Жаңалықтар

Мақсат Жақау: Шикізат қоры бар аймақтарда кластерлік идеяны жандандыру керек

Мақсат Жақау: Шикізат қоры бар аймақтарда кластерлік идеяны жандандыру керек
Фото: Жеке мұрағаттан 18.07.2023 14:04 1010

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының қолға алынғанына биыл күзде бес жыл толмақ. Сонау 2017 жылы үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Жобаның мақсаты – өңірлердің дамуына қарқынды серпін беру. Бұл жобаға бөлінген қаржы да өте қомақты – 7,5 триллион теңге. Ұлттық жоба бұған дейін үш мемлекеттік бағдарламада (өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту) көрсетілген бағыттарды біріктіріп отыр. Үкімет «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» жалпыұлттық жобасы азаматтар үшін өмір сүру жайлылығын арттырады» деп сендіреді.

Бұл жобаның іске асу барысы, мәселелері жайында аймақтанушы Мақсат Жақау el.kz тілшісіне сұхбат берді:

Еl.kz: «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аяқталуына екі жылдай уақыт қалды. Бұл жобаның жүзеге асыру барысына қандай баға берер едіңіз?

Мақсат Жақау: «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының қабылданғанына ұзақ уақыт болған жоқ. Екінші жылдың нәтижелері шығып жатыр. Бірақ мемлекеттік деңгейдегі «мықты аймақ – мықты мемлекет» деген ұғыммен сарындас. Өйткені, жобаның негізгі мақсаты – аймақтардың инфрақұрылымдарын дамыту, жаңалау, ауыз сумен қамту, тұрғын үймен қамту, жалпы адамның өмір сүруіне қолайлы ортаны қалыптастыру.  Мемлекет үшін мұндай ұлттық бағдарламалардың қолға алынуы – құптарлық дүние. Әрине, қолдаймыз.

Жүзеге асыруға келсек, 2021 жылы үкімет ұсынған кезде бұл мақсатқа 7,5 триллион қаржы бөлу жоспарланған болатын. Бұл жоспар 2021-2025 жылдар аралығында орындалуы тиіс деп қарастырылған-ды. Әрине, 4 триллионы үкімет тарапынан, қалғаны жергілікті бюджеттің есебінен.

Менің түсінгенімше, алдағы уақытта аймақтық деңгейде, министрлік деңгейінде жүзеге асырылады деп есептелінген. Кәріздерді, арықтарды тазалау, жаңарту, құбырларды жаңарту, ауыз сумен қамтамасыз ету көзделді. Еl.kz:  Тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесі кейбір аймақтарда, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан қалаларда жақсы жолға қойылса, кейбір аймақтарда кенжелеп тұр. Бұл әкімдердің жұмысына байланысты ма, әлде облыс экономикасының мүмкіндіктеріне ме?

Мақсат Жақау: Әрине, бұрындары да «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» секілді осыған ұқсас түрлі бағдарламалар болды. Мұны осы бағдарламалардың жиынтығы, жүйелі, жинақы түрі ретінде  қарастыруға болады.

Әрине, жүзеге асырылып жатқан дүние көп болуы да мүмкін. Бірақ былтырғы жылу электр стансалары істен шықты. Оларды тексере келе, оның 70-80 пайызы жаңартуды, құбырларды қайта тартуды талап етіп отырғаны белгілі. Осыны ескерсек, жоспарланған 7,5 триллионның өзі жетпейтіні көрініп тұр. Жылы электр стансаларының 1 шақырым болатын құбырын ауыстыру үшін шамамен 350 миллиард теңге қажет екен. Ал біз он шақты мың шақырым құбырды ауыстыру туралы сөз етіп отырмыз.

Бағдарламаның нәтижелері үкіметтің есептерінде айтылып жатады. Өмірде жыл сайын асфальт жол ауыстырылып, қарықтар жаңартылып жатыр. Бұл науқаншылдықты ұлттық жобаға негіздеу болып шықпаса екен деген күдігім бар.

Еl.kz: Базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бағдарламада нақты көрсетілген. Өңірлерде оң өзгерістерді байқай алдыңыз ба?

Мақсат Жақау: Қолжетімділікті қамтамасыз ету дегеніміз – қызметтерді елге қол жетімді ету, жаңалану. Жаңалану қалаларда ғана емес, аудандық деңгейде де жүзеге асырылуы тиіс. Көшелерді жарықпен, су ағатын арықтармен қамтамасыз ету, таза ауыз сумен қамтамамыз ету – кезек күттірмейтін іс.

Мұның бәрі – инфрақұрылымды күшейту деген сөз. Аймақтың деңгейде өзгерістер бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Жаңаланып, жаңғырып жатқан дүниелер аз емес. Осының айналасындағы жемқорлық мәселесі де қолға алынуы қажет. Әрине, соңғы екі жыл ішінде жемқорлыққа жол берген шенеуніктер көп ұсталып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күн тәртібінен түспей келеді.

Баспанамен қамту мәселесінде де мемлекеттік бағдарламаларды сүзгіден өткізіп, қайта жасау қажет. Әсіресе, аймақтық бағдарламаларға ерекше назар аударған жөн. Мен білетін аймақтық бағдарламалар сәтті қолға алынып жатыр. Мысалы, Алматыдағы жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы бар. Қызылордада «Сыр жастары» атты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жергілікті жердегі кең мүмкіндікті қамтып отыр. Мұның бәрі осы ұлттық жобамен үндес. Сондықтан нәтиже жоқ деп айта алмаймыз. Оны уақыт көрсетіп те жатыр.

Күзгі, қыстық науқандардың қаншалықты нәтижелі болып жатқанын көріп жүрміз. Қазір қалаларда арықтар салу, асфальттарды жөндеу, құбырларды жаңарту жұмыстары басталып кетті. Республикалық, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінгендіктен, халықтың талабы мен сұранысына қарай жүзеге асып жатыр деп айтуымызға болады.

Еl.kz: Сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру көзделіп отыр. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың ЖӨӨ-сін жыл сайын 3,9 %-ға ұлғайту, транзиттік жүк легін 22,7-ден 30 млн тоннаға дейін ұлғайту межеленген. Бұған қол жеткізілді ме?

Мақсат Жақау: Бұл жерде бір нәрсені баса айта кету керек. Бізде автобандар қалыптасты. Қалааралық трассалардың жолы жақсарды. Дейтұрғынмен, кейбір облыстарда екі жолақты жолдармен шектеліп отыр. Бұл мәселені шешу – өте өзекті. Өйткені, апатты жағдайлар өте көп.

Жаңа облыстардың құрылуына байланысты жаңа трассалардың салынуы тиіс. Мәселен, Қызыорда – Жезқазған трассасы. Немесе Қостанай-Астана бағытындағы екі жолақты жолды жаңарту туралы ұсыныс бар.

Қолға алынған, бірақ әлі толық нәтиже бермеген Балқаш пен Қарағанды арасындағы, Абай облысы мен Жетісу облысы арасындағы, Алакөлдің айналасындағы қалааралық трассалар көпжолақты болып салынса, көліктік-транзиттік әлеуетті күшейтер еді. Және жол көлік апаттарының санын азайтуға үлес қосар еді.

Еl.kz: ДЭФ Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша 62-ден 49-ға дейін, Дүниежүзілік банк рейтингінде «Логистика тиімділігі» көрсеткіші (LPI) бойынша 71-ден 50-ге дейін жақсарады, 491,1 мың жұмыс орнын ашылады делінген еді. Бұл жағы қалай болып жатыр? Үдеден шыға алдық па?

Мақсат Жақау: Еліміз логистикалық, көлік хабына айналып отыр. Қытайдан Ресейге немесе Орталық Азия елдерінен Ресейге қарай жүретін тауарлар саны елеулі түрде көбейді. Осы логистикалық жол тораптарының кеңейту, сапасын жақсарту – күн тәртібіне қойылған мәселе.

Бұл жайт – геоэкономикалық тұрғыдан да өзекті. Логистика – табыс табу тұрғысынан әлемдік бестікке кіретін қызмет көрсетудің бір түрі. Мәселен, Бельгия ештеңе өндірмесе де, логистика арқылы Еуропадағы ірі хаб ретінде шаш етектен пайда көріп отыр. Бюджетін қаржыға лық толтырып жатыр.

Қазақстанның, атап айтқанда, Еуразия кіндігінде орналасқан, Астана, Орталық Қазақстан өңірлері көліктік-транзиттік мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып, кәдеге жаратуға жол ашылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жөнінде Санк-Петерборда өткен экономикалық форумда да айтып өтті.  Кешегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген жиынында да осы мәселеге баса назар аударды. ШЫҰ аясындағы жаңа Жібек жолындағы  «бір жол – бір белдеу» көлік-логистикалық тораптың маңызы, болашағы өте зор.

Аталған ұлттық жобаның аясында осы мәселелерді екі-үш жылдың ішінде тез аяқтап тастауға мүмкіндік бар. Өйткені, табыс табу – уақыт күттірмейтін мәселе.

Еl.kz: Бұл жобаны іске асыру үшін 2021 – 2025 жылдарға 7,5 триллион теңге, бюджеттен тыс тағы да 2,7 триллион жұмсалатыны мәлім. Нәтижеге қол жеткізуге қаражат жеткілікті ме?

Мақсат Жақау: 7,5 триллион теңге – өте қомақты қаражат. Бірақ бұл сол кездегі бағамен көрсетілген. Қазіргі кезде нарықта қымбатшылық бар. Әрине, бұл қаражаттың жартысы игеріліп үлгерді. Мұны кейбір көрсеткіштерден байқауға болады. Мысалы, 2022 жылы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 1,8 триллион теңге жұмсау жоспарланған екен. Соның 709 миллиард теңгесі инвестиция, яғни бюджеттен тыс қаражат қарастырылған. Былтырғы көрсеткіш бойынша, ұлттық жоба қаражатының 30 пайызы игерілген. Қаржыны дер кезінде игеру ұлттық жобаның сәтті жүзеге асуына ықпалын тигізеді.

Еl.kz: Өңірлерді дамыту бағдарламасына жауапты – министрліктер, әкімдіктер мен ұлттық компаниялар. Жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

Мақсат Жақау: Өңірлерді дамыту бойынша жауапкершілік тікелей үкіметтің мойнында. Екінші жергілікті менеджерлердің, әкімшіліктің мойнында. Және жобаға тартылған компаниялар да бар. Ұлттық жоба немесе белгілі бір бағдарлама жүзеге аспай қалса, жауапты шенеуніктерді орнынан алып, есекке теріс мінгізіп жатқанын көріп отырғанымыз жоқ. Әзірге. Сондықтан бұған дейін ешқандай министр немесе әкім жеке жауапкершілік алған емес. Бұл өкінішті жайт.

Жауапкершілік арқалаған тұлғалардан есеп алу, оларды жауапкершілікке тарту әрекеті бәсең болып келді. Президент Астана қаласының басшыларымен үкімет отырысында кездескен кезде  осы мәселені көтерді. Мойнына жауапкершілік алған тұлғаны жұмыс орындалмаған жағдайда әкімшілік жазаға тартуды ұсынды.

Күздегі науқанда да Премьер-Министр Әлихан Смайловтың айтқан сөзі бар. Оған сенсек, министрлерге және аймақ басшыларына берілген тапсырма жүзеге аспаса, жеке жауапкершілікке тартылмақ. Жауапкершілік мәселесі әрбір шенеуніктің жадында жүрсе, нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі артады.

Өңірлерді дамыту бағдарламаларында да жеке жауапкершілік қарастырылғаны жөн. Сонда ғана нәтиже болады. Орнынан ауысып кеткен жағдайда да, экс-шенеуніктерді жауапқа тартуды қарастыру қажет. Меніңше, ешкім сұраусыз кетпеуі тиіс.

Еl.kz: Қазақстан өте үлкен. Сондықтан өңірлерінің экономикалық бағыттары да әртүрлі. Батыста мұнай саласы, оңтүстік пен солтүстікте аграрлық сала, шығыста өнеркәсіп біршама тәуір дамыған. Десе де, өңірлердегі түрлі салалар қызметін қалай дамытуға болады?

Мақсат Жақау:  Аймақтанушы ретінде айтарым: рас, әр өңірдің өзінің даму ерекшеліктері бар. Аграрлық, тау-кен немесе өндірістік мүмкіндіктері, шикізат қорлары, фаунасы мен флорасы де жіті қарастырылады. Мәселен, Жетісу, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының дамуын бірдей қарастыруға әсте болмайды. Даму көрсеткіштерінің рейтингін қарасақ та, Жетісу өңірінде орналасқан облыстардың рейтингін жоғары деп те бағалауға болмайды. Өйткені, әр аймақтың өзінің даму және проблематикалық ерекшелігі бар. Сондықтан бұл өңірлердегі салалық даму қызметтерін бөлек қарастыру қажет.

Еl.kz: Басқа өңірлердің дамуын Алматы және Астананың деңгейіне жеткізуге не кедергі? 

Мақсат Жақау: Бұл жерде жаңалық ашудың қажеті шамалы. Десе де, шикізат қоры бар аймақтарда кластерлік идеяны жандандыру керек. Қазір Батыспен немесе Қытаймен тиімді халықаралық келісімдер қарастырылған. Осы келісімдердің негізінде шикізатқа бай аймақтарда өндірісті дамыту ауадай қажет. Зауыттар, цехтар, манифактуралық өндірістер ашылса, кластерлік идея жүзеге асады. Бір ғана мұнайдан 15-20 өнім шығаруға болады.

Өкінішке қарай, мұндай зауыттар әлі күнге дейін салынбай жатыр. Бұл аймақтардың дамуына тың серпін берер еді. Қытай инвестициясының арқасында сақалды бағдарламалардың жүзеге асқанына талай куә болып жүрміз. Мәселен, Қызылордада шыны зауытын салу үшін құм керек. Ол жақта бұл материал қат емес. Осы бір ғана зауыттың төңірегінде қаншама шенеунік жемқорлық үшін ұсталды. Бөлінген миллиардтар қолды болып кетті. Осы уақыт аралығында төрт әкім ауысып үлгерді. Шетелдік инвестицияның арқасында шыны зауытының құрылысы әупірімдеп аяқталды.

Нарықтық талаптарға, ерекшеліктеріне сәйкес, әр аймақтың даму өндірістік күштері қалыптасуы тиіс. Мәселен, Астана мен Алматының қаржы орталығы, логистикалық бағыттары бар. Осы секілді әр аймақтың даму бағыттары айқындалып, мүмкіндіктері іске асырылуы қажет.

Еl.kz:  Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға