Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығу жиынын тамашалады

Мемлекет басшысы «Батыл тойтарыс-2023» оқу-жаттығу жиынын тамашалады
Фото: Akorda.kz 05.09.2023 14:51 917

Мемлекет басшысы «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынын бақылау мұнарасынан тамашалады.

Әскери әдіс-тәсілдер көрсетер алдында Мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев қорғаныс операциясы кезіндегі Арнаулы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әрекеті жөнінде баяндады.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауымен, сондай-ақ Құрлық әскерлері және Арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесе отырып, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу үшін тактикалық іс-қимыл жүргізді.

Ал Арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.

Қарулы Күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.

Атап айтқанда, Әскери-теңіз күштері авиацияның және Арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға