«Мұғалімдерді бітпейтін есептен босату керек»: Президент қағазбастылықты жоюды тапсырды

«Мұғалімдерді бітпейтін есептен босату керек»: Президент қағазбастылықты жоюды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Қазақстандағы білім беру жүйесінің қазіргі ахуалына тоқталып, саладағы бірқатар мәселені көтерді. Президент мұғалім тапшылығы, өңірлер арасындағы білім сапасының алшақтығы, оқулықтардың мазмұны, педагогтерге түсетін артық жүктеме және жасанды интеллектіні мектептерге енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісінің ел дамуындағы орнына тоқталып, мұғалімнің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Кейінгі бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылып, білім ошақтарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жасақталған.

Елге 5 мыңнан астам мұғалім қажет

Президент білім саласындағы негізгі түйткілдердің бірі ретінде педагог тапшылығын атады. Биыл 12 мыңнан астам мектеп түлегі педагогикалық мамандық бойынша мемлекеттік грант иеленген. Олардың 2 мыңнан астамы – «Алтын белгі» иегерлері. Алайда бұл кадр тапшылығын толық шешуге жеткіліксіз.

Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігі бұл мәселені шешудің жаңа тәсілдерін ұсынуы қажет екенін айтты. Сонымен бірге Президент білім саласында жиі реформа жүргізудің салдарына тоқталды. Оның пікірінше, өзгеріс енгізер алдында оның тиімділігі жан-жақты саралануы керек.

Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласындағы өзгерістер мұғалімдерге қосымша салмақ түсірмеуге тиіс екенін де ескертті.

Реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Фото: Akorda.kz
Фото: Akorda.kz

Мұғалімдердің аттестациясы қайта қаралады

Президентке педагогтерден аттестация ережесіне қатысты көптеген өтініш түскен. Мұғалімдер артық жүктеме мен қағазбастылықтың көптігіне шағымданған. Осыған байланысты Мемлекет басшысы педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде тапсырма берген.

Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім көрсеткіші төмен өңірлерді атады

Президент өңірлер арасындағы білім сапасының айырмашылығына да тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Ал бірқатар өңірдегі нәтижеге сын айтты.

Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент әсіресе Түркістан облысындағы жағдайға назар аударды. Оның айтуынша, PISA зерттеуі де өңірдегі білім сапасының төмен екенін көрсеткен. Облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартуды тапсырды. Төмен нәтиже көрсеткен басқа өңірлердің әкімдері де бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек.

Оқу бағдарламасының мазмұны өзгереді

Президент орта білім мазмұнын заман талабына сай жаңғырту қажет екенін айтты.

Тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұл бағытта «Келешек мектептеріне» де арнайы міндет жүктелмек. Президенттің айтуынша, алдағы үш жылда бұл мектептер білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс.

Фото: Akorda.kz
Фото: Akorda.kz

Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған

Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарының сапасын да сынға алды.

Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи деректер мен ойдан шығарылған оқиғалар енген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін айтты.

Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы, – деді Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллект мектептерге енгізіледі

Конференцияда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу.

Президент биыл мамырда осы бағытта арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды. Алайда оның айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмаған.

Бұл – үлкен кемшілік. Себебі неде? Қалай болғанда да технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін шараларды шұғыл қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысының айтуынша, әсіресе ауыл жастары цифрлық құрылғыларды табыс табудың құралы ретінде пайдалануды үйренуі керек.

Жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Үкіметке жоғары білім саласындағы тәжірибеге ұқсас, жасанды интеллектіні қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық стандартын орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне енгізу тапсырылды.

18 жастағы балалардың мектепте оқуы қайта қаралуы мүмкін

Президент мектептегі оқу мерзіміне қатысты да мәселе көтерді.

18 жасқа толған жасөспірімдердің мектеп партасында отырғаны қаншалықты дұрыс деген орынды сауал туады, – деді Мемлекет басшысы.

Ол мұндай жағдай Назарбаев зияткерлік мектептері мен жекеменшік білім ошақтарында кездесетінін айтып, қазіргі балалардың физиологиялық тұрғыдан тез жетілетінін ескеруді ұсынды.

Министрлік осы мәселені қарастырып, қажет болса тиісті шешім жолдарын ұсынады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сонымен бірге Президент қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылатынын хабарлады. Бұған қоса, Үкіметке Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтау ұсынылды.

Фото: Akorda.kz
Фото: Akorda.kz

Мұғалімдерді қағазбастылықтан босату керек

Мемлекет басшысы педагогтердің негізгі жұмысына қатысы жоқ міндеттерге тартылуын тағы да сынға алды.

Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек, – деді Президент.

Ол мұғалімдерді мектептегі жөндеу жұмыстарына немесе оқу үдерісіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға болмайтынын да айтты.

Мектептерде жаңа құқықтық курстар енгізіледі

Президент жастардың құқықтық сауатын арттыру қажеттігін де көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылады. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізілмек.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тек білім беретін орын емес, баланың тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын орта болуы керектігін айтты.

Мектептер сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиенің ошағы болуы керек. Балалар мектепке зор ынтамен баруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің соңында сапалы білім мен ғылымды ел дамуының негізгі шарттарының бірі ретінде атады.

Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз