Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты әйелдердің зейнет жасын қалай төмендетуге болатындығын айтты

Мәжіліс депутаты әйелдердің зейнет жасын қалай төмендетуге болатындығын айтты
Фото: Аманжан Жамалов в Facebook 17.01.2023 20:01 1371

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Әйелдер үшін зейнет жасты төмендету жөніндегі ұсынысым үлкен резонанс туғызды. Оның мәні қарапайым – әйелдердің зейнеткерлік жасын әрбір туған баласы үшін екі жылға төмендету.
Бұл жөнінде әртүрлі сараптамалық пікірлер бар. Аманжан Жамалов  бұл мәселеге қатысты өзінің оң пікірде екенін мәлімдеді.  


"Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова басты проблема қанша жинақтардың жиналғанында деп мәлімдеген еді: «Егер жинақтаушы қорда қаражаты және жұмыс өтілі болмаса, онда зейнетақысы да өте аз болады».
Қазақстанда мынадай үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады:
1) бюджеттен төленетін базалық зейнетақы;
2) бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы;
3) БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы.

Әрбір қазақстандыққа базалық зейнетақыға кепілдік беріледі. 2023 жылға арналған базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 24 341 теңгені құрайды.
Бұған қосымша 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер ынтымақты зейнетақыны алады. Ынтымақты зейнетақының ең төмен мөлшері – 53 076 теңге. Соның нәтижесінде, 2023 жылы зейнетақының ең төмен мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды.

Жинақтаушы зейнетақыға келетін болсақ, бұл реформа сәтсіз болып шықты.
БЖЗҚ салымшыларының 61%-ында 1 млн. теңгеге дейінгі жинақтары бар. Қазақстандықтардың басым көбінде БЖЗҚ-да жеткілікті жинақтары жоқ әрі болмайды да, өйткені, олардың жалақысы мен кірісі төмен. Бұған қоса, олардың онсыз да аз жинақтары БЖЗҚ-да құнсызданады. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі ағымдағы инфляция 20% болған кезде 5,91%-ды құрады.
Енді БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калькуляторы бойынша шағын есеп-қисап жүргізіп көрейік.

Мәселен, ең төмен жалақы 70 000 теңге болса, 63 жастағы әйелдің зейнетақысы небәрі 77 мың теңгені құрайды. Оның ішінде жинақтаушы зейнетақы – небәрі 28 мың теңге, яғни 35%. Ал егер ол 57 жасында зейнетке шықса, онда оның зейнетақысы 67 мың теңгеге дейін азаяды, яғни 5 жылдағы еңбек айырмасы небәрі 10 мың теңгені ғана құрайды.

Әрине, бұл шартты есеп-қисап. Бірақ одан зейнетақы мөлшерінде, әсіресе, кірісі төмен әйелдер үшін едәуір айырмашылық (57 мен 63 жас арасында) болмайтынын көруге болады.

Бұл ретте, негізінен, 50 жастан 60 жасқа дейінгі әйелдердің тұрақты жұмысы жоқ екенін және ешқандай зейнетақы жарналарын жасамайтынын түсіну маңызды. Бүгінгі таңда олардың саны Еңбек министрлігінің деректері бойынша 325 мың әйелді құрайды. Олардың жинақтары жоқ әрі болатыны да екіталай. Олар тек қана мемлекетке – бюджеттен төленетін базалық және ынтымақты зейнетақыға үміт артады.

Қазақстандық әйелдерге, әсіресе, аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру қажет. Әрі олардың әрқайсысы мұндай құқықты пайдаланатынын немесе пайдаланбайтынын өздері шешеді. Көптеген әйелдер үшін зейнетке ерте шығу өз денсаулығы мен өмірінің жылдарын сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі болып табылады, деп жазды ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға