Қазақстанда 5 миллионнан астам жеңіл автокөлік тіркелген, ал автонесиелердің жалпы портфелі 4,2 триллион теңгеге жетті. Сонымен қатар мемлекет жыл сайын утилизациялық алымнан жүздеген миллиард теңге жинап, отандық автокөлік өндірісін қолдауға қомақты қаржы бағыттайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 5 053 664 жеңіл автокөлік тіркелген. Салыстыру үшін:
- 2024 жылғы 1 қаңтарда — 4 690 898;
- 2025 жылғы 1 қаңтарда — 5 060 083;
- 2026 жылғы 1 қаңтарда — 4 938 158;
- 2026 жылғы 1 шілдеде — 5 053 664.
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың басында автокөлік дерекқорын жаңарту бойынша техникалық жұмыстар жүргізілгенін түсіндірді. Сондықтан көліктердің шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі және отын түрі сияқты сипаттамалар бойынша егжей-тегжейлі мәліметтер тек 2026 жылдың маусым айынан бастап қайта қалыптастырыла бастаған.
Ең көп жеңіл автокөлік Алматы қаласында тіркелген – 627 197. Одан кейін:
- Алматы облысы — 532 105;
- Астана — 410 090;
- Түркістан облысы — 361 993;
- Қарағанды облысы — 326 376;
- Шығыс Қазақстан облысы — 288 088.
Бұған дейін Қазақстанда әр мың тұрғынға шамамен 241 жеңіл автокөліктен, яғни әр төрт адамға бір көліктен келетінін есептеген едік.
Жүзден астам көлігі барлар
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде кемінде бір тіркелген көлік құралының иесі болған жеке тұлғалардың саны 4 149 720 адамды құрады. Олардың ішінде:
- 2 971 471 адамда — бір көлік;
- 783 320 адамда — екі көлік;
- 225 546 адамда — үш көлік.
Сонымен қатар:
- 115 179 адамда — 4–5 көлік;
- 42 194 адамда — 6–10 көлік;
- 9 380 адамда — 11–20 көлік;
- 2 321 адамда — 21–50 көлік;
- 262 адамда — 51–100 көлік;
- 47 адамның атында — 100-ден астам көлік тіркелген.
2026 жылдың басындағы дерек бойынша, бір адамның атына тіркелген көліктердің ең көп саны — 339. Заңды тұлғалар арасындағы рекорд — 2 584 көлік.
2026 жылғы 1 шілдеде жеке тұлғалардың атына барлығы 5 463 474, ал заңды тұлғалардың атына 578 780 көлік құралы тіркелген. Бұл статистикаға тек жеңіл көліктер ғана емес, басқа да көлік түрлері кіреді.
Toyota, ВАЗ және Hyundai
Қазақстандағы ең кең таралған автокөлік бренді әлі де Toyota болып қала береді. ІІМ дерегіне сәйкес, елде осы марканың 697 881 көлігі тіркелген. Алғашқы ондыққа мыналар енді:
- ВАЗ — 445 253;
- Hyundai — 394 925;
- Volkswagen — 290 265;
- Chevrolet — 266 355;
- ГАЗ — 258 992;
- Lada — 220 701;
- Kia — 213 903;
- Audi — 201 746;
- Nissan — 163 454.
Келесі орындарда Mitsubishi, Mercedes-Benz, Daewoo, КамАЗ, Lexus, Changan, Opel, BMW, Mazda және УАЗ тұр.
Осылайша, Қазақстан автопаркінің негізін бұрынғыдай жапон, ресейлік, кореялық және неміс көліктері құрайды. Сонымен бірге ең көп таралған брендтердің қатарына қытайлық Changan да енді — елде бұл марканың 92 441 көлігі тіркелген.
Электромобильдер саны үш есе артты
Соңғы екі жарым жылда Қазақстандағы электромобильдер саны үш еседен астам көбейді.
- 2024 жылғы 1 қаңтарда — 8 498;
- 2025 жылғы 1 қаңтарда — 12 833;
- 2026 жылғы 1 қаңтарда — 23 616;
- 2026 жылғы 1 шілдеде — 28 268.
Тек осы жылдың алғашқы алты айында олардың саны шамамен 20 пайызға өсті.
Сонымен бірге ІІМ статистикасында гибридті көлік ретінде көрсетілген аралас отынмен жүретін автомобильдер саны әлдеқайда көп — 392 070.
Көліктер арзандай бастады ма?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы жылдары ең көп өзгерген баға — отандық құрастырылған жаңа көліктерге тиесілі.
- 2023 жылы — +11,6%;
- 2024 жылы — +28,2%;
- 2025 жылы — +1,9%.
2026 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша индекс 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 84,1% болды. Бұл жыл басынан бері бағалардың 15,9%-ға төмендегенін білдіреді.
Импортталған жаңа көліктердің бағасы:
- 2023 жылы — +2,8%;
- 2024 жылы — +5,4%;
- 2025 жылы — +7,3%;
- 2026 жылдың қаңтар–маусымында — –7,5%.
Қолданыста болған көліктердің бағасы зерттелген кезеңде негізінен төмендеген:
- 2023 жылы — –1,3%;
- 2024 жылы — –6,4%;
- 2025 жылы — –1,3%;
- 2026 жылдың алғашқы алты айында — –2,4%.
Бюро жаңа көліктердің бағасы ресми дилерлердің сайттарынан автоматты түрде жиналатынын нақтылады. Бақылау үшін базалық жинақтамадағы модельдер таңдалады және олардың тізімі жыл басында бекітіліп, жыл соңына дейін өзгермейді.
Қазақстан қанша автокөлік шығарады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі жеңіл автокөлік өндірісі өсіп келеді.
- 2023 жылы — 134 054;
- 2024 жылы — 133 974;
- 2025 жылы — 158 944.
Осылайша, бір жыл ішінде өндіріс шамамен 19%-ға артқан. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 88 886 жеңіл автокөлік шығарылды. Сонымен қатар 6 айда:
- 10 және одан көп адам тасымалдауға арналған — 1 466 автомобиль;
- жүк көлігі — 3 422;
- арнайы және мамандандырылған автомобиль — 557 шығарылған.
Автонесие бойынша берешек 4,2 триллион теңгеге жетті
Көлік санының артуымен бірге автонесиелеу де қарқынды өсіп келеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымда автонесиелердің жалпы портфелі 4,2 триллион теңгеге жетті. Жыл басында бұл көрсеткіш 4 триллион теңге болған. Осылайша, бес айда берешек тағы 4%-ға көбейген.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 657 мың адамның қолданыстағы автонесиесі болған.
Жаңа берілген несиелер көлемі:
- 2023 жылы — 1,4 триллион теңге;
- 2024 жылы — 1,8 триллион;
- 2025 жылы — 2,4 триллион;
- 2026 жылдың қаңтар–мамырында — 705 миллиард теңге.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен автонесиелердің үлесі 3,9% болды. Жыл басында бұл көрсеткіш 3,5% еді.
Соған қарамастан, реттеуші жағдайды әзірге сындарлы деп есептемейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылы автонесие беру қарқыны бәсеңдей бастаған.
Орташа айлық қарыз алушылар саны 2025 жылғы 25 мыңнан 2026 жылдың бірінші тоқсанында 17,5 мың адамға дейін азайған.
Қазіргі уақытта дефолт деңгейінің көрсеткіштері тарихи орташа мәндер шегінде сақталуда, — деп хабарлады агенттік.
Автонесиені кімге алу оңайырақ?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін кейбір автонесиелер бойынша борыштық жүктеме коэффициентін сақтау талаптары уақытша тоқтатылған. Бұл:
- Қазақстанда алғаш рет тіркелетін және несие кепілі болатын жаңа автокөлікке;
- бастапқы жарнасы кемінде 50% болатын кепілдегі қолданыстағы көлікке;
- жасы үш жылдан аспайтын, кепілге қойылатын және бастапқы жарнасы кемінде 30% болатын қолданыстағы көлікке берілетін несиелерге қатысты.
Сонымен қатар агенттік бөлшек несиелер портфелі мен жаңа берілген қарыздардың сапасын ай сайын бағалап отырады.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы жалғасып жатыр, бірақ әзірге жаңа қаржыландыру жоспарланбаған. Жаңа несиелер бұрынғы қарыз алушылар қайтарған қаражат есебінен беріледі.
Қазақстанның Даму банкінің мәліметінше, бағдарламаға үш көзден 82 миллиард теңге бөлінген. 2015 жылдан бері банктер жалпы сомасы 266 миллиард теңгеден асатын 41 308 жеңілдетілген несие берген.
Қайтарылған қаражаттың қайта айналымға жіберілуі (револьверлік тетік) нәтижесінде 2026 жылғы 1 шілдеге дейін бағдарламаға 184,327 миллиард теңге қайта түскен.
2024 жылдан бері осы қаражат есебінен ай сайын орта есеппен 204 жаңа жеңілдетілген автонесие беріліп келеді. Орташа несие көлемі — 6,4 миллион теңге, ал бастапқы жарна — көлік құнының шамамен 20%-ы. Бағдарлама арқылы ең жиі сатып алынған маркалар:
- Hyundai;
- Kia;
- Chevrolet.
- Ең сұранысқа ие модельдер:
- Hyundai Tucson;
- Hyundai Elantra;
- Chevrolet Cobalt;
- Kia Sportage;
- Hyundai Accent;
- Kia Rio;
- Kia Cerato.
Ең көп жеңілдетілген несие:
- Алматыда — 9 478;
- Астанада — 8 915;
- Қостанай облысында — 3 430.
Ең азы Ұлытау облысында — небәрі 61 несие. Дегенмен бұл облыс, сондай-ақ Абай мен Жетісу облыстары бағдарлама іске қосылғаннан кейін құрылғанын ескеру қажет. Берілген жеңілдетілген несиелер:
- 2024 жылы — 2 480;
- 2025 жылы — 2 282;
- 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында — 1 294.
Қазір бағдарламаға Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Еуразиялық банк және ForteBank қатысады. Қаражаттың қолжетімділігі бұрын берілген несиелердің қайтарылуына байланысты.
Бағдарламаға қатысқан бірегей адамдар туралы жеке статистика жүргізілмейді. Сондықтан бір адам жеңілдетілген несиені бірнеше рет алып, жалпы есепте бірнеше мәрте көрсетілуі мүмкін.
Утилизациялық алымнан қанша қаражат жиналды?
Көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы үшін:
2024 жылы — 290,2 миллиард теңге жиналды:
- өндірушілерден — 127,2 млрд;
- импорттаушылардан — 163 млрд.
2025 жылы — 354,4 миллиард теңге:
- өндірушілерден — 166,2 млрд;
- импорттаушылардан — 188,2 млрд.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 158,3 миллиард теңге түсті:
- өндірушілерден — 92,9 млрд;
- импорттаушылардан — 65,4 млрд.
Осы қаражаттың:
- 2024 жылы — 122,7 млрд теңгесі;
- 2025 жылы — 162,3 млрд теңгесі;
- 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында — 98,2 млрд теңгесі отандық өндірісті ынталандыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, 2022 жылы банктерге Қазақстанда өндірілген автокөліктерді сатып алушыларды жеңілдетілген несиелеу үшін 100 миллиард теңге бөлінген.
Экология министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта «Жасыл даму» пайдаланудан шыққан көліктерді қайта өңдеумен айналысатын ұйымдарды айқындап жатыр. Келісімшарттар жасалғаннан кейін қабылдау пункттерінің тізімі оператордың сайтында жарияланады.
Пайдаланудан шығарылған көліктерін тапсырған иелерге Қазақстанда өндірілген экологиялық таза көліктерді сатып алуға арналған жеңілдік сертификаттары беріледі деп жоспарланып отыр. Жеңілдік мөлшерін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айқындайды.