«Міндетті түрде көру керек»: The Telegraph Бозжыра шатқалын ерекше шөлдер тізіміне енгізді
Британияның беделді The Telegraph басылымы редакция таңдауы бойынша өмірінде кем дегенде бір рет көруге тұрарлық әлемдегі ең әсерлі 10 шөлді атады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Газетте бұл аймақтардың барлығы саяхатшыға тыныштық пен өз-өзіңмен оңаша қалу әсерін сыйлайтыны әрі қатал минимализмге тән сұлулықпен баурайтыны көрсетілген. Алайда тізімге енген шөлдердің қай-қайсысының табиғи болмысы мен мінезі бір-біріне ұқсайды.
Оқи отырыңыз:
- Франциялық саяхатшылар Бозжыраның сұлулығына тәнті болды
- Эстониялық спортшы Бозжырада аспалы арқан үстімен жүрді
- Құранды білетін қазақ жастарының Қара сөздерді оқымағанын естіп таңғалдым – чехиялық ІТ маманы
Материал авторы, саяхатшы-жазушы Сара Маршалл соңғы 25 жыл ішінде Солтүстік Еуропа, Африка және Оңтүстік Америка елдері арасында көшіп-қонып жүріп, дүниежүзінің ең алыс әрі тылсым өңірлерін аралаған. Оның пікірінше, тізімге енген бұл он шөл Жер шарындағы ең айрықша ландшафттардың қатарына жатады.
Рейтингте Қазақстан тоғызыншы орынға жайғасты. Автор Маңғыстау өңіріндегі Үстірт жотасында орналасқан Бозжыра шатқалына ерекше тоқталады. Оның жазуынша, мұндағы алып жартастар, аппақ борлы мұнаралар мен әктасты иірімдер ежелгі мұхит түбін көз алдыңа елестетеді. Шынында да, Бозжыра – бір кездері Тетис мұхитының табаны болған аумақта қалыптасқан табиғи ескерткіш.
Каспий маңындағы бұл көркем әрі жабайы аймаққа Ақтаудан жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болады. Бірақ алдағы жылдары туризмді дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылады, соның ішінде жаңа теміржол бекеттері, әуежай және курорттар салу жоспарланған. Соған қарамастан саяхатшыларға уақыт жоғалтпай, бұл сұлулықты дәл қазір барып көріп, табиғаттың тұмса күйін өзге туристерден бұрын тамашалаңыздар дегім келеді, – деп жазады ол.
Оның пайымынша, өңірдің геологиялық байлығы осы жерде өндірілетін пайдалы қазбалардан әлдеқайда құнды.
Кен орындары мен газ өңдеу зауыттарының артында ерекше таулар, алып тастардан құралған аңғарлар және жер астындағы мешіттер жасырынып тұрғандай, – деп қосты саяхатшы.
Бозжыраға қай кезде барған дұрыс?
Бозжыра – Маңғыстау облысындағы Үстірт платосының батыс бөлігінде орналасқан бірегей табиғи кешен. Ақ борлы каньондар мен 200 метрден асатын «Азу тіс» аталған қос шың, кең үстірттер мен жыралар ғарышта жүргендей әсер береді. Шатқал Маңғышлақ түбегіндегі ірі каньонның табанында орналасқан, ал осы аттас таудың биіктігі 287 метрге жетеді.
Бозжыра аумағы – табиғи парк. Мұнда бару үшін арнайы рұқсат қажет. Жалпы аумағы 3000 шаршы шақырымнан асады, ал ең танымал шолу нүктелері шамамен 40 шаршы шақырым жерде шоғырланған. Негізгі көрікті орындарды тез аралап шығуға 2-3 сағат жеткілікті, алайда бір нүктедан екінші нүктеге жеткенге дейінгі жолды есепке алу қажет.
Шатқал Ақтаудан шығысқа қарай шамамен 270 шақырым жерде орналасқан. Жолдың басым бөлігі сапалы асфальтпен төселгенімен, қалған бөлігі топырақ жолмен жалғасады. Сонымен қатар үш негізгі панорамалық нүкте арасында тағы 60 шақырымдай ойлы-қырлы дала жолымен жүруге тура келеді, оның ішінде едәуір тік еңіс бар. Сондықтан сапар үшін сенімді жол талғамайтын көлік пен тәжірибелі жүргізуші немесе жергілікті гид қажет.
Маңғыстау өңірінің климаты шұғыл континенттік, температура айырмасы жоғары. Сол себепті сапар уақытын дұрыс таңдау маңызды. Бозжыраға барудың ең қолайлы кезеңі – сәуір-мамыр және қыркүйек-қазан айлары. Бұл уақытта ауа райы саяхат пен фототүсірілімге барынша ыңғайлы.
Рейтингтегі көшбасшы
Рейтингтің алғашқы үштігіне келсек, бірінші орынға Африкадағы әлемдегі ең ірі шөл – Сахара орналастырылған. Аумағы Қытаймен шамалас бұл өңірде ауа температурасы +50 градустан нөл градусқа дейін құбылады. Екінші орын Оңтүстік Америкадағы Атакама шөліне (Чили, Перу, Боливия және Аргентина аумағы) берілген. Үшінші орында – Африканың оңтүстік-батысындағы Намиб шөлі.
Сара Маршалл тізіміне сондай-ақ Антарктиданы, Иорданиядағы Вади-Дам алқабын, Ботсванадағы Калахари шөлін, Моңғолиядағы Гобиді, АҚШ-тағы Колорадо платосын және Арабия түбегіндегі Руб-әл-Хали шөлін енгізген.
Осылайша, халықаралық басылым назарына іліккен Бозжыра Қазақстанның табиғи мұрасының жаһандық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Тылсым тыныштық пен айрықша ландшафт іздеген саяхатшылар үшін бұл мекен – нағыз ашылмаған ғажайып.
Бұған дейін Димаш өзінің халықаралық шоуын Каспий мен Бозжырада түсіріп жатқаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Танымал DJ Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында жаңа бейнежазба түсірді.

