Жезтырнақ, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, албасты – қазақ мифологиясындағы жұмбақ әрі қорқынышты кейіпкерлер. Олар ғасырлар бойы халық жадында сақталып, бала тәрбиесінде де қолданылып келген. Бұл образдар қайдан шықты, неге әйел бейнесінде берілген және олардың бала психологиясына әсері қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін қазақ мифологиясына үңіліп, зерттеп көрдік.
Қазақ мифологиясында қандай құпия кейіпкерлер бар
Қазақ мифологиясы – жай ғана ертегілер жиынтығы ғана емес, халықтың дүниетанымын, табиғатпен байланысын, қорқынышы мен сенімін бейнелейді. Ғалымдардың айтуынша, қазақ фольклорында 40-тан астам мифтік кейіпкер бар.
Олар алты үлкен топқа бөлінеді.
Тотемдік кейіпкерлер – көк бөрі мен көк өгіз секілді халықтың шығу тегін білдіретін бейнелер.
Шамандық кейіпкерлер – самұрық, бәйтерек, бақсы сияқты тылсым әлеммен байланысты образдар.
Ал демонологиялық кейіпкерлер қатарына жезтырнақ, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, албасты, пері, жын, шайтан сияқты адамға зиян келтіретін күштер жатады.
Бұдан бөлек дәулер мен алыптар сияқты хтоникалық кейіпкерлер, ілкі қаһармандары саналатын ертегідегі сиқырлы көмекшілер мен пірлер, сондай-ақ Қаңбақ шал мен Тазша бала сияқты трансформацияланған образдар бар.
Осы топтың ішінде ең көп таралғаны – дәл осы қорқынышты, түсініксіз күштерге қатысты кейіпкерлер.
Жезтырнақ неге сұлу әйел бейнесінде беріледі
Жезтырнақтың ерекшелігі – ол бірден қорқынышты кейіпте көрінбейді. Аңыздарда ол көбіне сұлу, әшекейлі киінген әйел немесе қыз ретінде сипатталады. Бірақ оның ұзын әрі өткір тырнағы болған. Сол тырнағы арқылы адамға қастық жасайды.
Жезтырнақ көбіне иен далада, өзен-көл маңында, жалғыз жүрген адамға кездеседі. Бұл жерде мифологиялық кейіпкердің тәрбиелік қызметі де байқалады. Яғни мұндай аңыздар арқылы адамды жалғыз жүрмеуге, белгісіз жерге бармауға, сақ болуға шақырған болуы мүмкін.
Бұл кейіпкер қазақ аңыздарымен қатар түркі халықтарының фольклорында да кездеседі. Қырғыздарда оған ұқсас бейне «жезтумшүк» деп аталады. Алтай-саян түріктерінің фольклорында да осыған жақын образдар бар.
Мыстан кемпір
Мыстан кемпір қазақ ертегілерінде жиі кездеседі. Ол көбіне айлакер, қатал, кейде сиқырлы күш иесі ретінде сипатталады. Сырт келбетін де қорқынышты етіп бейнелейді. Шашы ұзын, тырнағы өткір, тістері қисық болып суреттеледі.
Ертегілерде мыстан кемпір кейіпкерді алдайды, у береді, ұрлап кетеді, тұтқында ұстайды немесе оған түрлі қауіп төндіреді. Ол «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу» сияқты ертегіде кездеседі.
Жалмауыз кемпір
Жалмауыз кемпір қазақ фольклорында адамға қауіп төндіретін, адам жейтін жауыз бейне ретінде сипатталады. Кейбір аңыздарда оны тырнағы ұзын, тұмсығы қарғаға ұқсас, өзі өте қайратты етіп көрсеткен. Ол көбіне балаларға, әсіресе ер балаларға қауіп төндіретін кейіпкер ретінде суреттеледі.
Зерттеушілер жалмауыз кемпір бейнесінің өте көне дәуірлерден келе жатқанын айтады. Мұндай образ тек қазақта ғана емес, әлем халықтарының ертегілерінде де кездеседі. Адам жейтін кемпір, орманда немесе иен жерде кездесетін қорқынышты әйел бейнесі көптеген фольклорда бар.
Албасты
Албасты – қазақтың көне наным-сенімінен туған мифтік кейіпкер. Аңыздарда ол жалбыраған шашты, тісі ақсиған әйел, кейде құс аяқты не өкшесі теріс бейнеде, тіпті аң кейпінде де көрінеді. Қолында әрдайым сиқырлы кітап, тарақ, күміс теңгесі болады.
Албасты қазақ түсінігінде көбіне босанатын әйелге қауіп төндіретін күш ретінде сипатталады. Халық нанымында ол әйелді кеудесінен басып, өкпесін алып қашады деген түсінік болған. «Албасты басқыр» деген қарғыстың шығуын да осы сеніммен байланыстыруға болады.
Албасты деген сөз «басу» дегенді білдіреді. Ол босанайын деп жатқан әйелді тұншықтырып, басып, қинайтын күш ретінде түсіндірілген, – дейді тарихшы-этнограф.
Психолог Саида Кушерова мұндай түсініктің ғылыми жағын да түсіндірді. Оның айтуынша, халық арасында «албасты басты» деп аталатын жағдай медицина мен психологияда «уақытша жансыздану» деп аталады.
Бұл кезде адам оянған сияқты болады, бірақ денесін уақытша қозғалта алмайды. Кейде кеудесіне ауырлық түскендей немесе біреу үстінде тұрғандай сезіледі. Бұрын адамдар бұл құбылыстың ғылыми түсіндірмесін білмегендіктен, оны мифологиялық кейіпкерлермен байланыстырған, – деді психолог Саида Кушерова.
Бұл кейіпкерлер шынымен болған ба?
Жезтырнақ, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, албасты шын өмірде болған нақты тіршілік иелері емес. Дегенмен оларды жай ғана ойдан шығарылған бос бейне деуге болмайды. Бұл кейіпкерлер арқылы халық белгісіз құбылыстарды түсіндіруге, қауіп-қатерден сақтандыруға және белгілі бір мінез-құлық нормаларын қалыптастыруға тырысқан.
Тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, бұл образдар өте ерте кезеңдерде қалыптасқан.
Бұл кейіпкерлер туралы деректер тек ертегілерде, әпсаналық әңгімелерде, аңыздарда кездеседі. Басқа тарихи уақытта болды деген жазба дерек жоқ. Ол кезеңде жазба дерек болуы да мүмкін емес еді, – деді Жамбыл Артықбаев.
Этнограф жезтырнақ пен мыстан кемпірдің пайда болуын қола дәуірімен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кезеңде Қазақстан аумағында металл өндіру қарқынды дамыған.
Мыстан кемпір мен жезтырнақ қола дәуірінде пайда болды деп ойлаймын. Ол уақытта жез, мыс, бақыр сияқты түсті металдар өндірілді. Металл өндіруші тайпалар өзге жұртқа жұмбақ әрі қорқынышты көрінуі мүмкін, – деді ол.
Металл жасаудың құпиясын меңгерген, әшекей бұйымдар жасап, алыс елдермен сауда жүргізген қауымдар уақыт өте келе халық санасында ерекше, тіпті қауіпті күш иесі ретінде қабылданған. Осы түсініктер кейін мифке айналып, жезтырнақ пен мыстан кемпір сияқты кейіпкерлер арқылы сақталып қалған.
Демек, бұл образдарды ғылыми тұрғыдан халық жадында сақталған көне дүниетанымның көрінісі ретінде қарастыруға болады.
Жағымсыз кейіпкерлер неге әйел бейнесінде берілген
Қазақ мифологиясындағы қорқынышты кейіпкерлердің көбі әйел бейнесінде беріледі. Жамбыл Артықбаевтың пікірінше, бұған қоғамның матриархаттан патриархатқа өту кезеңінің әсері болуы мүмкін.
Қола дәуірінде біздің жерімізді мекендеген адамдар матриархалдық дәстүрден патриархалдық дәстүрге өту процесін бастан кешірді. Металлургиямен қатар мал өсіру, жылқы өсіру дамыды. Ат үстінде соғысу, елді қорғау секілді жағдайлар ер адамның рөлін күшейтті. Мүмкін, осы өзгерістер әйел бейнесінің мифологиядағы сипатына әсер еткен шығар, – деді Жамбыл Артықбаев.
Дегенмен тарихшы мұны нақты дәлелденген тұжырым емес, болжам ретінде қарастыру керек екенін ескертеді.
Ертеде қауымды әйелдер басқарған кезеңдер болды. Тамақты да солар бөлді. Кейін патриархат күшейгенде, бұрынғы әйел билігінің бейнесі теріс сипатқа ауысуы мүмкін, – деді ол.
Психолог Саида Кушерованың айтуынша, әйел бейнесі тарихи және мәдени дүниетаныммен байланысты.
Ежелгі қоғамда әйел адам ұрпақ жалғастырушы және бала тәрбиелеуші ретінде маңызды рөл атқарған. Бір жағынан ол мейірім мен қамқорлықтың символы болса, екінші жағынан жұмбақ әрі түсініксіз күштердің бейнесіне айналған, – деді психолог.
Оның сөзінше, бұл жерде гендерлік стереотиптердің де ықпалы болуы мүмкін. Бірақ мұндай образдарды тек әйелді жағымсыз көрсету деп қабылдағаннан гөрі, сол кезеңдегі дүниетанымның көрінісі ретінде пайымдаған дұрыс.
Балалар неге мұндай кейіпкерлерге сенеді
Балалар қорқынышты кейіпкерлерге ересектерге қарағанда тез сенеді. Себебі белгілі бір жасқа дейін бала қиял мен шындықты толық ажырата алмайды. Бұл кезеңде ересектердің айтқаны оған шындық ретінде қабылданады.
Психолог Саида Кушерованың айтуынша, әсіресе 3-7 жас аралығында бала қиялға өте бейім болады.
Бұл жаста бала ертегі мен шындықтың арасын нақты ажырата алмайды. Егер үлкендер қорқынышты кейіпкерлерді шынайы етіп сипаттаса, бала оны қауіп ретінде қабылдайды, – деді Саида Кушерова.
Сондықтан мифологиялық кейіпкерлер арқылы қорқыту баланың бойында тұрақты үрей қалыптастыруы мүмкін.
Қорқыту арқылы тәрбиелеу балаға қалай әсер етеді
Бұрын мұндай сөздер баланы сақ болуға, түнде жалғыз жүрмеуге үйрету үшін қолданылған. Яғни оның тәрбиелік мәні болған.
Алайда қазір психология бұл тәсілді қолдамайды. Себебі қорқынышқа негізделген тәрбие баланың психологиялық жағдайына кері әсер етеді.
Психолог Саида Кушерованың айтуынша, мұндай әдіс баланың қауіпсіздік сезімін әлсіретеді.
Қорқыту баланың мазасыздығын арттырып, қараңғыдан немесе жалғыз қалудан қорқу, түнде шошып ояну, өзіне сенімсіздік сияқты белгілердің пайда болуына әкелуі мүмкін, – деді Саида Кушерова.
Маманның сөзінше, бала тәртіпті қорыққаннан үйренбеуі керек.
Баланы үрейлендіргенше неге болмайтынын түсіндіру, нақты шекара қою және ашық сөйлесу әлдеқайда тиімді, – деді ол.
Қорқынышты ертегілер зиян ба
Психологтың айтуынша, қорқынышты ертегілерді толықтай зиян деп қарастыруға болмайды. Бар мәселе оның балаға қалай және қай жаста ұсынылатынында.
Жас ерекшелігіне сай айтылған ертегі балаға қорқынышты түсінуге және оны жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар мұндай әңгімелер арқылы балада батылдық пен сақтық қалыптасуы мүмкін.
Қорқынышты ертегілер дұрыс ұсынылса, балаға қорқынышты түсінуге және оны жеңуге көмектеседі. Бірақ оны баланы басқару немесе қорқыту құралына айналдыруға болмайды, – деді Саида Кушерова.
Ата-ана нені ескеруі керек
Кез келген ата-ана баласына тәрбие бергенде қауіпсіздік ережесін еркін түсіндіргені дұрыс. Мысалы, түнде жалғыз шықпау, бейтаныс адаммен сөйлеспеу, алысқа кетпеу деген секілді талаптар балаға қорқыныш арқылы емес, түсінік арқылы келгені жөн.
Психолог Саида Кушерованың айтуынша, бала ең маңыздысы өзін қауіпсіз сезінуі тиіс.
Бала өзін қауіпсіз сезінген ортада ғана психологиялық тұрғыдан сау, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасады, – дейді маман.
Сондықтан ата-ана үшін ең тиімді жол – баламен ашық сөйлесу, оның сұрақтарына жауап беру. Осындай ортада өскен бала қорқынышқа емес, түсінікке сүйеніп әрекет етеді.