Жаңалықтар

Майқы би мен Шыңғыс хан

Аңыз бойынша, Майқы іштен бір аяғы кем туған да, ақсап жүретін адам болған.
19.08.2014 04:25 21755

Майқы би мен Шыңғыс хан

Аңыз бойынша, Майқы іштен бір аяғы кем туған да, ақсап жүретін адам болған.

Шыңғыс хан бір жолы садақ тартып, аң аулап жүріп, таудан құлап аяғы мертігеді. Жігіттер оны орман ішінен тауып алады да, қол арбаға мінгізіп үйге жеткізбек болады.сол жігіттердің арасында Шыңғыспен жасы түйедей құрдас Майқы да болса керек. «Екі ақсақ бір отырайық» деп ол да арбаға мінеді. Өзгелері екеуін сүйрелеп, Шыңғыстың үлкен шешесінің үйіне жақындайды. Есік алдына келгенде әлгі жігіттер: «Шыңғыстан кейін үйге кім кіреді?» деген сөз шығарады. Біреуі «жасым үлкен» десе, енді бірі «мен бимін, жол менікі» деп таласады. Бәрі Шыңғыстың аузына қарайды. Шыңғыс қасында отырған Майқыға бұрылады.

Сонда Майқы:

-                     Әдетте, арбаға жегілген өгіз есік алдында қалып, оны айдаған адам үйге кірмеуші ме еді? – депті.

Майқы осылай сөз табады, әлгі билер есік алдында қалады. Майқы Шыңғысты қолтықтап үйге енеді. Содан былай қарай Майқы жас болса да бас би болып, Шыңғыстың оң жағында отыратын болады.

Халық жүрегінде сақталған және жазба түрдегі шежіре деректеріне сүйенсек, Ұлы жүз құрамындағы Сіргелі, Жалайыр, Шақшам, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан және Дулат тайпаларының түп атасы Майқы би болып келеді. Шежіре деректерінде би Кейкіден туған Төбей деп көрсетіледі. Төбейдің төрт баласы – Майқы, Қоғам, Мекіре, Қойылдырдан жүзге тақау тайпалар мен рулар тарайды. Майқыдан – Бақтияр, Бақадыр өрбиді. Бақадыр ұрпағы Ауған мен Иран жерінде. Бақтияр батырдан – Үйсін, Ойсыл туды. Ойсыл ұрпағы – Сіргелі. Бұл жеке дара жіктейтін ірі тайпа. Ал, Үйсін ұрпағы Ұлы жүз халқының негізгі бөлігін құрайды.

Майқы дау-дамайды әділ шешкен, ел ісіне араласқан би ғана емес, қазақтың шешендік сөз өнерін бастаған жырау. «Майқы би айтыпты» деген мәйекті сөз, мақал-мәтел, нақылдар да мол сақталып қалған.

 

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

 

Дауыл болмай, жауын болмас,

Даулы болған қауым болмас.

 

Би екеу болса,

Дау төртеу болады.

 

Егіз ешкі сауын болмас,

Екі жалқау ауыл болмас.

 

Аспан ашық болса,

Күн шуақты болады.

Хан әділ болса,

Халық ынтымақты болады.

 

Майқы би айтулы шешен, ақылгөй бас би болып, ел-жұртына әділдігімен қадірі артып, 120 жасқа жетіп дүние салған дейді. Ол көзі тірісінде үш жүздің еншісін берді, таңбасын таратты. Ұлы жүзге ту ұстатты, Орта жүзге қауырсын қалам, Кіші жүзге найза берді. Осы бөлістен соң Майқы туралы «Хан біткеннің қазығы – бұқара жұрттың азығы» деген мәтел кең тарап кетті.

Ежелгі Қазақстан әфсаналары / Жанайдаров, Орынбай;

Алматы : Аруна, 2008

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға