28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Қазақ журналистикасында ғұмыры қысқа болса да, соңында өшпес із қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – небәрі 24 жасында өмірден өткен тележурналист Руслан Бөлебай. Арада 17 жыл өтсе де, Руслан Бөлебайдың есімі халық жадынан өшкен жоқ.
El.kz тілшісі Русланмен бірге қызмет еткен, бірге оқыған, жақын араласқан жандардың естелігін тыңдап, көрермен көзайымына айналған журналистің көпшілік біле бермейтін қырларын жинақтады.
«Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп елді оятатын еді
Небәрі 24 жасында өмірден өткен тележурналист Руслан Бөлебай аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналып, әр таңды жылы жүзімен, әсем үнімен бастайтын жүргізуші ретінде ел есінде қалды. Әріптестері оны еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы үшін құрметтесе, көрермен табиғилығы мен қарапайымдылығы үшін жақсы көрді.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген Русланның журналистикаға деген қызығушылығы ерте оянды. Алғашында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алып, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне ауысты.
Руслан студент кезінен-ақ кәсіби ортада шыңдала бастады. Алғашқы еңбек жолын республикалық «Ұлан», «Қазақ университеті» газеттері мен «Ара» журналынан бастады. Кейін НТК телеарнасының жаңалықтар қызметінде тілші болып еңбек етіп, Retro FM радиосында жүргізушілік тәжірибе жинады. Сонымен қатар «Азамат.kz» газетінде өткір публицистикалық мақалаларымен танылды.
Ізденісі мен еңбекқорлығы оны көп ұзамай КТК телеарнасына алып келді. Мұнда «Шарайна» сараптамалық бағдарламасының тілшісі әрі «Күндерек» жаңалықтар шығарылымының жүргізушісі болды. Президенттік пул құрамында жұмыс істеп, шетелдік іссапарларға қатысып, кәсіби тәжірибесін толықтырды.
Алайда Русланның есімін қалың көрерменге кеңінен танытқан жоба – «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасы еді. 2007 жылдан бастап таң сайын «Қайырлы таң, Қазақ елі!» деп көрерменмен амандасатын жас жүргізуші аз уақыттың ішінде миллиондаған қазақстандықтың сүйікті тележүргізушілерінің біріне айналды. Табиғи сөйлеу мәнері, әдеби тілі, эфирдегі мәдениеті мен жылы жүзі оны өзгелерден даралап тұрды.
Туған жеріне деген құрметі де ерекше болатын. «Таңшолпан» бағдарламасына жерлестері – жазушы Қалтай Түменбайды, ақын Асқар Айыпты, Нұрмахан Елтайды арнайы шақырып, туған өлкесінің рухани тұлғаларын бүкіл елге таныстыруға күш салды.
«Жігітке жеті өнер де аз» деп айтатын
Руслан Бөлебай өзін тележурналист ретінде ғана танытқан жоқ. Ол республикалық деңгейдегі көптеген мәдени кештердің, концерттердің жүргізушісі болды. Мұхтар Шаханов, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Бақтияр Тайлақбаев, Маржан Арапбаева, Ақерке Тәжібаева және басқа да өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештерін жүргізіп, сахнадағы кәсіби шеберлігімен де көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кейін журналистикамен қатар әншілікке де ден қойып, «Сағындырған әндер-ай» жобасының тұрақты жүргізушілерінің бірі болды. «Кең дала», «Сен болмасаң», «Жанарым», «Елес», «Мөлдір моншақтар», «Кешікпей келем деп ең», «Махаббатпен ойнама сен», «Іңкәрім-ай» секілді әндерді орындап, өнердегі тағы бір қырын көрсетті.
Бір сұхбатында «Жігітке жеті өнер де аз» деген еді. Бұл сөз оның өмірлік ұстанымын дәл сипаттайтын. Себебі Руслан өзін бір ғана журналистикамен шектемей, шығармашылықтың сан қырында бағын сынап, үнемі ізденіс үстінде жүрді.
Өкінішке қарай, оның туған жеріне қатысты үлкен армандарының бірі орындалмай қалды. Әкесі Әбдісаттар Бөлебайұлының естелігіне сүйенсек, Руслан Шиелі ауданының 80 жылдық мерейтойына еліміздің танымал өнер жұлдыздарын ертіп барып, туған өлкесінің тойының жоғары деңгейде өтуіне атсалысуды армандаған. Бірақ бұл арман тағдырдың жазуымен жүзеге аспады.
Алматыдан жеткен қаралы хабар
2009 жылдың шілде айында Алматыдан жеткен қаралы хабар қазақ жұртын есеңгіретіп жіберді. Көрерменнің сүйікті тележүргізушісі Руслан Бөлебай жол-көлік оқиғасынан көз жұмды. Небәрі 24 жасында өмірден өткен журналистің мезгілсіз қазасы оны экраннан күнде көріп жүрген халыққа ауыр тиді.
Тағдырдың тосын сәйкестігі ме, әлде өмірдің жұмбағы ма, Русланның соңғы дайындаған сюжеттерінің бірі дәл жол-көлік оқиғалары мен одан сақтану жолдары туралы болған екен.
Өмірден озарынан бірнеше күн бұрын ол досы Ақерке Тәжібаевамен бірге Көктөбеге көтерілгенде:
Кейін мен сендерге Алматының төбесінен қарап тұрамын, – деген екен.
«Журналистикаға қызыққан жастар үшін үлгі болды»
Руслан Бөлебайды көпшілік тележүргізуші ретінде таныса, оны жақыннан білгендер ең алдымен тынымсыз ізденетін, алға ұмтылатын азамат ретінде еске алады. Оның шығармашылыққа деген құштарлығы студенттік шағынан-ақ байқалған.
Тележүргізуші, журналист, «Таңшолпан» бағдарламасындағы әріптесі Айкерім Есенәлі Русланды алғаш рет 2000 жылы Қызылордада өткен жас тілшілер фестивалінде көрген. Сол кезде-ақ оның бойындағы қайсарлық пен талап көзге бірден түскенін айтады.
Ол кезде мен облыстық газетте жұмыс істейтінмін. Руслан жас тілші ретінде танылып келе жатқан еді. Сол фестивальде өте белсенді, талапшыл, өткір сұрақ қоя білетін, ештеңеден тайсалмайтын жігіт екенін байқадым. Кейін журналистикаға қызығатын жастар үшін нағыз үлгі болған тұлғаға айналды, – дейді ол.
2008 жылы екеуі «Таңшолпан» бағдарламасында бірге қызмет атқарады. Сол уақыттан бастап Айкерім Русланның көпшілік біле бермейтін қырларын жақынырақ таниды.
«Ешкімге жалтақтамайтын»
Русланның бойындағы ең ерекше қасиеттің бірі – әділдік болатын. Қандай жағдайда да ойын бүкпей айтып, ақиқатты жақтауға тырысатын.
Ол ешкімге жалтақтамайтын. Ойын бүкпей жеткізетін, қажет кезде орынды сыннан да тартынбайтын. Мінезі тік болғанымен, әрдайым әділ болуға, объективті пікір айтуға ұмтылатын. Сондықтан оны бәріміз сыйлайтынбыз, – деп еске алады жерлесі.
Оның айтуынша, Руслан бір орында тоқтап қалуды білмейтін жан еді. Репортаж түсіреді, кітап оқиды, мәдени іс-шараларға қатысады, ән айтып, жаңа жобаларды қолға алады. Тіпті сырт келбетіне дейін өзгертуден қорықпайтын.
Қай іске кіріссе де бар ынтасымен берілетін. Үнемі ізденіп жүретін. Іші пысып, бос отырғанын көрген емеспін. Бойындағы күш-қуатын өзін дамытуға жұмсайтын, – дейді Айкерім.
«Мына жерде менің ескерткішім тұрады ғой...»
Айкерім Есенәлі үшін Руслан Бөлебайға қатысты ең ауыр естеліктің бірі – оның өмірден озар алдындағы соңғы жұмыс күні.
Эфир әдеттегідей әзіл-қалжыңмен өтті. Екеуі күні бойы бірге жүріп, тіпті телеарна басшылығынан кішігірім ескерту де алған. Кешкі сағат бестер шамасында жұмыс аяқталған соң Ұлттық арнаның Желтоқсан көшесі жағындағы кіреберісінде тұрған кезде Руслан күтпеген жерден: «Мына жерде менің ескерткішім тұрады ғой...» – деген.
Сол сәтте ешкім бұл сөзге мән бере қойған жоқ. Кейін суық хабар жеткенде ғана оның әр сөзі еріксіз еске түсті.
Келесі күні таңғы жетіде оның өмірден өткенін естідім. Телеарнаға жүгіріп келсем, басқа журналистер келіп, сұхбат алып жатыр екен. Не болып жатқанын әлі түсіне алмадым. Есімді жиғанда ойымнан сол бір ауыз сөзі кетпей қойды, – деп еске алады Айкерім Есенәлі.
«Есімі жұлдыз болып жарқырап тұрады»
Айкерім Есенәлі Русланды ең алдымен адамгершілігімен ерекшеленген азамат ретінде еске алады.
Есімде ең қатты қалған қасиеті – қамқорлығы. Ол айналасындағы адамдарға бейжай қарай алмайтын. Әсіресе жастарға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұратын. Қарындасына деген қамқорлығының өзі көп адамға үлгі болды, – дейді ол.
Арада он жеті жыл өтсе де, Руслан Бөлебайдың есімі ел жадынан өшкен жоқ.
Әлі күнге дейін мені көрген адамдар Русланды еске алып жатады. Бұл – оның халық жадында сақталғанының белгісі. Ол қазақтың мықты бір жігіті болды. Русланның орны ешқашан толмайды. Бірақ есімі әрдайым жұлдыз болып жарқырап тұрады, – дейді Айкерім Есенәлі.
«Үлкен қалаға келуді армандайтын»
Руслан Бөлебаймен бірге оқыған курстасы, журналист Асқар Бековтің сөзінше, Руслан студенттік жылдарының өзінде-ақ үлкен журналистиканың ортасына еніп, тәжірибе жинауға тырысқан.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Руслан алғашында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алды. Алайда шығармашылықтың қайнаған ортасында жүруді армандап, 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысады.
Русланның арманы үлкен қалаға, нағыз шығармашылық ортаға келу еді. Ол кезде Алматы журналистиканың орталығы болатын. Радио да, телевизия да, республикалық газеттер де осында еді. Руслан қалаға келе сала сол ортаның қызу тіршілігіне бірден араласып кетті, – дейді Асқар Беков.
Оның сөзінше, Руслан студенттік жылдардың өзінде түрлі редакцияларға мақала апарып, телевизиядағы бағдарламаларға қатысып жүрген. Екінші-үшінші курстан бастап-ақ қаламақы алып, кәсіби журналист ретінде еңбек ете бастаған.
Алдымен газетте шыңдалды. Жазуы да, сөйлеуі де өте жатық болатын. Кейін осы қабілетінің арқасында телевидениеге келді. КТК арнасында жұмыс істеді, президенттік пул құрамында бірнеше мемлекетке барды. Ал «Таңшолпанға» келгенде танымалдығы тіпті арта түсті. Күн сайын бүкіл Қазақстанды әсем үнімен оятатын. Әдеби сөз саптауы мен ерекше дауысын халық жақсы көрді, – дейді ол.
Асқардың айтуынша, Руслан тынымсыз ізденетін. Журналистикамен ғана шектелмей, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, концерттер ұйымдастырып, тікелей эфирлер жүргізді. Өмірінің соңғы жылдары әншілікке де бет бұрып, шығармашылықтың бірнеше саласында қатар еңбек етті.
ҚазҰУ студенттеріне Руслан Бөлебай атындағы шәкіртақы берілді
Асқар Бековтің айтуынша, арада қанша жыл өтсе де, курстастары Руслан Бөлебайды ұмытқан емес.
Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдағандарына 20 жыл толуына орай олар Руслан Бөлебайдың есімімен арнайы бір реттік шәкіртақы тағайындап, төрт студентке 50 мың теңгеден табыстаған.
Біз үшін бұл – досымыздың жарқын бейнесіне көрсетілген құрмет. Русланды әрдайым еске алып жүреміз. Ол туралы эссе де жазылды, деректі фильм де түсірілді, – дейді курстасы.
Бүгінде туған жері – Шиелі ауданында Руслан Бөлебайдың есімі берілген көше бар. Оның бойына ескерткіш тақта орнатылған. Асқар Беков бұл игі іске марқұмның ата-анасы мен курстастары ұйытқы болғанын айтады.
Руслан өмірден өткеннен кейін бес жылдан соң туған жерінде оның есімі берілген көше ашылды. Бүгінде ол жерде ескерткіш тақта да тұр. Бұл – досымызға деген елдің құрметі, – дейді Асқар Беков.
«Мені үнемі «бауырым», «жерлесім» деп шақыратын»
Журналист Еркін Шәкірұлы Руслан Бөлебайды ең алдымен жерлесі, кейін әріптесі әрі жақын досы ретінде танитын. Оның айтуынша, Руслан мектепті ерте бітіргендіктен, өзінен екі курс жоғары оқыған.
Руслан екеуіміз бір топырақтанбыз. Сабақ үлгерімі жақсы болғандықтан менен екі курс жоғары оқыды. Мен университетке түскен кезде ол Лондондағы BBC радиосына барып, жұлдызы жанып тұрған шағы еді. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ, халыққа танылудың ең үлкен жолы – телевидение болатын. Русланның танымалдығы өте жылдам артты, – дейді ол.
Кейін екеуі бір жатақханада тұрып, Ұлттық арнада бірге қызмет атқарды.
Мені үнемі «бауырым», «жерлесім», «зёма» деп шақыратын. «Екеуіміз бір топырақтанбыз ғой» деп ерекше жақын тартатын», – дейді Еркін Шәкірұлы.
«Кейде бір-біріміздің киімімізді киіп жүретінбіз»
Руслан сәнді киінгенді жақсы көретін. Екеуінің арасында бүгінге дейін күліп еске алатын қызықты оқиғалар аз емес.
Менің жақсы киімдерімді көріп, әзілдеп, «Киімдеріңді маған берші» дейтін. Кейде екеуіміз бір-біріміздің киімімізді киіп жүретінбіз. Өзара өте еркін араластық. Түрлі қызықтар көп болды, – дейді ол.
Ұлттық арнадағы бірге жұмыс істеген күндерден де есте қалған оқиғалар аз емес. Соның бірі – таңғы эфир алдында алманы іздеп кеткен сәт.
Руслан эфирде алма туралы айтуы керек болды. Таңғы алтыда бүкіл қаланы аралап, алма таба алмай әбігерге түскенім әлі есімде. Осындай қызықты күндерді бірге өткіздік, – деп күледі әріптесі.
«Ақкөңіл, кеңпейіл азамат еді»
Еркін Шәкірұлының айтуынша, Русланның мінезі ерекше болатын. Ешкімге жамандық ойламайтын, адамдармен тез тіл табысатын.
Ақкөңіл еді. Әзілі де жарасатын. Кейде бір-екі күн үндемей жүретін кездері болатын. Бірақ ешкіммен ренжісіп көрген жоқ. Біраз уақыттан кейін қайтадан баяғы жайдары қалпына оралатын. Өте кеңпейіл, ақжарқын азамат еді, – дейді ол.
Сондай-ақ, айналасына қамқор болып, қолының ашықтығымен ерекшеленетінін де ерекше атап өтті.
Русланды еске алсам, ең алдымен қамқорлығы, кеңпейілдігі мен жомарттығы ойыма келеді. Қолының ашықтығы, адамдарға көмектесуге дайын тұратыны ерекше қасиеті еді. Айналасына адамдарды тартып жүретін, – дейді Еркін Шәкірұлы.
«Қазір соның бәрі көз алдыма келеді...»
2009 жылы жеткен қаралы хабарды Еркін де ауыр қабылдаған.
Русланның өмірден өтуі бәрімізге ауыр тиді. Әсіресе ата-анасына оңай болған жоқ. Ол үміт артып отырған баласы еді. Танымалдығы артып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген шағында өмірден өтті. Қазір соның жүрісі, сөйлеген сөзі, қылығы – бәрі көз алдыма келеді, – дейді ол.
Сөз соңында Еркін Шәкірұлы өмірден өткен достарын сағынышпен еске алатынын айтты.
Алла Тағала жатқан жерін жайлы қылсын, жаны жәннатта болсын. Біз үшін өте қымбат бауырымыз еді, әрдайым сағынышпен еске аламыз, – деді ол.