2019 жыл ҚР Президентінің Жарлығымен Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы мақсатта «Татарлар мен башқұрттардың қазақстандық конгресі» медиаорталығының жетекшісі Мариям Галямованы сөзге тартқан болатынбыз.
- Өзіңіз туралы айтып беріңізші?
- Мен қара алтын қорының қомақтылығымен және Гиннес рекордтар кітабына енген түтін мұржасының биіктігімен әйгілі ГРЭС-2 зауыты орын тепкен Екібастұз деген шағын қалашықтанмын. М.Ломоносов атындағы университетте саясаттану мамандығын меңгердім, кейін Польшаның Вроцлав қаласында академиялық жинақылық бағдарламасы бойынша білім алдым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастап қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келемін. Мектепте «Әлеуметтік мәселелер министрі», кейін университетте жүрген кезімде өзім дәріс алған факультет студенттерінің ішінен «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі болдым. Қазір алты жылдан бері татар-башқұрт этномәдени орталығында жұмыс жасап келемін.
- Сіз татар орталығының белсенді мүшесісіз. Бұл қызметіңіз қалай басталып еді?
- Менің орталыққа келуім кездейсоқтық емес екеніне сенімдімін. Маған бір күні астанада мұндай ұлттық орталықтың болмауы мүмкін емес деген ой келді. Сондықтан, әлеуметтік желілердегі қауымдастықтарды ақтарып, ақыры іздегенімді таптым. Осылайша, 2013 жылы алғаш рет татар тілін оқыту орталығына келдім. Менің мұндағы қызметім осылай басталды. Татар халқының белсенділігі көңіліме қуаныш сыйлап қана қоймайды, мен шығармашылық ұжыммен бірге жұмыс жасаудан үлкен күш-қуат аламын. Мұны тек сезіне білу керек деп ойлаймын.
- Сіздің «Татарлар мен башқұрттардың қазақстандық Конгресіндегі» қызметіңіз бен міндетіңіз қандай?
- Конгресстің Медиаорталығының жетекшісі болып тағайындалғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Негізінен оның ресми сайтын өңірлік татар-башқұрт этномәдени орталықтарында өткізіліп жатқан ақпараттық материалдармен толтырумен айналысамын, әлеуметтік желілерде аккаунттар жүргіземін және Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысамын. Сондай-ақ, Қазақстандағы барлық татар-башқұрт орталықтарының барлығымен үнемі байланыс ұстап отырамын.
- Сіздің жақындарыңыз бұл белсенділігіңізді қалай қабылдайды?
- Олар жұмысым туралы біледі және мені татар ұлтының белсендісі ретінде қабылдайды. Одан басқа, менің достарым мен әріптестерім маған қолдау көрсетіп, мен қатысқан іс-шараларды тамашалауға келеді. Мен олардан мұншалықты қолдау тапқаныма шынымен қуанамын.
- Өзіңіздің ең басты жетістіктеріңіз туралы айтып беріңізші?
- 2014 жылы Қазан қаласында өткен татар тілі мен әдебиетінен ІІ Халықаралық олимпиfданың жеңімпазы болдым. Сондай-ақ, осы сол жылы Павлодар қаласында студенттер арасында өткен «Татар қызы» байқауында да жеңіп шықтым. 2016 жылы татар ақыны Габдулла Тоқайдың шығармашылығына арналған І татар диктантына қатысып, І дәрежелі диплом иегері болдым. 2014 және 2016 жылдары Нұр Сұлтан қаласында өткен татарлардың басты мерекелерінің бірі - Сабантойды жүргіздім.
- Сыртқы елдердегі татар мәдени орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс жасайсыздар ма?
- Бұл қызметке жақында ғана келгендіктен, әзірге тек Татарстанның «Татар-информ», «ТНВ» секілді ақпарат құралдарымен, бүкіләлемдік татарлар сайтымен ғана тығыз қарым-қатынас орнатып үлгердім. Енді алдағы уақытта басқа елдердегі татар-башқұрт орталықтарымен байланыс орнатып, жемісті жұмыс жасаймыз деп ойлаймын. Бұрын да еліміздің барлық аймақтарындағы татар жастарымен қоян-қолтық жұмыс жасаған болатынмын.
- «Татарча диктант» білім беру акциясына қатыстыңыз ба? Егер қатыссаңыз, оның сіз үшін қаншалықты қиындық тудырғанын айтып өтіңізші?
- Біздің астанамызда биыл мұндай акция үшінші рет ұйымдастырылды. Ал әлем бойынша жалпы саны 4 рет өткізілген болатын. Мен әр жылы диктант жазуға үзбей қатысып келемін. Тіпті «ТНВ» телеарнасына бұл туралы сұқбат та берген болатынмын. Өткен жылы ғана қиын болды. Себебі, диктант мәтінінде бүгінде ауызекі әңгімеде қолданылмайтын татардың ежелгі сөздері кездесті. Мен үшін татар тілінде диктант жазуға қатысу - сауатымды тексеру ғана емес, ол өзімнің туған елімнің дүниесіне қол тигізу, өзімді бұл ауқымды жобаның бір бөлігі ретінде сезіну.
- Татар тілін қалай дәріптер едіңіз?
- Технология ғасырында татар тілін дамытуға бағытталған жобаларды әлеуметік медиа алаңдары арқылы тарату керек. Бүгінгі таңда мұндай жобалар да аз емес. Мәселен, «Әйдә», «Мин татарча сөйләшәм» жобалары, YouTube арнасында тіл маманы Д.Петровтың жеке дәрістері, «Ана теле» татар тілін оқыту онлайн-мектебін айтуға болады. Алайда, біздің елімізде тұратын барлық татар жастарының бұған қызығушылығы жоқ. Олардың қызығушылығын арттыруға ата-ананың ықпалы көбірек болар еді. Баланың ана тілін білуі, оны құрметтеуі, сүюі отбасында берілген тәрбиеге байланысты. Екіншіден, жастың қалыптасуына қоршаған ортасы, достары мен ұжымы әсер етеді деп ойлаймын. Міне, осы екі фактор жастардың ары қарайғы татар тіліне қатысты пікірін, ойын, сүйіспеншілігін қалыптастырады.
- Татарлар мен башқұрттардың Конгресі келесі жылы қандай жоспарларды жүзеге асыруға білек сыбанып отыр?
– Шын мәнінде, Татарлар мен башқұрттардың Конгресі 2020 жылға меже етіп отырған жұмыс жоспары өте үлкен. Әрине, бірінші кезекте еліміздің әр аймағындағы татар, башқұрт жастарының белсенділігін арттыруға бағытталған. Бұл - Қазан қаласында жыл сайын өткізілетін татар тілі мен әдебиетінен халықаралық олимпиада, татар жастарының бүкіләлемдік форумы, республикалық Сабантой және аймақтық мерекелерді өткізу, өзге де ұлттармен бірге ел аумағында ұйымдастырылып жатқан шараларға қатысу. Сондай-ақ, татар тілін дамыту мен оқытуға жағдай жасау процесіне қатыссам деймін. Сонымен қатар, Конгресс шеңберінде шетелдік ірі татар қоғамдастықтарымен серіктестікті жолға қоюды және «ТНВ» телеарнасының осы жылы астанада ашылған тілшілік қосынымен бірлескен жобаларды дүниеге әкелгім келеді.
- Орталықта жастар көп пе?
– Бүгінгі таңда елордалық орталықта ұрпақтар ауысуы жүріп жатыр – отбасын құрған адамдар бала-шағаның қамымен қоғам жұмысына белсенді араласа алмайды. Сондықтан олардың орнына мектеп оқушылары мен студенттер келіп жатады. Бұлар этномәдени бірлестіктердің негізгі іргетасы.
— Қазіргі жастар қандай болуы керек?
– Бүгінгі жастар бір орында тұралап қалмай, өзін өзі дамытумен айналысуы керек деп ойлаймын. Олар өздерін жаңа қырынан көрсетуге қорықпай, креативті идеяларын жүзеге асыруға ұмтылуы керек. Біз өзіміз жасап алған қалыптың ішінде өмір сүруге үйренгенбіз. Адамның өмірін, айналасын өзгертуі, осы қалыптан шығуы үшін, санаға сілкініс керек. Жастар жауапкершілік пен міндетті де сезінетін уақыт келді, олар масылдықтан арылуы, өзгелердің табысына қызығумен, тамсанумен, қызғанумен өмір сүрмеуі керек. Егер бір нәрсенің басқаша болғанын қаласаң, оны бірінші болып өзің қолына ал, бастысы - ұмтылу, еңбексүйгіштік және өзіне сену!
- Жастарды не ойландырады?
– Көптеген жастар уақытын әлеуметтік желілерде өзге адамдардың өмірін парақтап өткізеді. Олардың кейбіреулері ата-анасының, қоғамның айтуымен өмір сүреді. «Қолымнан келмейді», «барлығы секілді өмір сүруім керек» деген сияқты қорқыныш пен ұстанымда болады. Бүгінгі өмір ырғағы жағдайды бақылаудан шығаруға мүмкіндік бермейді, тіпті сен ауылда туылған болсаң да, бәлкім ақшаң аз болса да, көптеген нәрсеге өз еңбегіңмен қол жеткізуге болады. Адамға тосқауыл бола алатын бір ғана нәрсе – денсаулығыңа байланысты физикалық шектеу ғана.
— 10 жылдан кейін өзіңізді қандай боламын деп ойлайсыз?
– Тұрмысқа шығып, балалы-шағалы боламын деп ойлаймын. Үш балам болғанын қалаймын. 10 жылдан кейін де татар-башқұрт ұлттық орталықтарында жұмыс жасай беремін. Күйеуіммен бірге бәлкім, отбасылық кәсіп ашатын шығармын, Бастысы, шығармашылықтан қол үзбеймін.
— Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бачатиден би үйірмесіне барамын, оқу курстарына қатысамын, кітап оқыған ұнайды, сондай-ақ, достарыммен жиі кездесемін.
— Сіздің сүйіп оқитын кітаптарыңыз?
– Ең сүйікті кітаптарым – С. Кингтің «11/22/63», А. Файзидің «Тукай», М. Булгаковтың «Мастер мен Маргарита», М. Лабковскийдің «Хочу и буду» кітаптары.
— Өмірлік ұстанымыңыз бар ма?
– Біздің өміріміздегі барлық жағдайға, ол жағымсыздық болсын, қуаныш болсын, қиын кездер болсын, тіпті адамдарға алғыспен қарауымыз керек. Себебі, Тәңірдің өзі оның барлығын біздің өмірімізді жақсарту үшін жібереді.
Нұргүл Қалиева
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға