Жаңалықтар

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Ахмет Жұбановтың туғанына – 115 жыл
Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі
27.05.2021 11:29 11386

Биыл танымал ғалым, дарынды композитор, өнегелі ұстаз, белсенді ұйымдастырушы, Мемлекет сыйлығының иегері, Қазақ ССР-нің халық әртісі Ахмет Жұбановтың туғанына – 115 жыл толып отыр.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Ахмет Жұбановты қазақ халқы академик, өнертану ғылымының докторы, профессор, әрі музыка зерттеушісі, ғалым, композитор әрі әнші, күйші, композиторлардың елеулі бір легінің халыққа танылуына жол ашып берген, ұрпағына өлмес өнер қазынасын табыстап кеткен ұстаздардың ұстазы ретінде таниды.

Әйгілі музыка зерттеушісі, музыка тарихшысы, дирижер, сазгер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, академик, профессор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың қазақ музыкасына сіңірген еңбегі жоғары. Ұлы адамдар туралы сөз қозғағанда, әлбетте, оның туған жері, туған ортасы туралы айтпай кетпеске еш болмайды. Қазақ өнерінің жанашыры Ахмет бабамыз 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысының, Мұғалжар ауданында өмірге келген. Осыдан 15 жыл бұрын композитордың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп тойланды. «Жұбанов-100» қоры құрылып, оған аудандағы түрлі мекеме, кәсіпорын серіктестерімен қожалық ұжымдары өздерінің қаржылай көмектерін аударған болатын. Сондай-ақ, Ахмет бабамыздың туған жеріндегі мектеп пен клуб үйі қалыпқа келтірілді. Жұбановтар құдығының көзі ашылып, ырымдап, ел сол құдықтың суынан ауыз тиді. Ембі қаласында Жұбановтар атындағы мұражай жаңадан салынып, үлкен мәдениет орталығына Ахмет Жұбановтың есімі берілді.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Сазгер, музыка зерттеушісі Ахмет бабамыздың замандасы, үзеңгілесі Латиф Хамидидің: «Қай-қай сазгердің де сәтімен туған әрі атын мәшһүр қылатын бір шығармасы болады»,- деген жақсы сөзі бар. Халық арасында Ахмет Қуанұлының 1942 жылы жазылған «Қарлығаш» әні – осындай шығармалардың сапында деген пікірі бар.

Журналист Айдос Шөкіштің Мұғалжар аудандық газетінде жарық көрген «Ахаң тойын күткен ауыл» атты мақаласында келесідей мәтін бар: «Ахметтің Ленинград консерваториясында оқып жүргенінде 1933 жылы тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Музыка әліппесі» оқулығын жазып шығаруында өзіндік байланыс бар. Қазіргіден тарих қойнауына үңілу, пікір айту оңай. Ұлы күйші Құрманғазының әкесі Сағырбай алғашқыда домбырадан «сескенсе», Қуан балаларына ең білікті ұстаз іздеп, шарқ ұрды. Ал Ахаң болса, ғасырлар күйшісі Құрманғазы талантының құпиясын ашу үшін ғұмырының ақырына дейін еңбектенді. Біржанның, Абайдың, Ақанның, Жаяу Мұсаның, Ыбырайдың және басқа дарындардың ғажайып әндерін өмірге қайта әкеліп, халқына мәңгілік табыстап кетті».

Тарихқа көз жүгіртсек, 1966 жылы Ахмет Жұбановтың 60 жылдық тойы Шалқарда басталып, Ембіде жалғасқан екен. 1975 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушы-академик Ғабит Мүсіреповтың алғы сөзімен қазақтың халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы туралы «Ғасырлар пернесі» атты очерктер жинағы, қазақтың әнші-композиторлары, әнші-орындаушылары туралы «Замана бұлбұлдары» тақырыбында әңгіме-очерктер жинағы жарық көрген.

1996 жылы Ахмет Жұбановтың Орқаш ауылында өткен 90 жылдық мерейтойы да жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Ахмет Жұбанов – қазақ өнертану ғылымының жолбасшысы. Қазақ өнерінің Мәскеуде өткен тұңғыш онкүндігінде өзі құрған ұлттық оркестрдің атағын аспандатқан, операның шаңырағын көтеріп, қазақ музыкалық театрын құрған Латиф Хамиди екеуі бірігіп жазған «Абай» операсы мен 60 жыл бойыц сахна төрінен түспей келе жатқан «Төлеген Тоқтаров» операсының, «Абай» симфониялық поэмасының, сан алуан камералық, вокалдық шығармалардың, «Қарлығаш», «Ақ көгершін» тәрізді ұмытылмас әндердің, тағы басқа көптеген өнер маржандарының авторы Ахмет Жұбановтың ғасырлық мерейтойы әлемдік мәртебе мен құрметке лайық етіп тойланған болатын.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Жазушы Ғабит Мүсіреповтың Ахмет бабамыз туралы жазған «Халықтың қадірменді ұлы» атты мақаласынан үзінді: «Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанның енді ғана өркендей бастаған жаңа тұрпатты мәдениетінің көкжиегінде жұртшылыққа аты беймағлұм бір жас жігіт бой көрсетті. Шын дарын екен – жас қайрат даңғазасыз-шусыз, едіреймей, елірмей, сыпайы да салмақты келді. Оның үстіне жас жігіт өзінің туған ағасы, ғылмның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог-ғалым Құдайберген Жұбановтың көлеңкесінде болды. Бірақ, ағасының көлеңкесінде тұрып та ол көзге айқын шалынды. Көлеңкемен қосылып кетер сұрғылт емес екен. Сол жас жігіттің аты – Ахмет Жұбанов еді»,- деп жазады.

Осы мақаласында жазушы Ғабит Мүсірепов Ахмет бабамызды қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас жалғыз өзі қaзақ халқының рухани мәдениетінің көтеpілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні қосылмай келген музыкалық аспаптарының басын қосып, тыңнан жан бітіруге, музыкалық мәдениетін мәңгі өркендету жолдарын іздестіруге бірден кірісіп кеткенін тілге тиек етеді. Ахмет Жұбанов сияқты үлкен композиторды ғана емес, музыканы, музыка тарихын зерттеуші білікті ғылымды тәрбиелеуге себепші болған алғашқы ұстазы Әшіғалиевке алғыс білдіре отырып, қазақ мәдени өміріне жаңа жол салып берген қайраткерді білім нәрімен сусындатқан Ленинград консерваториясына айрықша ықылас білдіреді. Жазушы қазақтың ұлт аспаптар оркестрінің құрылуын болмашы жерде күлден көтерілген Феникске теңейді. Композитордың ұлттық оркестрді құрудағы еңбегін елеулі әрі тарихи еңбек деп санайтынын жазады. Домбыра мен қобыз сынды көне музыкалық аспаптарды өзара үндестіре білген шеберлігін тілге тиек ете отырып, ұлт оркестрінің кіндік атасы – Ахмет Жұбанов екенін айтады. Жазушы бұған қоса   халық композиторлары мен әншілері ғасырлар бойы жасаған, кең сахараның шартарабында бытырап, шашырап, шашылып жатқан мұраны бір жерге жинақтап, үлкен қазынаға айналдыру керек болғанын жазады. Осы істі техникумның қабырғасында бастап, ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының қабырғасында, қазақ музыка өнерінің қадірменді ақсақалы дәрежесінде аяқтағанын айтады. Ғабит Мүсірепов сазгердің шығармашылық жолындағы сапары қиындықсыз болмағанын тілге тиек етеді. Талай қиыншылықтар, талай оқаптар кездескеніне қарамастан, Ахмет Жұбанов қажымас қайраты мен тынымсыз еңбегінің арқасында алған бетінен талмай, өнер жорлынан ауытқымай мақсатына жеткенін жазады.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Ахмет Жұбанов 60 жасқа толғанда Әбіш Кекілбаев атамыз «Лениншіл жас» газетіне (1966 жылы 29 мамыр) «Шын сүйері халықтың» деп аталатын мақаласын арнапты. Жазушының қаламынан туған мазмұнды мақаладан үзінді бергенді жөн санадық.

«Осынау жердің бетінде бәрімізге бөлекше қадірлі, бөлекше сүйікті бір адам бар. Ол күнде ертемен сары ала таңнан тұрып, ақ бас Алатаудың көгілдір бұйратының баурайындағы шағын бағында тамылжыта сайраған сандуғашты тыңдайды, сосын күнде думан, күнде жиын болып жатқан қалаға келеді. Қаланың көл-көсір ырду-дырдуының ішінде құлағын үнге төсеп, үнсіз келе жатады. Көз алдында – өткені, бүгіні, ертеңі»,- дейді Әбіш атамыз.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Әбіш Кекілбаев өмірге қазақтың тұңғыш оркестрі келгенін, онымен бірге қазақтың тұңғыш кәсіби дирижері келгенін осы мақалада жазады. Ахмет бабамыз сазгерлердің шығармаларына интерпретация жасап, оркестрге түсіру арқылы қазақ халқының рухани дүниесіне мұра боларлық музыкалық шежіресін жасап кеткені туралы тебірене қалам тербейді. Осы орайда автор Ахмет бабамыз қазақтың тұңғыш оркестрін құрған талантты дирижер ғана емес, көреген зерттеуші екенін жазады. Ахмет Жұбановтың қаламынан туған қазақтың тұңғыш музыкалық әліппесі әлденеше кітаптың салмағын көтерерлік салиқалы зерттеу еңбектеріне айналғанын тілге тиек етеді. Ахмет Жұбанов туған халқының өнер қазынасын төкпей-шашпай жинақтап, зерттеу барысында өзінің сазгерлік талантын шыңдап, әрі таныта білді. Замандасы Латиф Хамидимен бірге жазған «Абай» операсы қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылатын туынды болып қалатынын жазады. Музыкада Абайдай кемеңгердің сом тұлғасын көркем етіп жасй білу ұлы ойшылдың өзі көтерілгені азаматтық, суреткерлік биік деңгейін талап етеді. Қазақ операсының інжу маржанына айналған «Абай» операсының сәтті шығуы – қос композитордың талантының құдіреті әрі Ахмет Жұбановтың өткір де көреген ойының әсері деген пікір білдіреді. Сазгердің қаламынан туған қаншама әндер мен романстар, сюиталар қазақтың музыкалық қазынасының асқар биігі деп жазады.

Ахмет Жұбанов – тұңғыш музыка зерттеушісі

Педагог, пианист, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, профессор, ұзақ жылдар бойы Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясының ректоры болған Павел Серебряковтың Ахмет Жұбанов туралы келесідей естелігі бар екен. Бұл мақала Бисенғазы Ғизатовтың «Академик Ахмет Жұбанов» аты кітабынан алынып, қазақ тіліне аударылған көрінеді.

«Көңілімнің терең шыңырауларынан Қазақстан музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бейнесін қайта іздеген кезде, ең әуелі оның осыдан қырық жыл бұрын Н.А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград консерваториясына қалай пайда болғаны есіме орала береді. Жадымда біздің жастық дәуреніміз қайтадан жаңғырады. Бұл 1929-1930 жылдар болатын. Біз екеуміз де Ленинград консерваториясында, ол тарих-теория бөлімінде, ал мен фортепиано факультеті аспирантурасында оқып жүрдік. Консерваториядағы біздің бастауыш комсомол ұямыз еске түседі, өйткені сонда академиялық секция желісіндегі істеріміз бойынша кездесетінбіз. Әрине, біздің комсомол ұйымымыз кішігірім ғана еді, сол себепті бір-бірімізді жақын танитынбыз. Ахмет әркез белсенді болды. Ахмет орта бойлы, арықша келген қоңырқай жүзді жігіт еді, қарапайым киінетін. Біз әңгімелескенде Ахмет Қуанұлы музыканы бала кезінен жақсы көретінін, Ленинград консерваториясын аяқтаған соң бар күшін қазақ халқының музыка мәдениетіне жұмсағысы келетінін айтатын. Ахмет Жұбанов сол кездің өзінде-ақ классикалық музыканың табынушысы болыпты және өзін қазақ даласының сырбаз да ойшыл музыканты ретінде көрсете біліпті»,- деп жазады.

Өкінішке қарай Ахмет Қуанұлының ғұмыры қысқа болды. Музыка өнеріндегі сара жолды дарынды композитор, сарабдал ұстаз, сұңғыла ғалым Ахмет Жұбанов ауыр науқастан 1968 жылы 62 жасында дүние салды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға