140-қа жуық медаль. Әлем чемпионатының алтыны. Қазақстан рекорды. Бұл – өрт-құтқару спортының шебері Айдана Байтикованың бірнеше жылдың ішінде жеткен жетістіктерінің бір бөлігі ғана. Жақында Қазақстан Республикасы ТЖМ Кубогында тағы да жеңіс тұғырынан көрінген спортшы El.kz тілшісіне үлкен спорттағы жолы, декреттен кейінгі қайта оралуы, жарақатпен жарысқан сәті және Бакуде өтетін әлем чемпионатына дайындығы туралы айтып берді.
– Айдана, жақында Қостанайда өткен Қазақстан Республикасы ТЖМ Кубогында қоссайыс бойынша жеңімпаз атандыңыз. Бұл жарыс сіз үшін несімен ерекше болды? Көрсеткен нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?
– Рақмет! Бұл – өрт-құтқару спорты бойынша еліміздегі ең маңызды жарыстардың бірі. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік спортшылар қатысады. Сондықтан мұндай додада жеңіске жетудің жауапкершілігі де, маңызы да ерекше.
Бұл медальдің орны мен үшін бөлек. Себебі әр жарыстың артында қаншама дайындық, уайым, ізденіс тұрады. Сол еңбектің нәтижесін көргенде ғана бәріне лайық болғаныңды сезінесің.
Әрине, көрсеткен нәтижеме көңілім толады. Дегенмен спортта әр жеңіс жаңа мақсатқа жетелейді. Сондықтан алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтиже көрсетіп, өз көрсеткішімді жақсартуға күш саламын.
– Жақында әлеуметтік желіде мойныңызға жүздеген медаль тағып түскен видеоңыз кеңінен тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Өзіңіз мұндай реакцияны күттіңіз бе? Жалпы бүгінге дейін қанша медаль жеңіп алдыңыз?
– Шынымды айтсам, видеомның осыншалықты кең таралатынын күтпедім. Мен спортқа көпшілік ойлайтындай бала кезімнен келген жоқпын. Жеңіл атлетикамен 17 жасымда айналыса бастадым. Ал өрт-құтқару спортына 2019 жылы келдім. Біраз уақыт осы екі спортты қатар алып жүрдім.
Бұл спортқа кеш келсем де, аз уақыттың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткіздім деп ойлаймын. Өрт-құтқару спортымен айналыса бастағаннан бері бірде-бір жарыстан жүлдесіз қайтқан емеспін. Бір жарыстың өзінде бірнеше дисциплина бойынша бақ сынайтындықтан, үш-төрт медальмен оралатын кездерім жиі болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір қоржынымда шамамен 140 медаль бар. Ал олардың ішінде мен үшін ең қымбаты – әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медаль. Себебі кез келген спортшының арманы – әлем чемпионы атану.
– Көпшілік сізді «Өрмекші қыз» деген лақап атпен де таниды. Бұл атаудың шығуына Түркияда өткен әлем чемпионатындағы видео себеп болды. Сол сәтті қалай еске аласыз?
– Иә, бұл күтпеген жағдай болды. Әлем чемпионаты кезінде телефонды танысыма беріп, өнер көрсеткенімді видеоға түсіріп алуын өтінген едім. Кейін оны әлеуметтік желідегі парақшама жарияладым. Арада көп уақыт өтпей-ақ құттықтаулар келе бастады. Сөйтсем, видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетіпті.
Бірі мені «Мысық қыз» десе, енді бірі «Өрмекші қыз» деп атап жатты. Ертеңіне көшеде адамдар танып, бірге суретке түсуді сұрай бастады. Шынымды айтсам, мұндай қызығушылықты мүлде күтпедім.
Ал спорттық тұрғыдан алғанда, ол жарыс мен үшін ерекше болды. 2022 жылы Самарқандта өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алдым. Ал бір жылдан кейін Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, шабуыл сатысымен көтерілу кезеңінде Қазақстан рекордын жаңарттым. Сол жарыстағы көрсеткішім мен әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің есінде қалды.
– Сіздің спорт жолыңызға қарасақ, тек жеңістер ғана емес, қиын кезеңдер де аз болмаған сияқты. Соның бірі – декреттік демалыстан кейін үлкен спортқа қайта оралу. Сол кезең сіз үшін қаншалықты ауыр болды?
– Иә, бұл мен үшін ең қиын кезеңдердің бірі болды. Өткен маусымда декреттік демалыстан енді ғана шыққан едім. Босанғаныма небәрі қырық күн болғанда жаттығуды қайта бастадым. Негізі оған әлі ертерек еді. Бірақ спортты қатты сағындым, тезірек бабыма оралғым келді.
Арада екі ай өткен соң Қазақстан чемпионатына қатыстым. Әрине, өзім күткендей нәтиже көрсете алмадым. Соған қарамастан бұл жарыс маған қайтадан өзіме сенуге мүмкіндік берді. Мен ешқашан бір жарыстың нәтижесіне қарап тоқтап қалмаймын. Әр жарыстан кейін қателіктерімді саралап, келесі додаға тыңғылықты дайындалуға тырысамын.
– Биылғы Қазақстан кубогында да жарыс сіз үшін оңай басталмаған секілді...
– Иә, жарыстың басында-ақ жарақат алып қалдым. Сол сәтте жарысты жалғастыра алмайтын шығармын деген ой келді. Аяғым қатты ауырды. Бірақ өзімді тез қолға алып, бар назарымды жарысқа аудардым. Ауырсынуға қарамастан жарысты соңына дейін жалғастырып, жақсы нәтиже көрсете алдым.
Меніңше, дәл осындай сәттерде спортшының шын мінезі көрінеді. Кейде жеңіске физикалық дайындықтан бұрын, ішкі жігер жетелейді.
– Өрт-құтқару спортында секундтың жүзден бір бөлігі де нәтижеге әсер етеді. Мұндай жарыстарда психологиялық дайындықтың рөлі қаншалықты маңызды?
– Біздің спортта физикалық дайындық пен психологиялық дайындық қатар жүруі керек. Кез келген спортшы жарыс алдында қобалжиды. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ сол толқуды жеңе білу үлкен тәжірибені талап етеді.
Мен бұл жағынан жаттықтырушыларыма ризамын. Олар мені тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық жағынан да жақсы дайындайды. Кейде өте мықты спортшылардың өзі толқудың салдарынан өз мүмкіндігін толық көрсете алмай жатады. Сондықтан жарыс кезінде ең алдымен өз ойыңды, өз эмоцияңды басқара білу маңызды.
– Алда Бакуде өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Қазір дайындық қалай жүріп жатыр?
– Әлем чемпионаты – біз үшін жылдағы ең маңызды жарыс. Сондықтан қазір барлық дайындық сол додаға бағытталған. Физикалық дайындықпен қатар техникалық шеберлікті де жетілдіріп жатырмыз. Себебі халықаралық деңгейде кішкентай қателіктің өзі нәтижеге әсер етеді.
Әр жарысқа шығарда бір ғана мақсат қоямын – Қазақстанның намысын абыроймен қорғау. Елдің туын халықаралық аренада биікке көтеру – әр спортшының арманы. Мен де сол сенімді ақтауға бар күшімді саламын.
– Әлем чемпионатында негізгі бәсекелестеріңіз қай елдердің спортшылары болады деп ойлайсыз?
– Халықаралық аренадағы бәсекелестік өте жоғары. Әсіресе Өзбекстан, Беларусь және Ресей құрамаларының спортшылары мықты. Әрине, олардың нәтижелерін бақылап отырамыз. Бірақ жарыс кезінде ең бастысы – қарсыласыңа емес, өз дайындығыңа сену.
Қазақстан құрамасының деңгейі де жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан біз кез келген қарсыласпен тең дәрежеде бақ сынаса аламыз деп сенемін.
– Сіз спортшы ғана емес, Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде қызмет етесіз. Осы саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Бұл салаға келу – бала күнгі арманым еді. 2019 жылдан бері Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде қызмет етіп келемін. Қазір Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Қостанай қалалық төтенше жағдайлар басқармасында инженер қызметін атқарамын. Азаматтық қорғау капитанымын.
Мен үшін бұл – жай ғана жұмыс емес. Адамдардың қауіпсіздігі үшін қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан өз кәсібімді мақтан тұтамын.
– Қызмет барысында спортта қалыптасқан дағдыларыңыздың көмегі тиетін кездер бола ма?
– Әрине. Өрт-құтқару спорты тек жарыс үшін ғана емес, күнделікті қызметте де көп көмегін тигізеді. Бұл спорт адамды физикалық тұрғыдан шынықтырып қана қоймай, кез келген жағдайда тез шешім қабылдауға, сабыр сақтауға және стреске төзімді болуға үйретеді.
Қызмет барысында шапшаңдық, төзімділік, тәртіп пен жауапкершілік өте маңызды. Осындай қасиеттердің бәрі спорттың арқасында қалыптасты деп ойлаймын.
– Спорт, жұмыс, отбасы... Осы үшеуін қатар алып жүру оңай емес шығар. Бұған қалай үлгересіз?
– Әрине, бәріне бірдей уақыт табу оңайға соқпайды. Оның бәрін қатар алып жүру үшін ең алдымен мінез керек. Кейде өзіме қарап, «бәріне қалай үлгеріп жүрмін?» деп таңғалатын кездерім болады.
Жұмыс, жаттығу, жарыс, отбасы – әрқайсысы үлкен жауапкершілік. Соған қарамастан ешқашан артқа шегінгім келмейді. Қандай қиындық кездессе де, алға ұмтыламын. Өзімді жоғалтып алмауға, әр салада өз орнымды сақтауға тырысамын.
– Жақында өткен жарыстың өзінде жарақат алғаныңызды айтып қалдыңыз. Осындай қауіп-қатерге қарамастан, жақындарыңыз спортпен айналысуыңызға қалай қарайды?
– Жұбайым маған әрдайым қолдау көрсетеді. Оның өзі де осы салада қызмет ететіндіктен, спорттың да, қызметтің де жауапкершілігін жақсы түсінеді. Сондықтан менің әр жарысымды, әр жаттығуымды түсіністікпен қабылдайды. Әке-шешем де үнемі жанымнан табылады.
Әрине, бәрі бірдей қолдады деп айта алмаймын. Бастапқыда спортпен айналысуыма қарсы болғандар да кездесті. Бірақ мен ешқашан арманымнан бас тартқым келмеді. Қандай қиындық болса да, өз жолымды таңдадым. Бүгінгі жетістіктерім – сол шешімімнің дұрыс болғанының дәлелі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап, жаңа жеңістерге жете беруіңізге тілектеспіз!
– Көп рақмет! Маған қолдау білдіріп жүрген барша жанкүйерлерге алғысымды айтқым келеді. Әрбір жарысқа шыққанда Қазақстанның намысын лайықты қорғауға тырысамын. Алдағы әлем чемпионатында да жанкүйерлердің сенімін ақтап, еліміздің көк туын биікте желбірету үшін бар күшімді саламын.