2026 жылғы әлем чемпионаты басталмай жатып-ақ футбол тарихындағы ең ерекше мундиальдардың біріне айналғалы тұр. Себебі бұл турнир тек жаңа чемпионды анықтамайды. Бұл – әлемдік футболдың қалай өзгеріп жатқанын көрсететін дода болмақ. Бұрын әлем чемпионаты санаулы фавориттердің алаңы секілді көрінсе, енді ФИФА футбол географиясын кеңейтуге нақты қадам жасады. Соның ең үлкен дәлелі – қатысушы құрамалар санының 32-ден 48-ге көбеюі.
Биыл турнир алғаш рет бірден АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Мұндай формат Солтүстік Америкадағы футбол инфрақұрылымын толық пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар матч саны да айтарлықтай артып, 100-ден аса ойын өткізіледі деп жоспарланған. Жаңа жүйе бойынша 48 құрама 12 топқа бөлінеді. Әр топта төрт командадан ойнайды. Алғашқы екі орын алған командалар тікелей плей-офф кезеңіне өтсе, үшінші орын алған құрамалардың ішіндегі үздік сегіз команда да келесі кезеңге жолдама алады. Осылайша плей-оффта жалпы 32 команда өнер көрсетеді.
Оқи отырыңыз:
- Футболдан әлем чемпионаты: басты фавориттер кімдер?
- «Ақылды доптар» дәуірі: 2026 жылғы әлем чемпионаты футболды қалай өзгертпек?
Өзбекстанның тарихи жолы
Көпшілік дәл осы формат өзгергеннен кейін «әлем чемпионатына шығу оңайлап кетті» деген пікір айтып жатыр. Әсіресе Uzbekistan national football team құрамасының тарихи жолдамасынан кейін бұл әңгіме Орталық Азияда қатты талқыланды. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Формат мүмкіндік бергенімен, сол мүмкіндікті пайдалану үшін жүйе, тұрақтылық және футбол мәдениеті қажет.
Өзбекстан құрамасы бұған дейін әлем чемпионатына мүлде қатыспаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін жеті бірдей іріктеу циклінде сүрінді. Кейде бір ұпай жетпеді, кейде плей-оффта жолы болмады. Әсіресе 2006 жылғы іріктеудегі Бахрейнмен болған даулы матч әлі күнге дейін өзбек жанкүйерлерінің есінде.
Алайда 2026 жылғы іріктеу кезеңінде бәрі өзгерді. Өзбекстан ақыры әлем чемпионатына жолдама алып, Орталық Азия тарихындағы алғашқы мундиаль қатысушысына айналды. Іріктеу барысында команда 10 матчтың алтауында жеңіске жетіп, тек бір рет қана жеңілді.
Хусанов бастаған жаңа буын
Қазір Өзбекстан құрамасының басты ерекшелігі – жас әрі еуропалық тәжірибесі бар футболшылардың көбеюі. Әсіресе әлем футболында ең көп айтылып жүрген есімдердің бірі – Абдуқодир Хусанов. 22 жастағы қорғаушы бүгінде «Манчестер Сити» клубының жүйесінде ойнап жүр. Көп сарапшы оны Орталық Азия футболындағы ең талантты қорғаушылардың бірі деп бағалайды. Хусановтың жылдамдығы, физикалық дайындығы және доппен жұмыс істеуі өзбек қорғанысын мүлде жаңа деңгейге көтерді.
Ал шабуыл шебінде команданың басты үміті – капитан Элдор Шомуродов. Тәжірибелі шабуылшы іріктеу кезеңінде шешуші рөл атқарды. Ол гол соғып қана қоймай, команданың көшбасшысына айналды. Соңғы жылдары жанкүйерлер ерекше сенім артып жүрген тағы бір футболшы – Аббосбек Файзуллаев. Жас жартылай қорғаушыны көпшілік Өзбекстан футболының болашағы деп атайды. Оның техникасы, алаңды көруі және креативті ойыны қазірдің өзінде Азияда жоғары бағаланып жүр.
Сонымен қатар Отабек Шукуров, Жалолиддин Машарипов секілді тәжірибелі ойыншылар да құраманың өзегіне айналған. Осы буынның арқасында Өзбекстан бұрынғыдай тек эмоциямен ойнайтын команда емес, нақты жүйесі қалыптасқан құрамаға айналды.
Тимур Кападзе: «Біз жаңа тарих жаздық»
Өзбекстан құрамасының тарихи жетістігіне үлес қосқан мамандардың бірі, бүгінде Navbahor Namangan клубын жаттықтыратын Тимур Кападзе бұл табыстың артында ұзақ жылдық еңбек жатқанын айтады.
Бұл өте эмоционалды сәт болды. Бірақ ол қуаныштан айқайлайтын эмоция емес еді. Керісінше, ішкі мақтаныш сезімі болды. Сол кезде атқарылған барлық еңбек бекер болмағанын түсіндік. Біз өзбек футболының жаңа тарихын жазғанымызды сездік, – дейді маман.
Кападзенің айтуынша, қазіргі Өзбекстан құрамасының басты артықшылығы – команда ішіндегі түсіністік пен ортақ мақсаттың қалыптасуы.
Құрамада ең маңыздысы – тек бір тілде сөйлесу емес, менталды түрде бір-бірін түсіну. Ойыншылар қандай мақсат үшін жүргенін нақты сезінуі керек. Біз дәл осы атмосфераны қалыптастыруға тырыстық, – дейді ол.
Өзбекстан қазір әлем чемпионатына қалай дайындалып жатыр?
Қазір Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына қызу дайындықты бастап кеткен. Команда тарихи мундиаль алдында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, құрамдағы бәсекені күшейтіп жатыр. Бапкерлер штабы кеңейтілген тізімге бірнеше жас футболшыны қосып, негізгі құрамды қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Дайындық аясында өзбек футболшылары бірқатар жолдастық кездесулер өткізіп, ойын жүйесін пысықтап жатыр. Соңғы матчтарда команда сенімді ойын көрсетіп, жанкүйерлердің үмітін одан әрі арттырды.
Ал ел ішіндегі атмосфера мүлде ерекше. Ташкентте құраманы әлем чемпионатына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылып, мыңдаған жанкүйер футболшыларға қолдау білдірді. Қазір Өзбекстанда мундиаль тақырыбы күн сайын талқыланатын басты жаңалықтардың біріне айналған. Көпшілік бұл чемпионатты жай турнир емес, ел футболының жаңа дәуірі ретінде қабылдап отыр.
Қазақ пен қырғыз жанкүйерлері де қолдап жатыр
Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына шығуы тек өзбек жанкүйерлерінің ғана қуанышына айналған жоқ. Әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Қырғызстан жанкүйерлері де көрші ел құрамасына қолдау білдіріп жатыр. Инстаграм мен ТикТок желілеріндегі пікірлерде қазақ жанкүйерлері «Алға, Өзбекстан! Қазақстан сендермен бірге», «Өзбек бауырларға сәттілік», «Бұл – бүкіл Орталық Азияның жеңісі» деген жазбалар қалдырған.
Ал қырғыз жанкүйерлері де өзбек құрамасына тілек білдіріп, «Қырғызстаннан қолдау», «Жеңіспен оралыңдар» деген секілді пікірлер жазуда. Соңғы жылдары Орталық Азия футболындағы бәсекелестік күшейгенімен, бұл жолы жанкүйерлер арасында бауырластық атмосферасы ерекше байқалды. Көпшілік Өзбекстанның жетістігін бүкіл аймақ футболының ортақ жеңісі ретінде қабылдап отыр.
Қазақстан мен Өзбекстанды салыстыру дұрыс па?
Өзбекстанның жетістігінен кейін Қазақстан футболында тағы бір ескі пікірталас қайта жанданды: «Азияда қалғанда әлем чемпионатына шығар ма едік?» деген сұрақ жиі қойыла бастады. Бірақ Тимур Кападзе мұндай салыстыруларға асықпау керек дейді.
Азия мен Еуропа – екі түрлі орта. Азияда нәтиже көрсету жолы қысқалау болуы мүмкін, бірақ бұл оңай деген сөз емес. Еуропада бәсекелестік әлдеқайда жоғары. Сондықтан Қазақстанның Еуропаға ауысуын қателік деп айту дұрыс емес, – дейді бапкер.
Шын мәнінде, Қазақстан Еуропаға кеткен кезде ұзақмерзімді даму жолын таңдады. Ал Өзбекстан Азияда қалып, аймақтық мүмкіндікті тиімді пайдаланды. Сондықтан бүгінгі нәтиже тек географияның емес, дұрыс стратегияның да жемісі.
Орталық Азия футболы үшін тарихи мүмкіндік
2026 жылғы әлем чемпионаты жай ғана футбол турнирі емес, әлем футболының жаңа кезеңі ретінде есте қалғалы тұр. Бұрын әлем чемпионатына шығу көптеген елдер үшін орындалмайтын арман секілді көрінетін. Ал жаңа формат бұл мүмкіндікті кеңейтті. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланған командалардың ішінде дәл қазір ең көп назар аудартып отырған құрамалардың бірі – Өзбекстан. Өзбек ағайындарына сәттілік тілейміз!