Жаңалықтар

Немістердің Қазақстанға келу тарихы

Қазақстан ұлттары
Немістердің Қазақстанға келу тарихы
30.09.2020 15:40 18403

Қазақстандық немістердің біздің өлкемізге келу тарихының өзіндік ерекшеліктері бар. 2014 жылғы санақ бойынша Қазақстанда тұратын неміс ұлтының өкілдерінің саны 181 мыңнан асып жығылған. Ал бұдан жарты ғасыр бұрын қазақстандық немістердің саны бір миллионға жуықтап қалған болатын.

Егер неміс ұлтының Қазақстанға келу тарихына үңілер болсақ, алғашқы немістердің Қазақ даласында соғыс жылдарында емес, одан да ертерек келгенін байқаймыз. Бұл деректерге қарап, немістердің Кеңес Одағы кезінде оның халқының басым бөлігін құрағанын байқауға болады.

Бүгінде Қазақстанда 120-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүруде. Бұл еліміздің баға жетпес байлығына баланады.

Жалпы немістердің Қазақстанды мекендегеніне 200 жылдан астам уақыт өтті, мұны тарих парақтарында қалған жазбалар дәлелдейді.

Қазақтанға немістер алғаш Ресей мемлекетінде пайда болған кезеңнен бастап келе бастаған. Ресей әскери экспедицияларының құрамында Ресей патшалығында қызметте болған неміс дворяндары, Ресей монархтарының шақыртуымен Ресей ғылым Академиясына келген ғалымдар болды.

Осындай экспедициялардың бірімен 1734 жылы Қазақстанға табаны тиген Фридрих Миллер Солтүстік Қазақстанның географиялық сипаттамасын қағазға түсіріп, жергілікті халықтың тұрмысы туралы жазба қалдырады.

Осы уақытта Бухгольц Алтай өңірін, Зайсан өзенінің аумағын зерттесе, Петр-Симон Паллас пен Евгений Эверсман Орталық және Батыс Қазақстанның сипаттамасын жазады. Олар бірінші рет Каспий теңізінің деңгейі әлемдік мұхиттан төмен жатқанын анықтап, сол уақытта Каспий мен Қара теңіз арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам білдірген болатын.

XIX ғасырдың басында белгілі математик Эйлер Орал көлінің табанын зерттеген экспедицияның құрамында жұмыс жасады. Ол бірінші болып Орал көлінің картасын кескіндеп, бұрынғы Гурьев жерінде алғашқы метеорологиялық бекет ұйымдастырды.

Өткен ғасырдың орта шегінде астроном Струве Арал және Каспий теңіздерінің гидрографиялық картасын құрды. Көшпелі қазақтың тұрмыс тіршілігі туралы Вильгельм Бартольд пен Фридрих Радловтың жолжазбалары студенттерге әлі де «азық» болып келеді.

Алғашқы неміс қоныстары қазақстанда 19-20 ғасырларда пайда болған. Алғашқы дүниежүзілік соғыс басталған уақытта олардың орналасу аймағы біраз кеңіп, немістер қонытанған ауылдардың саны көбейген болатын.

Қазақстандағы алғашқы неміс селосы Рождественское (Фриденсфельд) 1885 жылы құрылған. Ал атышулы Столыпин реформасының тұсында яғни 1905-1911 жылдары Қазақстанның солтүстігінде Александрталь, Алтенау, Кенигсгоф, Пруггергоф секілді бірнеше ондаған неміс қоныстары пайда болды. 1915 жылы Ақмола губерниясының жерінде 56 неміс поселкесі қазық қақты және мұнда 27 мыңға жуық неміс ұлтының өкілі тұрды.

1930 жылдары Қазақстанға Украина, Қырым, Повольж, Ленинград облысының тіпті Әзірбайжанның немістері келе бастады. Көшіп келушілердің негізігі құрамы қудалауға ұшыраған шаруалар болатын.

Қазақстанда бір жерге шоғырланып өмір сүруінің арқасында ресейлік немістер өз мәдениетін, әдет-ғұрпын сақтаған шағын ұлт ретінде қалыптасты.

1918 жылы Еділде (Волга) неміс жұмысшы коммунасы құрылып, соның негізінде 1924 жылы Повольже Неміс Автономды Республикасы жарияланған. Оның үстіне Украинада неміс аудандары мен неміс ауылдық кеңестері құрыла бастайды. Алайда, 1920 жылдардың аяқ тұсында ресейлік немістерге қарсы басталған қудалау, 1936-1939 жылдары шарықтау шегіне жеткен еді. Осылайша бұл қудалау саясаты неміс ауылдарына үлкен шығын алып келіп, олардың шаруашылықтарын титықтатты, кей жерлерде асыра сілтеу орын алып, адамдардың көзін жоюға дейін алып барды. Сондай-ақ, көптеген немістерге Германия тыңшысы деген айып тағылып, олардың бірқатары тұтқындалды, айдалды, атылды.

Повольже Неміс Автономды Республикасының жойылуы, Украинада, Еділде, Әзербайжанда, Ленинград облысында және өзге де өңірлерде неміс ауылдарының құртылуы, мыңдаған ешбір жазықсыз адамдардың қудалауға ұшырауы, аяусыз өлтірілуі - сол кездегі солақай саясаттың көрнісі еді.

Ресейлік немістердің Кеңес одағының еуропалық бөлігінен және Кавказдан депортациялануы 1941 жылдың шілдесінде басталып, бірнеше кезеңмен жүргізілді. 1941 жылдың тамызында немістер Қырым жартылай құрлығынан көшірілді, бұған соғысқа байланысты қауіпті аймақта орналасуы себеп делінді. Одан кейін неміс халқы Украина мен Еділден «қуылды». 1941 жылдың 28 тамызында «Повольже аймағында тұратын немістерді көшіру туралы» Жарлық жарияланады. Бұл құжатта Повольже немістерінің арасында Германияның он мыңдаған тыңшысы мен жансызы бар екендігі айтылады.

Осыған байланысты Кеңес үкіметі тұтас ұлтты жазалау шарасын қабылдайды.

Повольже немістерін орналастыру аймағы ретінде Новосібір, Омбы облыстары, Алтай аймағы сондай-ақ, Қазақстан аумағы қарастырылды. Немістердің тағы бір бөлігі Вермахт жаулап үлгерген жерлерде қалып, Германия мен Польшаға айдалады. Кейін олардың барлығы да Кеңес Одағына қайтарылып, НКВД-ның бақылауымен Сібірге, Қазақстанға «арнайы қамаққа» айдалады. 1945-1946 жылдары Қазақстанда жалпы саны 530 мыңға жуық неміс халқының өкілі тұрған деген дерек бар.

Қазақстанға көшірілген немістердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарын қоныстанады.

1948 жылдың 26 қарашасында қабылданған Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығына сәйкес немістер көшірілген аумаққа «мәңгілікке тұру» үшін жіберілген. Оларға қоныстанған жерлерінен ІІМ-нің рұқсатынсыз өз еркімен шыққаны үшін соттау шарасы қолданылды.

Кеңестік немістерге соғыстың аяқталғанына қарамастан, мұндай шектеу шаралары 1955 жылға дейін қолданылған. Алайда, оларға соғысқа дейін тұрған жерлерінен басқа аймақтарға көшіп-қонуға рұқсат берілді. Жарлықта немістерге сол кезеңдерде кәмпескеленген мүліктерінің қайтарылмайтыны және олардың өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне көшуіне рұқсат берілмейтіндігі жазылады.

1958 жылы Алматыда алғаш неміс тіліндегі радио тарату ұйымдастырылады, ал 1964 жылы Қарағанды телехабар тарату студиясы айына бір рет неміс тіліндегі бағдарламалар шығара бастайды. Ақмолада (Целиноград) 1966 жылдан бастап «Фройндшафт» неміс газеті шығарыла бастайды.

Ал 1964 жылы 29 тамызда Повольже немістерін фашист тыңшысы деген айыптаулардың негізсіз болғаны жазылған Жарлықтың шығуы, ресейлік немістердің еркін тыныстауына себеп болды.

Немістер өз автономиясын қайтарып алуға қанша ұмтылғанымен, бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпады.

1992 жылы 29 қазанда Алматыда немістердің алғашқы съезді өтеді, мұнда респубикалық «Возрождение» қоғамдық қорын құру туралы шешім қабылданады. Ал 1995 жылы өткен екінші съезде Қазақстан немістерінің Кеңесі құрылады.

Қайта құру кезеңінде әсіресе, неміс ұлты өкілдерінің Германияға үдере көшуі байқалды. Тек 1992 жылы 80 мың, 1993 жылы, 100 000, 1994 жылы 120 мың неміс көшкен. Көші-қон тек 1997 жылдары ғана сәл саябырси бастады.

1997 Германияның канцлері Гельмут Коляның Қазақстанға сапары кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев немістердің Қазақстаннан көшуін қолдамайтынын және елдің болашағын біртұтас ұлт ретінде бірге құру керек екенін айтқан болатын.

1989 жылғы халық санағының мәліметінше, сол уақытта Қазақстанда 958 мың неміс ұлтының өкілі тұрған. Немістер ел тұрғындарының саны бойынша қазақтар мен орыстардан кейінгі үшінші орында болған.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, көші-қон заңын енгізгеннен кейін елдегі тұрғылықты немістер саны бірден қысқарып кетті. 1999 жылғы халық санағы елде бар болғаны 353 мың неміс қалғанын көрсетті. 2009 жылғы санақ бойынша 178,2 мың, 2015 жылы – 181 958.

Қайта құру кезеңіндегі неміс ұлтының көшінің қомақты болғанына қарамастан, бүгінде елде қалған, немістер арасында тұрақты табиғи өсім сақталып отыр.

Немістер өз автономды мемлкеттігін қайтармағанымен, жарты ғасыр уақыттан кейін өздерін қоғамның толыққанды мүшесі, этникалық қауымдастық ретінде сезінді.

1994 жылы Алматы қаласында неміс үйі ашылды. Аз уақыт ішінде бұл мәдениет ошағы немістердің мәдени, әлеуметтік-саяси оталығына айналды. Ал Неміс Кеңесі Қазақстан мен Германия арасында берік достық көпірін қалыптастыруға өзіндік ықпал етті.

Неміс Кеңесі өздерінің туған тілдерінің сақталуына, ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуіне үлкен көңіл бөледі. Бүгінде Алматыда ТМД аймағындағы жалғыз неміс драма театры жұмыс жасайды. Айта кету керек, Қазақстаннан көшіп кеткен немістердің көбісі бүгінде қайтып келуге мүдделі. 

Бұл Қазақстанның неміс ұлты үшін жайлы қоныс қана емес, бірлігі мен татулығы жарасқан, құшағын ашқан ел ретінде сағынышпен еске алатын ата жұртына айналғанын көрсетеді.

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға