домбыра тартқанын тыңдған кездерінде Ұлдан ұдайы: «Біздің баламызға біткен бұл өнер менің нағашымның өнері ғой», – дейді екен.

Жапа 1899 жылдың шамасында, 87 жасында қайтыс болады. Ақынның анасы да әкесі өлгеннен кейін 5 жылдан соң өмірден өткен. Жамбылдың сырт пішіні өзінің анасына ұқсаған екен, мінез-құлқы, жігер, қайраты әкесіне тартқан дейді көз көргендер. Жамбыл өзгеше бір қажырлы, қайсар бала болып өседі, ол жылқышылармен бірге отардағы жылқыға барып жүреді, асау тай, құлындарды үйретеді, апталар

бойы үйіне келместен сол далада болады. Жамбылда бала кезінде еркелік те, тентектік те болған. Ол кей кезде жолға шығып, кездейсоқ таныс емес жолаушыларды «ас жеп кетіңіз» деп үйіне қонаққа шақырып, ешбір қаперсіз отырған туысқандарын талай ұялтқан кездері болыпты.

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

Бөлтірік шешеннің бала Жамбыл туралы айтқаны

Бір жылы ол аулының қасынан өтіп бара жатқан атақты шешен, жас кезінде даңқы жер жарған батыр Бөлтірікті алып келеді. Бөлтірік ас жеп отырып, балаға қолындағы қазының қабырғасын береді де: «– Балам, атың кім?» – деп сұрайды. « – Жамбыл!» – дейді бала. «– Е, егер атың Жамбыл болса, көкрегің даңғыл болады екен», — дейді көпті көрген, кісі танығыш кәрі Бөлтірік. Осыдан кейін ол Жапаға қарап: «– Баланың талабына кедергі болма, оның беталысы жақсы екен. Қайсар болса, оның оқасы жоқ, жасық болғанша өжет болғаны жақсы», – дейді.

Алғашқы махаббатына қолы жетпеген ақын

Жапаның жақсы көретін және аса сыйлайтын адамы атақты Сарыбай ақсақал болады. Сарыбай келген сайын Жамбылға ерекше көңіл бөледі, онымен сөйлесіп, оған аталық ақылын айтады. Той-думанды, көп адам жиналған ойын-сауықты жақсы көретін бала, ешбір ойын-тойды жібермейді, бәрін де көреді, сөйтіп ол жас шағынан-ақ думанды, өлең- жырды, ән-күйді жақсы көретін болады. Кешікпей-ақ әкесі оны молдаға оқытуға береді, ол кезде балалар арабша, парсыша оқытылатын. Жамбыл мағынасыз, түсініксіз бұл кітаптарды жаттап оқуды ұнатпайды, оның сабаққа баруынан да бармауы көп болады. Бұдан кейін тіпті мектепке баруды да қояды. Оқудың орнына ол әкесінен жасырып домбыра тартуды үйренеді, сөйтіп 13-14 жасында ол өз құрбыластарының арасында ерекше дарындылығымен көзге түсе бастайды. Жыл артынан жылдар өтеді. Жас ақын бұғанасы бекіп, ержетті, сонымен бірге оның салт-санасы да, ой өрісі де өсті. Бір тойда Жамбыл өлең айтып отырғанда сол төңірекке аты шыққан Бұрым сулу деген қызбен танысады. Ақын мен қыз бірін-бірі сүйеді. Бұрым сұлудың туысқандары мен қайын жұртының барлығы да ауқатты байлар болады. Жамбылдың Бұрым сұлумен қосылуы жайында әңгіме болуы да мүмкін емес еді. Бірақ Жамбыл оған қаймықпайды. Жамбыл Бұрым сұлуды алып қашып, бір туысының ауылына барып, жасырынып жүреді. Күш пен өктемдік байлар жағында болады. Олар Жамбылдың аулын барымтамен қорқытып, қызды күш пен тартып алып кетеді. Сөйтіп оны өзі сүймеген, бірақ қалың мал төлеген бай кісіге ұзатқан екен. Жамбылдың әкесі Жапа да, ауылдың беделді ақсақалы Сарыбай да байлардың өктемдігіне қарсы тұра алмайды. Жас Жамбыл өзінің сүйгенінен айрылғанына қатты өкінеді. Ақынның сезімтал жүрегі тұңғыш махаббатынан айырған бұл ауыр қайғыға қатты күйінеді. Жамбыл тек өзінің қара басының қайғысын ғана жырлап қоймайды, сонымен бірге бүкіл халықтың қайты-қасіретін жырлай бастайды. Жамбылдың қара басының қасіреті — оның айналадағы әлеуметтің қарым-қатынастарына сын көзімен қарауына көмектеседі. Сонау бір кезде басынан кешкен ауыр азаптарды Жамбыл әбден қартайғанда да қынжылып есіне түсіріп отырыпты. Күнделікті тұрмыстағы теңсіздіктерге терең ой жібергенде Жамбыл өзінің қара басының бақытсыздығын бүкіл халықтың ауыр қайғысымен салыстырғанда теңіздегi тамшыдай ғана нәрсе екендігін көрді. Ол кезде жігіттің сүйген қызын ала алмауы, қыздың сүйген жігітіне бара алмауы екінің бірінен ұшырайтын оқиға еді, байлардың озбырлығы өрлеп, кедейлерде теңдiк болмауы заңға айнала бастаған еді, айналаның бәрінен тұншыққан зарлы дауыс, шарасыз қарғыс естіліп, көзден аккан жас көл болушы еді. Әлеумет құрылысындағы әділетсіздікті әшкерелеу Жамбылдың жырына ызалы кекті сипат бере бастады, жылдан-жылға Жамбыл да өзінің жақын көрген жұртының шектен тыс шеккен азаптарын өлең-жырмен болса да жеңілдету талабы күшейе бастады. Сүйімбайдың жолын қуған дарынды шәкірті Жамбылдың барлық ақындық өмірінің негізгі ұраны «шындықты жырлау» деген пернелі сөз болды. Жамбылдың ұстазынан өзгешелігі ешкімге тәуелді болып, бас имегендігі. Сондықтан ол ұдайы бай-манаптарды, әкімдер мен төрелерді, болыстар мен молдаларды, тілмаштар мен патша шенеуніктерін әшкерелеп, өткір сөзбен түйреді, қазақ даласына әділдік шындықтын, туын тікті, халықтың қайғы-қасіретін бүркеместен ашық айтып, қара басы қуғын-сүргінге, ауыр азаптарға да ұшырады. ХVІІІ ғасырдың 70-80 жылдарында-ақ Жамбыл дәл осындай өлең-жырлардың шебері болып шығады. Ақынның алатын орны және өлең- жырлардың қоғамдық маңызы жөніндегі қатаң шындықты Жамбыл осылайша айқын түсінеді, сөйтіп көптеген ақындық шығармаларымен өзінің еңбекші халықтың жыршысы екенін дәлелдейді, оның бұл атағы баянды болып, беделі күннен- күнге арта түседі.

Айтыстағы жеңістер

Шындық үшін күресудің дұрыстығын сынап шешкен кезең – Жамбылдың Жетісуға атағы жайылған Құлмамбет ақынмен 1881 жылғы кездесуі болып табылады. Жамбыл айтысудың ең шебер ақындарының бірі Құлмамбетпен тайсалмай еркін айтысады. Құлмамбеттің айтысқа шеберлігі сондай, онымен айтысуға көп ақындардың батылы бармай, бірен-саран ақындар ғана зорға айтысады екен. Құлмамбет Албан руынан шыққан ақын, Жетісу қазақтары оны осы күнге дейін жақсы біледі және өте құрметтейді. Жамбыл Құлмамбетпен айтысып, оны үндетпей қояды. Данқы жер жарған, жасы үлкен Құлмамбет, айтыстың бас жағында жас Жамбылды елемейді. Сөйтіп «қалай да болса жеңіп шығамын ғой» деп Жамбылды сынап, мінейді, мақтаныш жел сөздерді аямайды. Бірақ айтыс өрши түскен сайын Құлмамбет сөзтапқыш, жалынды ақын, әдісқой Жамбылға қарсы айтатын сөз таба алмай қалады. Ақырында Жамбыл жеңіп шығады. Жамбыл айтыстың сыннан өткен әдіс-айлаларын шебер пайдалану жағынан ғана асып түспейді, ол ақындығының демократиялық маңызы жағынан да Құлмамбеттен озық болады. Жамбылдың Құлмамбеттен өзгешелігі – байларды мазақтап әшiкерелейді, мұнысы жиналған жұртты сүйсіндіреді. Жамбылдың жеңісі оның өзінің халықтың ауыз әдебиетінде батыл және еркін дамытқан сын реализмінің жеңісі еді. Алайда, Жамбыл Құлмамбетті жасы үлкен ағасы ретінде бұрынғыша құрметтеп сыйлайды. Кейін олар жақсы дос болып кетеді. Жамбылдың бұдан кейінгі атақты айтысы Қасқарау руының белгілі Сарбас ақынымен

ХVІІІ ғасырдың 90-жылдарда болды. Сарбас Жамбылмен құрдас еді, ол көптеген эпос жырлар мен поэмаларды жақсы білегін. Айтыста Сарбас улы тілді, күлкі-сықақ, ащы сөздерді пайдаланып, айтысушыларды мазақтап, үнін шығармай қоятын еді. Солай бола тұрса да, Жамбылмен айтыста Сарбас жеңіліп қалды. Алайда, бұл олардың арасындағы достық қарым-қатынасты бұзбады.

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

Домбыраның құлағында ойнаған

Орта Азия халықтарының бай поэзиясы мен тарихын үйренуге тырысу, өз дәуіріндегі көрнекті адамдармен тікелей байланыс жасау, айналадағы болып жатқан оқиғаны бақылап, сан түрлі құбылыстарды сын көзімен қарап, дұрыс бағалай білу – осының барлығы Жамбылдың халық өнерінің ірі уәкілі екендігін сипаттайтын зор қасиеттері еді. Халықтың мұң-мұқтажын, тілек- талаптарын Жамбыл тек өлең-жырлар мен ертегілерден біліп қойған жоқ, домбырашылардың күйлері мен сарынынан да аңғара білді. «Стамбол күйі», «Есім», «Саржан күйі», «Батыр Қалша - төрт жігіт күйі», «Бозінген», «Әбдібектің кер толғауы», «Теріс қақпай», «Шортанбай сарыны», «Қырғыз Мұратәлінің күйі» деген секілді күйлерді сүйсініп, Жамбыл тамаша шеберлікпен домбырада тартатын еді. Бұдан басқа да біртіндеп ұмытыла бастаған 20-дан аса ескі күйлерді жақсы білген. Өзінің ақырғы күндеріне дейін Жамбыл домбыраны тастаған жоқ. Ол әлдеқашан ұмытылған көркем ән-күйлерді баяулатып, домбыраға қосып айтып отырыпты. Мұндай уақыттарда ол өзінің әлдеқашан өтіп кеткен қызғылықты жастық өмірімен кеңес құрып, әңгімелесіп отырғандай болып көрінуші еді. Егер ауsлына атақты Кенен ақын келе қалса, оған ән салдырған. Жамбыл, әсіресе, Балуан Шолақтың сүйгеніне арналған жүрек тербететін «Ғалия» деген әнін өте-мөте сүйіп тындаушы еді және өзінің көңілді, сықақ жыры «Апсар барсанды» жақсы көрген. Егер Кенен ұзақ келмей кетсе сағынып, оны ұдайы сұрастырып отырыпты. Кенен туралы Жамбыл әлденеше рет: «Әнді Кененнен артық ешкім сала алмайды, Кененнің дауысы қоңыраудай сылдырлайды» деуші еді.

Ұлы Алғадайдың өлімінен соң...

Соғыс жылдары Жамбыл, халықпен бірге куана жүріп, қайғыны да ұмытқан жоқ. Ол азаматы қаза тауып, азалы болған үйлерге барып көңіл айтып, жұбатып жүрген. Азалы үйлердің адамдары да, олардың қайғысына бүкіл ел ортақ екенін түсініп, көңілдерін жұбатты, Жәкеңнің өзі де қаза тапқан азаматтарға оның әке-шешесінен кем қайғырған жоқ, өйткені ол майдандағы әрбір жауынгерді өз баласынан кем көрмейтін еді. Ол колхозшылармен бірге болды, олардың қайғысына күйінді, қуанышына сүйінді. Мұның бәрі қарт Жамбылға жеңіл жүк болмағаны анық. Сөйтіп жүргенде майданда Жәкеңнің ең жақсы көретін баласы Алғадай жау қолынан қаза тапты. Енді колхозшылар Жамбылға көңіл айтуға келді. Жәкең жылаған жоқ. Ол, Жәкеңнің өз сөзімен айтқанда, «сабыр етті, қайғыға көнді». Бірақ еріксіз егілген жас көзді булады. Жүрегін қасірет кернеді, қайғысы көпті көрген көне көкірекке сыймады. Таң атқаннан кейін халық тағы жиналды. Олар, Жәкең таң атқанша тынығып, тыңайған шығар деп ойлап келіп еді, бірақ олар күндегі қутаңдап отыратын Жәкеңнің орнына, көз бен құлақтан айырылған, қаусаған шалды көрді. Жүз жасаған Жамбыл, бір түннің ішінде тағы да бір жүз жылды басынан өткізгендей болған екен. Көп күндер өткеннен кейін бір күні Жамбыл қасындағы хатшысы Ғали Ормановқа әлсіз дауыспен: «– Балам, домбырамды әперші», – деді. Көптен бері Жәкеңнің сөзін естімеген Ғали, қуанғаннан көзінен жасы ыршып кетіп, Жәкеңнің адыра қалып тұрған домбырасын шапшаң алып берді. Домбыраның кеуіп қалғаниішектері ақынның әлі де оңтайлы саусақтарының астында қайтадан үн шығара бастады. Үйдің іші мұңды сарынға толды. Құлағы кәнігі болып қалған домбыраға қосылып, ақын жай ғана дауыспен былай деп жырлай бастайды:

Алатауды айналсам

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген у екен

Мендей кәрiп адамға!

Күнде үйімде күңренем,

Көзіме жас алам да...

Ғали Орманов Жәкеңнің бір сөзін де қалыс естімеуrе тырысып, осы «жоқтауды» жазып алады.

Жыр алыбының өмірден өтуі

Мезгіл жеткенде жауды Кеңес әскері толық жеңгені тарихтан белгілі. Бүкіл халықпен бірге Жамбыл да зор куанышпен еркін дем алды. Бірақ бұл кезде оның жасы 99-дан асып кеткен еді. Төрт жылдан бері жеңе алмаған ауру Жәкеңді енді тағы да айналдыра бастады. 1945 жылы 15 маусым күні Жәкең ауруханаға келіп түседі. Жәкеңнің төсегінің басында дәрігерлер, Қазақстанның партия, үкімет басшылары, жазушылар, ғалымдар күзетте болды. Ол қоштасқан тәрізді болып, келген адамдардың бәрінің де қолын алды. Ауру оны меңдетіп жібергенмен де, ақын үлкен шыдамдылық, сабырлылық көрсетті. Ол қажыған ердей, көзін жұмып, тыныш жатты. Жәкеңнің достары оның жүз жыл бойы тынбастан соққан жүрегін бақты, бірақ ол барған сайын сирек, жай соға бастады. 1945 жылы 22 маусым күні 7 сағат 55 минутта ол жүрек әлсіреп барып тоқтады.

Ұлттық сөздің туын көтерген тұлға

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен дастандары жеке кітап болып алғашқы рет 1937 жылы басылды, кейін оның өлеңдері КСРО-дағы туысқан халықтардың тілдеріне және дүние жүзіне көп таралған тілдерге аударыла бастады. Тірі күнінде бүкіл одаққа аты жайылған ақын Жамбылдың өлеңдері қазақ тілінде жеке кітаптарда басылып шығуымен қатар, бір томдық жинақ болып та басылып шықты. Орыс тілінде шыққандарынан 1937 және 1938 жылдары Алматыда, Мәскеуде басылып шыққан «Өлеңдері мен дастандарын», «Кавказға саяхатын», «Сұраншы батырын» айтып өтуге болады. Соғыс жылдарында қазақ және орыс тілдерінде бірнеше жинақтары басылып шықты. Жамбылдың жүз жылдығына қарсы (1946 жыл) қазақ тілінде алғашқы рет ақынның шығармаларының академиялық толық жинағы басылып шықты. Бұл жинаққа ақынның өмірі туралы материалдар кіргізілді, өлеңдеріне түсініктер берілді. Орыс тіліне аударылған шығармалары бір том болып басылды, оған ақынның екі жүздей шығармалары кірді. Осылармен қатар, көпшілік оқушыларға және оқушы балаларға арналған жеке жинақтар қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)  


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға