Жаңалықтар

Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды

Есеп комитетімен талқылау кезінде Холдинг қажеттілігіне күмән келтірген
Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсынды
Фото: gov.kz 15.07.2022 16:15 1750

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz

«Зерде» тобын реформалау бойынша жұмыс жылдың басында басталған болатын. Оның бірі - жүйелік интегратордың қызметі «Цифрлық үкіметті қолдау орталығына» берілді. Инновацияларды дамытудың бірыңғай экожүйесін құру мақсатында «QazInnovations» агенттігі мен Астана хаб технопаркін бір ұйымға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылады. Ал Ұлттық ақпараттық технологилар акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму министрлігіне қол астына беріп, «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылады», - деді министр.

Оның айтуынша, осы үрдіс барысында Холдингтің жобаларды іске асыруы бойынша тиісті материалдар құзырлы органдармен қарастырылып, зерделенетін болады.

«Есеп комитетімен талқылау кезінде Холдинг қажеттілігіне күмән келтірген болатын. Бұл ұсыныс квазимемлекеттік секторды реформалау тапсырмасына сәйкес келеді. Осылайша, жыл сайынғы әкімшілік шығындар үнемделеді, қажетсіз басқару деңгейін алып тастау және жауапкершілікті нақтылау сияқты оң нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», - деді министр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Бағдат Мусинге ескерту жасап, жұмысына қанағаттанбайтынын айтқан болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға