Франция құрамасы мен мадридтік «Реалдың» жұлдызы Килиан Мбаппе Қытайдың бұрынғы көшбасшысы Мао Цзэдун туралы айтылған мемге қатысты пікірлерінен туындаған жанжалдан кейін Қытай Халық Республикасының жанкүйерлерінен ресми түрде кешірім сұрады.
Футболшы X әлеуметтік желісінде француз және қытай тілдерінде мәлімдеме жариялады.
Жақында берген сұхбатымда мен белгілі бір бейнеде көрсетілген өз суретім туралы пікір білдірдім. Сөздерім сәтсіз шықты. Енді олардың Қытайдағы көптеген адамның және бүкіл әлемдегі қытай диаспорасы өкілдерінің көңіліне тигенін түсіндім. Сөздеріммен ренжітіп алған адамдардың барлығынан кешірім сұраймын. Ешкімді ренжіту ниетім болған жоқ. Қытай халқына және оның тарихына терең құрметпен қараймын. Шын жүректен өкінемін, — деп жазды Мбаппе.
Айта кетейік, оқиға Мбаппенің The Bridge шоуына берген сұхбаты эфирге шыққаннан кейін басталды. Әңгіме барысында футболшы түрлі сұрақтарға әзілмен жауап берген.
Сұрақтардың бірі: «Сені ең қатты күлдірген мем қайсы?» болды.
Мбаппе өзінің бет-бейнесі басқа адамның портретіне қойылған мемге қатты күлгенін айтты. Оның сөзінше, суретте «әлдебір жігіт – қытайлық диктатор сияқты» адам бейнеленген. Алайда футболшы Мао Цзэдунның есімін тікелей атамаған.
Мао Цзэдун – Қытай Коммунистік партиясының жетекшісі әрі Қытай Халық Республикасының негізін қалаушылардың бірі. Қытайда оны мемлекеттің негізін қалаушы тұлға ретінде құрметтейді, ал оның бейнесі қоғам үшін ерекше маңызға ие.
Мбаппе бірнеше серіктестік келісімшартынан айырылды
Қытайда футболшының сұхбаты наразылық тудырды. AFP агенттігі Қытайдың ең ірі әлеуметтік желілерінің бірі Weibo платформасынан мынадай пікірді анықтаған:
Егер мұнда бизнес жүргізгің келсе, алдымен бізді құрметтеуді үйрен.
Спортшының демеушілері де наразылық білдірді. Сейсенбі күні олардың үшеуі, атап айтқанда сусын өндіруші Dongpeng, сүт өнімдерін өндіруші Mengniu және ірімшік өндіретін Milkground компаниясы Мбаппемен жасалған жарнамалық келісімшарттарды дереу тоқтататынын жариялады.
Dongpeng компаниясының мәлімдемесінде:
Біздің компания ұлттық сезімді қорлайтын кез келген әрекетке мүлдем төзбеу саясатын қатаң ұстанады, – делінген.
Ал Mengniu компаниясы:
Біз Килиан Мбаппемен ынтымақтастықтың барлық түрін дереу тоқтатамыз, – деп мәлімдеді.
Қытай Сыртқы істер министрлігі де бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Министрлік өкілдері «Қытай халқының сезіміне тиетін сөздер Қытай қоғамының барлық топтарының қарсылығын тудырмай қоймайды» деп атап өтті.
Қытай Испания чемпионатының матчтарын көрсетуді тоқтатты
Қытайдың орталық телеарнасы Мбаппе қатысатын Испания чемпионатының матчтарын көрсетуді уақытша тоқтатты.
Өз кезегінде Испанияның Ла Лига президенті Хавьер Тебас әлеуметтік желілерде мәлімдеме жариялап, Қытайдан кешірім сұрады.
Килиан Мбаппенің Қытайда жағымсыз сезім мен реніш тудырған сөздеріне қатты өкінеміз. Бұл жағдайдың қандай зиян келтіргенін түсінеміз. Біз қалыптасқан жағдайды реттеу үшін барлық мүмкін шараны қабылдап, Қытайдағы серіктестерімізбен және әріптестерімізбен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Қытайға, оның халқына және мемлекеттік мекемелеріне деген құрметіміз өзгермейді. Көптеген жыл бойы қалыптасқан қарым-қатынастарды бір ғана оқиға бұза алмайды, – деп атап өтті Ла Лига басшысы.
Бұл жанжал футболшының Қытайдағы миллиондаған жанкүйерінен айырылуына әкелуі мүмкін. Бұған дейін «Реал» шабуылшысы бұл елде өте танымал болған.
Қытайлық жанкүйерлер Мбаппені «Гуйгуй» (тасбақа) деп еркелетіп атаған. Бұған оның «Ниндзя тасбақалары» мультсериалындағы Донателло кейіпкеріне ұқсастығы себеп болған.
Соңғы әлем чемпионаты кезінде Қытай көрермендеріне Франция құрамасының капитаны Dongpeng бренді шығарған энергетикалық сусынды ішіп отырған жарнама жиі көрсетілген.