Жаңалықтар

Әмір Темірдің тарихтағы орны!

Тарихта жарты әлемді жаулаған қолбасшылар саусақпен санарлық қана.
30.06.2014 08:07 12936

Тарихта жарты әлемді жаулаған қолбасшылар саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – бүкіл түркі жұртына ортақ, өмірінің біраз бөлігін қазақ даласында өткізген Әмір Темір. Бас аяғы жасаған (1336-1405 жж.) 69 жас ғұмырында сан ғасырларға жүк болып, сан ғасырларға аңыз, тарих, шежіре болып артылатындай жорықтар мен елеулі еңбектер жасап кетті.

Әмір Темірдің тарихтағы орны!

Барлас тайпасынан шыққан түрікмен шонжары Тарагайдың шаңырағында дүниеге келген тегеурінді Темірдің тағдыр жолы тек қана талас-тартыспен өтті. Өзінің діттеген мақсатына жету үшін барлық айла-амалдан тартынбады. 1370 жылы-ақ Мауереннахрдың билеушісі атанған ол ендігі ниетін Алтын Орда мен Ақ Ордаға салды. Осы ниетпен қос мемлекетке бірнеше басқыншылық жорықтар жасады. Тіпті мақсатына жету үшін Манғыстау билеушісі Түй-Қожа оғланның баласы Тоқтамысты пайдаланды. Бұл оның Алтын Ордаға есік ашар кілті, қолшоқпары болды. Әмір Темірдің дем беріп, әскери қолдаушылығымен Орыс хан әскерімен арада үш рет болған қақтығыстардың нәтижесінде Орыс хан Сарайды тастап, Ақ Ордаға қайтуына мәжбүр болды. Әмір Темірмен соғыс жорығында 1376 жылы Орыс хан қайтыс болады. Әмір Темірдің тағайындауымен Тоқтамыс Сауран қаласының билеушісі де болады. Тоқтамыстың әрбір жорығы тек жеңіспен аяқталған жоқ, жеңілістер де болды. Бірақ Әмір Темір құлаған орнынан қайта тұрғызып жаңа жорықтарға аттандырып отырды. Соның арқасында Тоқтамыс Сығанақты, Сарай, Қажы Тархан, Астрахань, Қырым мен Мамай Ордаларын өзіне бағындырады. Енді Тоқтамыс құлқыны кеңейіп бір кездері жәрдемші болған Темірдің билігіне бағынбай, жеке дара билікке ұмтылады. Тіпті Әмір Темірдің иеліктеріне көзі түсіп, жаулап алу ниетімен шабуылдар да жасайды. Жауға бірлескен қос билеуші енді өз араларында соғыс отын тұтатып, талас-тартыс көрігі қыза түседі. Билік үшін өлуге бар екеудің арасында көптеген жорықтар өтеді. 1391 жылы Құндыз түбінде, 1395 жылы Терек өзені бойында т.б. шайқастар өтіп үнемі Тоқтамыстың жеңілісімен аяқталып отырады.

XIV ғасырдың 90 жылдары Әмір Темір өзінің шекарасын Каспий жағалауы, Ауғанстан, Ирак, Кавказ, үнді жерлерін жаулап алу арқылы кеңейте түседі. Тіпті ол өз империясын құрады. Қазақстан тарихында Шыңғыс хан секілді Темір империясы деген атаулар жиі кездесіп жатады. Көзін ашқалы талас пен тартыстың, жорықтың, шайқастың ортасында өскен Темірдің соңғы демі де жорық жолында бітеді. Ол Қытайға жасауға ниеттен кезекті жорығы үстінде 1405 жылы Отырар қаласында қайтыс болады.

Әмір Темірдің басқыншылық әрекеттерін бірі мақтаса, құптаса, бірі даттап, құптамай жатады. Оның өзге басқыншылардан ең негізгі айырмашылығы – ол басып алған жерлерін қиратпаған, қайта жүрген жерінде ғимараттар салдырып жүрген. Қазіргі киелі Арыстан баб та, Әзірет Сұлтан ғимараты Әмір Темірдің еңбегінің арқасында тұрғызылғанын ұмытпағанымыз жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға