Жаңалықтар

Мусин "Зердені" неге таратуды ұсынғанын түсіндірді

Бұл жобаның техникалық жағын 2023 жылға қарай біржола шешуді көздеп отырмыз.
Мусин "Зердені" неге таратуды ұсынғанын түсіндірді
15.07.2022 21:43 1301

Бүгінгі үкімет отырысында Мемлекет басшысының кешегі кеңейтілген отырыстағы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар талқыланды, деп хабарлайды EL.KZ.

ҚР ЦДИАӨМ тарапына ескертулер айтылғандықтан, министрлік басшысы Бағдат Мусин цифрландыру қарқынын күшейтуге бағытталған бірқатар нақты іс-шаралар туралыөзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бұл орайда күн тәртібіндегі басты мәселе «Зерде» ұлттық холдингінің алдағы уақыттағы қызметі туралы болды. Мен холдингті жабу туралы ұсыныс жасадым, сондай-ақ Astana Hub, «QazInnovations» және Инновациялық технологиялар паркін біріктіріп, ал «ҰАТ» АҚ ҚР ЦДИАӨМ қарамағына беруді ұсындым. Холдингті жою арқылы артық басқарушы сатыларды алып тастап, қаражатты үнемдеуге және жауапкершілікті нақтылауға болады. Холдингті жабу кезінде соңғы 5 жылда жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар бойынша құзіретті органдар талдау жасап, тексерістер жүргізеді - деп жазды ол.

Сондай-ақ геологиялық ақпарат, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары саласындағы жобалардың техникалық жағын біздің министрлікке жүктеуді ұсынды. 

Осы жылдың соңына дейін Kaz-Nedra платформасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, ал 2023 жылы Қазақстанның дербес «Цифрлық жер қойнауы» деректер қоры пайда болады. Жалпы, цифрландыру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр, мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі мен бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіретін EHealth электронды денсаулық сақтау архитектурасына көшу жұмыстары басталды. Бұл жобаның техникалық жағын 2023 жылға қарай біржола шешуді көздеп отырмыз. Оның үстіне, биылғы жыл соңына дейін тағы екі әлеуметтік жоба – «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» іске қосылады. Алғашқысы отбасы жағдайын анықтауға және қажетті мемлекеттік көмекті проактивті түрде ұсынуға бағытталған. Бұл үшін біз түрлі мемлекеттік органдардың 20 деректер базасын біріктірдік. Ал «Әлеуметтік әмиянда» мемлекеттік қолдаудың барлық іс-шаралары жинақталады. Мысалы, мекенжай көмегін алуға, сондай-ақ бала туу және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақыға қол жеткізуге мүмкіндік береді - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік бүгін Үкімет отырысында Бағдат Мусин "Зерде" холдингін таратуды ұсынған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға