Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйледі.
Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төлқұжаты – Конституциямызды қабылдадық. Мұны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер еткен тарихи шешім болды десек, артық болмас. Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлігімізді күшейту мемлекетіміздің негізгі қағидаттары болып бекітілді. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәні бар стратегиялық міндет деп танылды. Біз ұлт Конституциясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық. «Заң мен Тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным, – деп атап өтті Президент.
Оның айтуынша, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық.
Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз. Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды. Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың. Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны. Бұл – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет. Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады. Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны іс жүзінде ұстануға тиіс, сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы ниетпен қабылдағаны жөн, – деді ол.