Жаңалықтар

Өнер толқынындағы «достық кемесі»

Гүлмарал Татыбаева мен Наталия Баженованың шығармашылық жұмыстарының «FriendShip» атты жылжымалы көрмесі ашылды.
28.07.2015 03:31 7123

Павлодардағы облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Гүлмарал Татыбаева мен Наталия Баженованың шығармашылық жұмыстарының «FriendShip» (ағ. Friend - дос, Ship - кеме) атты жылжымалы көрмесі ашылды. Оған қос өнерпаздың сексенге жуық туындысы қойылды. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды.

Көрме өткен жылдың күзінде Астанадағы Ресей ғылыми және мәдени орталығында ашылған екен.

Екі суретші де – Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының түлегі. Бір ғажабы Гүлмарал да, Наталия да теңізді, кеме, қайықты әртүрлі жанрда, мәселен, гобелен, батик, майлы бояу, графика және қазақтың киіз басудағы қолөнері шимен бейнелейді. «Табиғат - суретші» деп тегін айтылмаған болар, Гүлмарал туындыларын табиғаттың өзінен алынған экологиялық таза заттардан құрастырып, жасауды ұнататын көрінеді. Мысалы, оның «Ілеспе жел» атты шығармасын бейнелеуде Баянауыл орманындағы ағаштардың қабығы, жапырағы мен көл жиегіндегі тастарды, бақалшықтарды пайдаланған. «Мен бұл жұмыспен ұзақ уақыт айналыстым, көп ойландым. «Ілеспе желде» Баянауылдың сұлу табиғатын барынша шынайы бейнелегім келді» дейді автор.

 Өнер толқынындағы «достық кемесі»

– Мен – көп балалы анамын. Бірақ шығармашылықпен айналысуыма ешқандай бөгет жоқ, – дейді Гүлмарал Татыбаева. – Баянауыл анамның атамекені болғандықтан ба екен, бұл жақтың табиғатын шынайы бейнелеуге тырысамын. Баянауылға арнап майлы бояумен сериалдық суреттер салдым. Алдағы уақытта Астанада ұйымдастырылатын ұлттық тұрмыстық заттар көрмесіне қатысқым келеді. 

Өнер толқынындағы «достық кемесі» 

Наталия Баженова – қазақтың ұлттық қолданбалы өнерін жетік меңгерген өнер иесі. Ол туындыларында қазақтың ұлттық этникалық сарынын негізге алған екен. Қазір Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде қызмет істейтін Наталия бірнеше рет өзінің дербес көрмесін ұйымдастырып, сондай-ақ, халықаралық, республикалық көрмелерге қатысқан, көптеген байқауда бақ сынаған.

Өнер толқынындағы «достық кемесі» 

Сәндік-қолданбалы өнермен айналысатын екі суретшінің көрмеге ұсынған туындылары әр алуан тақырыпты қамтыған. Олардың арасынан ерекше үлгісімен көрерменнің назарын аударатын теңіз толқыны, кемелер, киізден, шиден жасалған этношығармалар мен Баянауыл табиғатының көріністері сәтті шыққан. Авторлар шығармаларының әрқайсысында өте бір сезімталдықпен халықтың салт-санасын, өмір келбетін ұлттық бояумен айшықты түрде бере білген.

 Өнер толқынындағы «достық кемесі»

«Достық кемесі» атты жылжымалы көрме алдағы уақытта Атырау қаласы мен Түркияда ашылады деп көзделуде. Көрме 15 тамызға дейін жұмыс істейді.


Сая МОЛДАЙЫП

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға