Жаңалықтар

Мектеп формасының жалпыға бірдей талаптары қандай?

Мектеп басшылығының мектепте оқушы киімдерін сатуға құқығы жоқ
26.08.2016 07:30 8131

Соңғы уақытта жұртшылық тарапынан мектеп формасына қойылатын негізгі талаптарды білуге сұраныс жиі түседі. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі бекіткен жалпыға бірдей мектеп формасының негізгі талаптарын назарларыңызға ұсынамыз.

Мектеп формасының жалпыға бірдей талаптары қандай?

Республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделген бе?

Жоқ. Республика бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізу көзделмеген. Тек жалпыға бірдей мектеп формасының талаптары бекітілген. Бұл мәселеге қызығушылық танытқан азаматтар міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар белгіленген құжатпен («Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығы) «Әділет» нормативті құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінің беттерінде таныса алады. Мектеп формасын енгізу жөніндегі шешімдерді қабылдау барысында мектеп басшылығы мен ата-аналар осы талаптарды қатаң басшылыққа алу керек. Аталған талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталып отыр.

Мектеп формасын кімдер, қалай бекітеді?

Мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар (қоғамдық немесе қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті) құзырында. Мектеп формасын енгізу мерзімін білім беру ұйымдары дербес белгілейді. Мысалға, мектеп формасын жаңа оқу жылынан енгізуді жоспарлайтын болса, онда бұл шешім оқу жылының 25 мамырына дейін жалпы мектептік жиналыста бекітілуі тиіс.

Мектеп формасының матасының түсі, үлгісі қыздар үшін, ұлдар үшін қандай болу керек?

Мектеп формасын енгізу барысында мата түсін мектеп педагогтары мен ата-аналар (қоғамдық немесе қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті) келісіп белгілейді.

Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, «водолазка»). Ұлдарға арналған шалбарлар кең тігілген болу керек, әрі балағы тобықты жауып тұруы тиіс.

Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, «водолазка»). Қыздарға арналған шалбарлар да еркін тігілген және балағы тобықты жауып тұруы тиіс.

Ұлдардың мерекелік формасы күнделікті формаға қосымша ақ жейдеден, қыздар үшін ақ түсті блузкадан құралады.

Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (спорттық шалбар, куртка, футболка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады. Мектеп формасының түсіне сәйкес классикалық пішіндегі галстук тігіледі. Сондай-ақ мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды.

Мектеп формасына қандай маталар қолданылады?

Мектеп формасының матасы ретінде қасиеттері жақсартылған жартылай жүн және мақта, киіске төзімді, антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады.

Мектеп басшылығының форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы бар ма?

Мектеп басшылығының мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуды ұсына алады. Ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін таңдау шешімін өздері қабылдайды. Білім беру ұйымдары басшылығы мен мұғалімдерінің ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинауына жол берілмеуі тиіс.

Сонымен бірге мектеп кеңесі (ата-аналар комитеті) аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен «Мектепке жол" акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен тегін қамтамасыз етеді.   Осы талаптар бұзылған жағдайда аймақтағы білім беру ұйымдарында нормативтік құқықтық актілердің орындалуына мемлекеттік бақылау жүргізетін облыстық білім саласындағы бақылау департаментіне шағымдануға болады.


Ая ӨМІРТАЙ

Фото: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға