Қандастар Ассамблея

АҚШ жоғары білім саласындағы саясаты

11.03.2015 8192
АҚШ-тағы жоғары білім туралы ғылыми-танымдық мақала

АҚШ-тағы жоғары білімнің қызметін зерттеудің өзектілігі американдық жүйенің тәжірибесінің қолдану мүмкіндігі, оның позитивті тұстарына негізделген. Олардың білім жүйесінің позитивті тұсына жоғары білімнің майысқақтығы, жылдам өзгеріп жатқан ақпараттық қоғамға тез дағдылануы жатса, негативті тұсына жоғары білімнің дамуына қаржының шамадан тыс әсер етуі жатады.

АҚШ-тың жоғары білім жүйесін келесідей ерекшеліктер сипаттайды: жеке сектор доминант болатын өте сирек жүйелердің бірі; оқудың түрі мен ұзақтығы бойынша кең диверсификация; басқару жүйесінің орталықсыздануы. Жоғары білім жүйесі өте сәтті дами отырып, білім берудің нәтижелі инфрақұрылымын құрып отыр.

АҚШ-тың жоғары білім жүйесінде бірқатар дифференциацияланған секторлар бар, нақтырақ айтсақ:

– бакалаврдан (бірінші деңгей) бастап докторантураға (үшінші деңгей) дейінгі барлық бағдарламалар тізбегін жасайтын университеттер, 88 университеттің басын біріктіретін зерттеу университеттері, солардың қатарында АҚШ-тың ең үздік университеттері: Гарвард, Калифорния, Колумбия, Корнель, Мичиган, Стэнфорд, Чикаго, жане де Массачусетс технологиялық институты.  Бұл оқу орындарымен үкіметтік мекемелер зерттеу жүргізу жөнінде жиі келісімдер жасап тұрады, олардың қатарында АҚШ-тың ең көп танымал зерттеушілері бар. Карнеги қорының классификациясына сүйенсек, ғылыми-зерттеу университтері американдық ЖОО-лардың ең жоғары сатысын құрайды.   

– колледждер мен университеттер, бакалавриаттан магистратураға (екінші деңгей) дейінгі аралықты бірқатар бағдарламалар ұсынады;

– екіжылдық колледждер, оларды басқаша «қоғамдық колледждер» деп атайды, гуманитарлық бағытта білім береді және академиялық атақ берілмейді;

– арнайы білім беретін мекемелер, олар: теологиялық колледждер, медициналық колледждер мен орталықтар, өзге де кәсіби колледждер, отбасылық колледждер мен университеттер;

2 жылдық төменгі колледжерде болашақта университетте оқыған кезде ескерілетін жалпы білім беретін бағдарлама жұмыс жасайды. Төменгі колледждер екі функцияны атқарады: біріншіден, студенттер мұнда техникалық мамандық алып, арнайы кәсіби қабілетке ие бола алады; екіншіден, бұл колледждер студенттерді бакалавр, кейде магистр атағын беретін төртжылдық колледждерге дайындайды. Екіжылдық колледждерде оқу ақшасы төртжылдық колледждреге қарағанда салыстырмалы түрде төмен, сол себепті көпшілігі бакалавриаттың екі жылын осы жерде оқығысы келеді.

Қазақстандағы жаңа реформаға сәйкес, біз де осындай жүйеге көшудеміз, жаңа реформа бойынша Қазақстанда жоғары білім беретін мекемелердің барлығы өз еліміздің тарихында алғаш рет 6 деңгейлі жүйеге көшті, осы тұста біздегі білім жүйесі американдық жоғары білім жүйесіне қатты ұқсап келеді. Американдық жүйенің Қазақстаннан ерекшелігі, орта арнаулы білім мекемелері жастар арасында өте танымал және олар өз функциясын өте жоғары деңгейде атқарып отыр. Ал бізде орта деңгейлі мамандықты меңгеріп, техникумдарда, кәсіби мектептерде оқығысы келетін жастар өте аз, көпшілігі тек жоғары білім алғысы келеді, көп жағдайда бұл Қазақстанның ішкі сұранысына сай келмейді.

АҚШ-та қазіргі таңда аккредитацияланған ЖОО-лардың саны 4182-ні құрайды. Олардың ішінде 160 университет, 2057 төртжылдық колледж және 1965 екіжылдық кәсіби колледждер.

Университеттер американдық жоғары білім жүйесінің негізін құрайды және оларда барлық студенттердің 40-45%-ы оқиды. Бұл университеттерде студенттер ғылымның, техниканың және өнердің барлық салаларына мамандана алады. Бірқатар ірі университеттерде 50 мыңға жуық студенттер оқиды. Университеттердің негізгі ерекшелігі  - ғылыми атақ (MA, Ph. D) беру құқығы, және де ғылыми зерттеулердің дамыған инфрақұрылымы.

Американың университеттерінің көпшілігі өздеріне тән универсализм мен фундаменталдылықты сақтай отырып  «барлық ғылымдар университеті» (universities of all sciences) болып табылады. Бұл тізімге кірмейтін ерекше оқу орындарына әскери университеттер мен академиялар, және де бір салаға маманданған университеттер жатады: «Лэнд-грант» (Land grant) және си грант (Sea grant). Бұл ЖОО-лар көбінесе ауыл шаруашылығы мен машина жасау, және де теңіз зерттеулері мен технологиялары саласына маманданған.

ЖОО-ның өзге түрі – техникалық ЖОО-лар, білім алу кезеңі 3-4 жылды құрап, осы кезде студенттер техникалық мамандықтар бойынша жоғары кәсіби білім алады.

Арнайы маманданған ЖОО-ға жататын институттарға политехникалық және бір салалы ЖОО-лар жатады. Институттарда мамандарды нақты ғылым мен техника саласында дайындайды, сонымен қатар олар гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық салалар бойынша да мамандар дайындайды. Мұндай инститтар саны аз, алайды бұл оқу орындары өте мәртебелі болып саналады, мысалы 1800 студенті бар Калифорния техникалық институты.

АҚШ жоғары оқу орнын бітірушілер білім беру стандарттарына сәйкес академиялық атаққа ие болады:

  • кіші маман – төменгі колледждер мен техникалық институт бітірушілері;
  • бакалавр – ЖОО-ның талаптарына сай жоғары оқу орнының бітірушісі, академиялық атаққа ие болмайды;
  • магистр – бакалавр білімін алғаннан кейін 1-2 жыл дайындықты бітіргендерге берілетін екінші деңгейлі ғылыми атақ;
  • доктор – қосымша курстарды зерттеу, арнайы емтихандарды тапсыру және докторлық диссертацияны қорғағаннан кейін беріледі.

АҚШ Конституциясысының 10-шы түзетуіне сәйкес, федералды үкімет жалпыұлттық білім жүйесін құруға, саясатын анықтауға және мектептер мен ЖОО-лардың оқу бағдарламаларын құруға құқығы жоқ. Мұндай мәселелер жөніндегі шешімдерді білім мекемесі орналасқан штат немесе округ деңгейінде шешіледі.[36] Алайда  атап кететін жайт, білім беру процесі көптегн федералды заңдармен реттеледі, олар білім мекемелерінің жұмысын мемлекет деңгейінде үйлестіріп, федералды орталықтың рөлін күшейтеді. Осы іс-шараларды іске асыру үшін 1979 жылы федералды білім беру департаменті құрылды. Федералды құжаттарда білім жүйесінің заңнамалық негізі көрсетілген.

Федералды органдарға халықтық білім беруді басқарудағы «басты рөл» берілген. Білім беру саясаты ұлттық мүдде саласына кіреді және әрбір азаматқа тегін қоғамдық білім алуға теңдей мүмкіндікке кепілдеме беріледі.

Э.Макгиннес АҚШ-тағы ЖОО-мен аймақтық биліктің қарым-қатынасын былайша классификациялайды:

1. ЖОО мемлекеттік мекеме ретінде. Биліктің ЖОО-мен өзге де мемлекеттік мекемелермен сияқты байланыс құрады.

2. Мемлекеттік қолдауға ие ЖОО. Мұндай жағдайда билік ЖОО-ның өзге мемлекеттік мекемеден айырмашылығын мойындайды, бірақ қарым-қатынастың негізгі принципінде айырмашылық жоқ.

   3. Мемлекеттік қолдауға ие ЖОО. ЖОО-ның құқықтық статусы оларға белгілі бір деңгейде бостандық береді. Штат ағымдағы әкімшілік шығындарды өз мойнына алады, және де ЖОО-ның әртүрлі қызметтерін мақсатты қаржыландырады, дегенмен мемлекеттік емес қаржы көздері (оқу ақысы, жеке гранттар және т.б.) ЖОО шығындарының біршама бөлігін көтереді.

4. Басқарудың корпоративті түрі. 3 модельдегідей мұнда да жоғары оқу орындары құқықтық статусқа ие және осылайша олар барынша тәуелсіз болып отыр. Мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндігі өте аз, және олар қосымша грант ретінде немес оқу ақшасы көлемін төмендететін төлем ретінде болуы мүмкін.

Осылайша АҚШ-тың жоғары білім жүйесін келесі ерекшеліктер сипаттайды:

– Диверсификация мен децентрализацияның жоғары деңгейі. Жоғары білімді басқару жергілікті деңгейде іске асады: ол штат юрисдикциясына кіреді. Федералды үкіметті рөлі қатты шектелген, көп жағайда тек студенттерді қажылық қолдау мен ғылыми зерттеулерді қаржыландырумен көзге түседі.   

Жоғары білімнің мұндай деңгейдегі диверсификациясы бірқатар себептермен байланысты:

– АҚШ федеративті мемлекет, сол себепті бұл елде орталық басқару органы жоқ, өзге мемлекеттерде мұндай орган рөлін Білім министрлігі атқарады; Федералды департамент тек үйлестіруші қызметін ғана атқарады;

– АҚШ-та ЖОО-лардың институционалды автономдығы өте қатты дамыған;

– Американдық жүйенің тағы бір ерекшелігі оның ЖОО-лардың саны мен оларда оқитын студенттер көлемімен байланысқан масштабтылығы болып табылады;

– Жоғары білімнің келесі ерекшелігі ортақ академиялық стандарттардың болмауы;

– Сондай-ақ, білім берудің ыңғайлылығы мен әртүрлілігін атап көрсетуге болады. Бұл әлеуметтік жағдайы мен жынысына қарамастан кез келгенге білім алуға мүмкіндік береді;

– Сонымын қатар, АҚШ студенттері пән және білім алу әдісін таңдауды өте ерікті, бұл да жоғары білімнің ерекшелігін сипаттайды.

Осылайша АҚШ-тың жоғары білім жүйесінің позитивті және негативті жақтарының зерттеу Қазақстандағы жоғары білім мектебін реформалауда пайдасы тиді. АҚШ-тың жоғары білім саласындағы тәжірибелер көптеген елдерге үлгі бола алады. Қазіргі таңда АҚШ экономикалық даму жағынан әлемдегі ең бірінші мемлекет және осы жетістікке бұл мемлекет білім мен ғылым саласындағы тиімді саясат ұстану арқылы жетіп отыр.


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар